Париж аспанын әнімен әуелеткен атақты Әміре Қашаубаев туралы түсірілген «Әміре» фильмі жарыққа шықты.
Америкалықтар мен қазақстандықтардың бірігіп түсірген киноның режиссеры Джефф Веспе және басты рөлдерді сомдаған Санжар Мәдиев пен Еркебұлан Дайыров «Түнгі студия» бағдарламасында қонақта болды.
«Түсірілім жұмыстары үшін қала сыртына шықтық. Сол кезде қазақ даласының сұлулығын көрдім, алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын»,- деп сөзін бастаған Джефф Веспе фильмде басты рөлді сомдаған Санжар Мәдиевті қалай таңдағанын айтып берді.
«Маған америкалық продюсер келіп ұсыныс жасады. Мен басында Әміре туралы ақпаратты іздей бастадым. Жақсы дүние шығару үшін Қазақстанға келіп, тақырыпты терең зерттеу керек екенін түсіндім. Өйткені Америкада жүріп, қазақтың жанын түсіне алмас едім. Сондықтан осында келдім.
Негізі бұл жаққа келмей тұрып-ақ кастинг жобалары келе бастады, Санжарды сол жазбалардың бірінен көрдім. Ол кезде сценарий жазылмаған-ды. Сондықтан кастингке келушілер «Kramer versus Kramer» үзінділер оқыды.
Мен қазақстандықтардың Санжар Мәдиевті танитынын білдім, ал америкалық аудитория үшін ең бастысы - сымбаттылық.
Кейін Санжардың видеосын әйеліме көрсеттім. Өйткені жұрттың оны сымбатты деп санауы маңызды болды. Ал менің әйелім болса: «Бұл жігіт сымбатты екен» деп бірден айтты. Сондықтан мен Санжарды таңдадым»,-дейді режиссер.
Ал Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың рөлін сомдаған Еркебұлан Дайыров кино туралы өз ойын білдірді: «Бұл киноның түсірілу стилі өзгеше. Сынға ілінуі де мүмкін. Уақыт өте келе өз бағасын алуы да мүмкін. Бәріне уақыт куәгер болады. Тарихи тұлғаларды сомдау әрқашан да қиын».