«Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»

19.01.2014
«Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»

Күндердің төресі – жұма. Қазақ үшін қадір-қасиеті бөлек. Дәл осы жұмада мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауын жариялады. Саусақ бүгіп санасақ, осымен 18-ші Жолдау.

 
Былтыр Қазақ елінің алдағы отыз бес жылға даму бағыты сүзіліп, түзіліп, хатталып еді. Жадымызға жатталып еді. Қайсы десеңіз, темірқазықтай жөн сілтеген «Қазақстан-2050» стратегиясын айтып отырмыз.
 
Жылқы жылындағы жаңа Жолдау биыл тұңғыш рет Тәуелсіздік Сарайында өтті. Онда сол стратегияда нақтыланған меже-міндеттерді мінсіз іске асыру үшін қажет шаралар пысықталды.
 
Бүгін-ертең атқарылатын ауқымды шаруалардың жай-жапсары айтылды. Жұрт күткен биылғы Жолдаудың ерекшелігі неде болды?
 
Еркін Таңатқанұлы, тілші:
Бұл жолғы ұран - «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!». Мұрат - қазақтың елін озық отыздың ортасына қосу. Ол отызға қосылдың деп бізге өзгенің бәйге бермесі анық, ол меже өз қамымыз. Президент сол биікке жету жолындағы жұмыстарды жүйелеп берді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең басты мақсат - елімізді дамыған 30 елдің арасына енгізу. Ол - мәңгілік Қазақстан жобасы.
 
Бұрынғыдан артылған сөз бар ма?, «Дүние тұрғанша тұрсын...» деп бата тілепті баба қазақ риза болған кісісіне. «Мәңгілік ел» идеясы да сол. Бірақ қалау құр тілектен орындала салса, қане. Жүйе, жоспар, бағдар керек. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімді жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» стратегиясы барлық саланы қамтитын және үздік өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы деп білу керек.
 
Еңбек деді елдің басшысы, еңбек бәрін жеңбек. «Алма піс, аузыма түс»,-дейтін заман жоқ. Болмаған, болмайды да. Мемлекеттің міндеті тер төгемін, теңге табамын деген кісіге кешенді жағдай жасау.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Көптеген болжамдар бойынша, алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ. Бұл кезеңде сыртқы ортаның қолайлылығы, ресурстарға, энергияға және азық-түлікке сұраныстың артуы, Үшінші индустриялық төңкерістің пісіп-жетілуі сақталады. Біз бұл кезеңді пайдалана білуге тиіспіз.
 
Осы кезеңді қалай пайдаланбақпыз? Әңгіменің төркіні сол. Жаһанда жалпы ішкі өнімінің 60 пайызын алып жатқан 34 ел бар. Экономикалық ынтымақтастық және даму деген ұйымның сайыпқырандары. Сол отыздың санатына ұмтылып тағы алтау тұр - Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы.
 
Ұйымға мүше елдер терең жаңғыру жолынан өтті, инвестиция тартты, еңбекті өнімді етті, шағын және орта бизнесті дамытты, жұртының жағдайын жоғары деңгейге жеткізді. Қазақтың да көздегені сол.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Экономикада ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 4 пайыздан кем қылмау жоспарлануда. Инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл ішкі жалпы өнім көлемінің 30 пайызына дейін ұлғайту керек. Экономиканың ғылыми қамтымды моделін енгізу Қазақстанның экспорттық әлеуетіндегі шикізаттық емес өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру мақсатын көздейді.
 
Ғылым, ғылымсыз жоқ күнің. Президент жалпы ішкі өнімнің кемі 3 пайызын ғылымға бөлуді тапсырды. Өйткені, экономикаң жоғары технологияларға иек артсын десең, ғылым керек. 2050-шы жылға қарай жаңағы ішкі өнімнің 50 пайызын шағын және орта бизнес өндіруі тиіс. Қазір - 20. Еңбек өнімділігін 5 есе арттыру керек. Қазір 24 мың 500 доллар болса, енді отыз бес жылда 126 мың долларға жетуі тиіс.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе - 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі. Қазақстанның қалалары мен елді мекендерін сапалы жолдар мен көліктің барлық түрінің жүрдек бағыттары байланыстырады.
 
Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және жайлы елдің біріне айналуға тиіс. Бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі дегеніміз - дамыған елдің негізі,-деді Президент.
 
Түпкі меже қазір - қағазда. Қазақ ертегіде өзі айтқандай айшылық күнді алты аттайтын желаяқ емес. 2050-ге дейін отыз алты жыл тұр. Президент ертеңгі мақсат үшін бүгін істелер жұмыстарды түгендеді. Негізгі күш - индустрия.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу маңызды. Мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Бұл бағдарламаның бірінші бес жылдығы биыл аяқталады.
 
Индустрия - қазақ экономикасының болашағы. Төрт жылы тәмам болды, бесіншісі басталды. Біз дәл осы жерден сәл дамыл алып, өткен төрт жылды түгендейік.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ
 

Хабарламаларға жазылу