Павлодарда Ақбалық хазіретке кесене салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда Ақбалық хазіретке кесене салынды

31.08.2018

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тағы бір жаңа нысанмен толықты. Павлодар облысы Май ауданы Ақшиман ауылдық округінде ел арасында Ақбалық Хазірет атанған Әбділдә Бытыұлының кесенесі бой көтерді. Ол 1830 жылдары Ислам дінін уағыздаушы, танымал ұстаз ретінде танылған. Хазірет атағы Мекке мен Мәдинада білім алғаннан кейін берілген.

Аймақтағы киелі орындар ретінде қарастырылған жерлердің 80 пайызы қырдағы далада. Бұл туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Ташкент пен Бұхарада дін танып, астрономия, география, тарих сынды 12 пәнді меңгерген Ақбалық хазіреттің басына тәу етіп барушылар Кеңес заманында да толастаған емес. Ұлағатты ұстаз мешіт-медресе салып, шәкірт тәрбиеледі. Адамдарды емдеді.

Бәрит Арынов, Ақбалық хазіреттің шөбересі:

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы кесене ашылып отыр. Барлығына рахмет айтамыз.

Ақбалық хазірет кесенесі іріктеуден кейін ғылыми негізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енді. Алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ел аузында айтылып жүрген аңызға бергісіз әнгімелер жинақталып, тарихшылардың талдауынан өтті. Ал, кесенені салуды аудан халқы бір кісідей жұмыла көтерді.

Алтынбек Байғалиев, Ақбалық хазірет кесенесі жобасының авторы:

 - Әр ауылдан азаматтар асарлатып, екі қатардан қалап, бір айдың ішінде тұрғызды.

Кесененің биіктігі 11 метр. Жаңыбыр бен аңызақ желге шыдамды материалдан салынған. Түсі ақ. Себебі, хазірет бордай ақ адам болған. Бойындағы осы бір ерекшелігіне орай, халық «Ақбалық» атап кеткен. Тағы бір деректерге қарағанда, Абай Құнанбаевпен бірге ағартушылық бағыттағы еңбектер жазған.

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу