Қазақстанның киелі жерлер географиясына енген нысандарды халық арасында кеңінен насихаттау жұмыстары басталды. Көкшетауда «Ескерткіш-көненің көзі, тарихтың өзі» атты іс-шара өтті. Қаладағы сауда орындарының бірінде ұйымдастырылған шараға шаһар тұрғындары мен қонақтары қатысты. Оның аясында сұрақ-жауап, кітаптар мен ақпараттық бұрыштар арқылы көпшілікке Ақмола облысындағы киелі нысандар туралы ақпарат берілді. Өңірдің 10 орны республикалық географиялық картаға енген. Олардың барлығында бүгінде QR-кодтар орнатылған. Бұл жаңашылдық нысан туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Киелі жерлер қатарына алынған нысандар мен орындарды кеңінен таныстыру жұмыстары жалғасын таппақ.
Анар Екімбаева, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының бөлім жетекшісі:
- Жалпыұлттық 100 нысан, одан кейін жергілікті 500 нысан болып кітап шықты. Оның аясында Ақмола облысынан 43 нысан тізімге алынып отыр. Бүгінгі өтіп жатқан шараның негізгі мақсаты сол нысандарды халық арасында насихаттау. Осындай форматта алғаш өтіп тұр. Өте қуанарлық іс.
Ермек ЕЛБЕРГЕН