Зейнетақы 9 пайызға өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетақы 9 пайызға өсті

12.01.2014
Зейнетақы 9 пайызға өсті
Жылқы жылының бір жаңалығы - қаңтардың бірінен бастап, зейнетақы 9 пайызға өсті. Сондай-ақ, мүгедек жандардың, асыраушысынан айырылғандардың және жаңа туған балалардың жәрдемақылары да артты.
 
Алайда, өрекпіген көңіл су сепкендей тыншыды. Әдет қой. Монополист компаниялардың бірі тарифті көтеруге емеурін танытса болды, екіншісі ауыз жаласқандай іліп әкетеді.
 
Биыл да су мен жарықтың бағасы, жылу ақысы өсті, кей облыста қоғамдық көліктердің қызметі қымбаттады. Теміржол құны да солай, шеңгелін батыра түсті.
 
Бұл қымбаттаудың себебін сұрай қалсаң, «Қазақстан темір жолы» обалы не керек, тартынбайды. Өздерінің уәждерін ерінбей айтып, ежіктеп түсіндіруге даяр. Сол баяғы құлағымызға әбден сіңісті болған жауыр жауаптар ғой.
 
Бұрынғыдай жұмыс сапасын арттыру үшін, вагондарды жөндеу үшін ақша қажет. Ресми мәлімет бойынша былтырлары Қазақстанда 20 миллионға жуық жолаушы пойызбен сапарлаған. Сонда тарифті өсірмей-ақ, сол 20 миллион жолаушыдан түскен қаржымен жыртықты жамауға болмас па еді. Қош.
 
Бір қызығы, зейнетақы 9 пайызға өскені сол еді, электр қуатының бағасы да 9 пайызға өсті. Не деген сәйкестік? Олар да «шығынымыз көп» деп күмілжи жауап берген.
 
Әйтеуір, қайда барсаң, қымбатшылық жағаңа жармасады, аяғыңды тұсайды.
 
Қос қария Мәлтай мен Нұрғанипа шөбересінің балдай тәтті қылығына бір тоймайды, күн ұзақ Асылды айналып-толғанып отырғаны. Екеуі 57 жыл бірге. Балалары жетілді, немере көрді, шөбере де сүйді. Екеуі де 40 жыл мал шаруашылығында бел жазбай еңбек етті, қазір сол бейнетінің зейнетін көріп отыр. Биыл да зейнетақының өскенін естіп, қуанып қалды.
 
Мәлтай Алшынбаев, зейнеткер:
Ел экономикасы өспесе көтермейді ғой. Халықтың әл-ауқаты жақсарды.
 
Нұрғанипа Алшынбаева, зейнеткер:
Кім ақшаны жақсы көрмейді, барлығы да жақсы көреді. Осы бергеніне рахмет айтамыз. Осыған да шүкір. Зейнетақы алмаған күндер де болған. Әке-шешеміз оның не екенін білмей кетті ғой.
 
Елімізде қазір 1 миллион 800 мың 56 зейнеткер бар. 1-ші қаңтардан бастап еңбек зейнетақысы 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға көтерілді. Жалпы, біздің зейнеткерлер үшін бұл таңсық жаңалық емес. 2009 бен 2012 жылдары, яғни дағдарыс жылдары зейнетақыға 25-30 пайызға дейін үстеме қосылса, соңғы екі жылда (2013-2014) 9 пайызға көбейді. 
 
Гүлнәр Тоқсейітова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасының орынбасары:
Тек қана зейнетақының мөлшері ғана арттырылып жатқан жоқ, бүкіл бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдердің барлығының жәрдемақылары 7 пайызға көбейді.
 
Осыған дейін жаңа туған сәбиге мемлекет бір реттік көмек ретінде 51 мың теңге төлейтін, енді бұл сома 55 мың 500 теңге болды.
 
Гүлнәр Тоқсейітова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасының орынбасары:
Егер де бұрын төртінші бала дүниеге келсе, бесінші, алтыншы бала... Ол кісілерге 86 мың теңге төлейтін, қазір 92 мың 500 теңге төлейді. Бала күтіміне қатысты төлемдер 1000-1500 теңгеге дейін көтерілді.
 
Дүйсекеевтер отбасы жаңа Жылқы жылын жағымды жаңалықпен қарсы алды. Жас, әрі көп балалы отбасы жақында баспаналы болмақ. Ал, отанасы Раушан бала күтіміне қатысты төленетін мемлекеттік жәрдемақының өскеніне дән риза. 
 
Раушан Жамалдинқызы, көпбалалы ана: 
Бұл - қуантарлықтай жаңалық. Ол да артық етпейді. Әр баланың өз несібесі бар. Алып жатқан ақшамды балаларымның киіміне, тамағына жаратамын.
 
Раушан 28-ге енді толады, 5 баланың анасы. 2008 жылы Астанаға көшіп келген жас отбасыны ешқандай қиындық мойыта алмады. Раушан күміс алқа, тіпті алтын алқадан да дәмелі. Бала күтіміне қатысты мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақылар өссе, демографиялық ахуал жақсара түсер еді дейді көпбалалы ана.
 
Раушан Жамалдинқызы, көпбалалы ана: 
Жылдан-жылға осылай ақша көбейіп жатса, біздің жастарымыздың туу көрсеткіші жақсара түседі, деп ойлаймын. Себі тиеді ғой.
 
Әр жылдың басынды бірқатар қызмет түрлерінің қымбаттайтыны қазақстандықтар үшін қалыпты жағдайға айналған. Биыл теміржол жолаушылар тасымалының құны тағы да көтерілді, бірден 7 пайызға. Айта кетейік, соңғы жеті жылда теміржол тасымалы 75 пайызға көтеріліпті. Мамандар, саланың шығынан жабу үшін, билеттің құнын қымбаттатуға мәжбүрміз, дейді.
 
Аян Шалмағанбетов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басқарма басшысы: 
Бұл тариф көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасына орай шығынды азайту мақсатында белгіленді. Жүрдек жолаушы пойыздарының қозғалысын ұйымдастыруға, теміржолдарды жөндеуге көп көңіл бөлінбек. Жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қарқын алатын болады.
 
Бұл, бұл ма еліміздің барлық аймақтарында коммуналдық қызмет түрлері көтеріліп шыға келді. Жылу, жарық, су тарифтері бірнеше пайыз өсті. Астанада 1 қаңтардан бастап электр энергиясы 8,29 пайызға қымбаттады. Бұрын астаналықтар жарықтың 1 килловаты үшін сағатына 11,7 төлеп келсе, енді 12,67 тиын төлейтін болады.
 
Жарық тек елордада ғана қымбаттаған жоқ, Оңтүстік Қазақстанда электр энергиясының құны 1 қаңтардан бастап, жеке тұлғаларға - 5, заңды тұлғаларға - 11, 4 пайызға өссе, Алматы және Алматы облысында 6,8 пайызға, Шығыс Қазақстанда 6,3 пайызға, Ақтөбеде - 2,3 пайызға, Павлодарда 7, Қостанайда 10 пайызға  қымбаттады.
 
Алтынай Байсарина, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары:
Жеке тұлғаларға 14 теңге 39 тиыннан, 15 теңге 37 тиынға өсті. Бұл дегеніміз 7 пайыз.
 
Павлодарда жылу 11 пайызға, Алматы мен Алматы облысында 3,4 пайызға өссе. Оңтүстік Қазақстанда су 10 пайызға қымбаттады. Ал, Қарағанды қаласының жұртшылығы қоғамдық көлікте жүру құнының бірден 80 теңгеге өскеніне наразылық білдіріп жатыр.
 
Айтқожа Фазылов, қала тұрғыны:
Еқшандай аудит жүргізілген жоқ. Бұл қалалық әкімдіктің, қалалық мәслихаттың халыққа қарсы істеген жұмысы.
 
Мейрам Смағұлов, қала әкімі:
Студенттік жолақы билетін қараймыз дегенбіз, көреміз оны. Одан басқа жеңілдік жоқ. Шешім шықты. Шешім осылай қалды.
 
Қымбат жол ақысы Қарағандыдан жылжып, Өскемен асуы да бек мүмін. Бұл өңірде де қоғамдық көлікте жүру құны 80-ге көтеріледі, деген сөз бар. Автобус паркінің иелері 80-ге көтермесе, шығынымызды жаба алмай, берешекке белшемізден батамыз десе, тұрғындар мұндай қымбатшылықты қалтамыз көтермейді, деп мұң шағады.
 
Қала тұрғыны:
80 теңгені қалай төлейміз. Дәрі аламыз, бұл дұрыс емес, негізі.
 
Қала тұрғыны:
Бұған бір де бір адам келіспейді.
 
1-ші қаңтармен бірге келген тариф жаңалығы осы. Жыл ауысса баға семіреді, қалтаны кеміреді. Дегенмен, өсім бар. Қазақтың экономикасы Жылан жылынан 6 пайыз өсіммен аттады.

Хабарламаларға жазылу