«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шалғайдағы қарт Торғайдың да еңсесін тіктеп, қайта түлеуіне себепші болды. Ұлттың ұясына айналған елді мекен бүгінде Қостанай облысындағы Жанкелдин ауданының орталығы. Биыл осы жерден түлеп ұшқан азаматтар қаржы жинап, көшелерді абаттандырды, сәулет - құрылыс нысандарын салды. Жергілікті билік жуырда игі іске үлес қосқан азаматтардың басын қосып, ауданның тоқсан жылдық тойын дүркіретіп атап өтті.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
-Теңіз жолы түгілі, теміржолы жоқ Торғайды сыртқы әлеммен байланыстырып тұрған жалғыз тін осы. Арқалық-Торғай тас жолы. 50 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген жолдың биыл 50 шақырымы тегістеліп, бетіне қамшы сабындай асфальт төселді. Мұның бәрі облыс бюджеті есебінен атқарылған жұмыс. Ал кіреберістегі - Торғайдың келбетіндей мына жаңа қақпа тұрғындар қаржысына тұрғызылған.
Торғайдағы той да осы қақпаның ашылу рәсімінен басталды. Нысанды салуға 3 млн. 150 мың теңге жұмсалған. Қаржы жинап, құрылысын жүргізген 1991 жылы туған тәуелсіздік құрдастары. Осы өңірдің перзенттері сәуір айында туған жерде бас қосып, бастама көтеріпті. Жөнделетін нысандарды белгілеп, оны әр жылғы түлектерге бекітіп берген.
Айбат Қабажаев, Торғай өңірінің тумасы:
-Сол кезде елдің жастары осындай бастаманы күтіп отыр екен. Бәрі де қолдап, әрі қарай іліп әкетті. Соның арқасында 12-13 нысан аяқталып, бүгін міне Торғай жаңарып, көркейіп тұр.
Орталық алаңдағы мәдени іс-шаралар өтетін сахна да қайта жаңғыртылған. Қос қапталы кірпішпен өріліп, жарық орнатылды. Субұрқақ қалпына келтіріліп, саябақ қоршалды. Барлық жұмысқа 50 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Талғат Әмірхамзин, Торғай өңірінің тумасы:
-«Туған жерге туыңды тік» демекші, рухани жаңғыру, елге деген сүйіспеншілік – бұл өте маңызды. Бұл іс-шараның бәрі халықтың рухын көтеріп тастады.
Ауданның 90 жылдық тойы осы атқарылған істің нәтижесін саралау сынды болды. Келешекке жоспар, жоба белгіленді.
Яғни, биылғы атқарылған жұмыс үлкен істің бастамасы ғана. Алдағы міндет - Торғайға инвестиция тарту, өңдеу, өндіріс саласын жандандыру.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.