Елбасы Давос форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Давос форумына қатысты

26.01.2014
Елбасы Давос форумына қатысты
Дағдарыс десе, әлжуаз елдер түгілі, үзеңгі бауы алты қабат марқасқа мемлекеттердің өзі абыржитын болды. Батыс елдерін бүгінге дейін бірер мәрте бүріп үлгерген бұл дағдарыстың қой көрген қасқырдай қайта шабуы да мүмкін.
 
Сондықтан, алда тағы да қиындықтар болуы мүмкін екенін меңзеген біздің Президент осы аптада Швейцарияға барды, Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысты. Ол форумға әлем барады. Қазақ Президенті дәстүрлі Давос форумына қатысып қана қойған жоқ, бірнеше адаммен кездесті.
 
Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы сауда көлемі 50 миллиард АҚШ долларына тең. Екі жақ та бұл цифрді көбейтуге мүдделі. Экономикалық ынтымақтың жай-жапсарын Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу талқылады.
 
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы Сума Чакрабартимен де кездесіп, кең отырып әңгімелесті.
 
Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропа қайта құру және даму банкі президенті Сума Чакрабартидің кездесуі бұл. Қоңды ұйым мен қазыналы Қазақстан басшылары - банктің біздің елде отандық һәм шетелдік инвестицияны қолдау тетіктерін талқылады. 
 
Инфроқұрылым жобаларын сөз етті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев - банк пен біздің елдің ынтымағы жақсы, деді. Сума Чакрабарти де риза.
 
Сума Чакрабарти, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті:
Президент мырза Сізге зор алғыс. Біз былтырғы мамырда кездескенде бірқатар дайын жобаларды бекіткен едік, ал өткен жылдың соңында Қазақстан бойынша құны 450-500 миллион АҚШ долларына тең жобалар пакеті бекіді. Менің жеке басым бұл цифрлардың әлдеқайда көп болғанын қалаймын. Былтыр Сіз біздің банк жасыл экономикаға баса мән бергенін қалаймын деп едіңіз. Біз қаржыландыратын бастамалардың тең жарымы сол сипаттағы жобалар.
 
Мына кісі өзіміздің Миттал мырза. «Арселор Миттал» компаниясының басқарма төрағасы. Нұрсұлтан Назарбаев пен Лакшми Миттал қазақ металлургиясы, инвестициялық және әлеуметтік жобалар турасында әңгімелесті. Проблемалар да ұмыт қалған жоқ. Президент Теміртаудағы түйткілді мәселелерді үкіметпен бірге қарап, реттеу қажетін айтты.
 
Келесі кездесу  Ұлыбританияның экс-премьер министрі Тони Блэрмен өтті. Екеуара әңгімеде саясаткерлер халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Сондай-ақ, «Қазақстан - 2050» Стратегиясының негізгі аспектілері және оны іске асырудың басты тетіктері сөз болды. Мақсат - отыз отыз елдің санатына ену.
 
Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозудың кездесуі. Еуроодақ пен Қазақстан - саудада сенімді, саясатта тату.
 
Президент Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан Еуропамен арада визасыз режимге көшуге мүдделі екенін меңзеді. Сосын Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесінің біз үшін аса маңызды екенін айтты.
 
Жозе Мануэль Баррозу қазақ елінің Орталық Азиядағы маңызды мемлекет екенін атап, Президенттің тұтас өңірдегі тұрақтылыққа аса мән беріп отырғанына жеке тоқталды.
 
Тағы бір кездесу Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведомен өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ДСҰ-на кіруі экономикалық негізгі бағыттың бірі екенін атап өтті.
 
Бұл ретте ең негізгі мәселе сол ұйымға мүше мемлекеттермен келісу, дейді директор Роберто Азеведо. Және ол ұйым хатшылығының келіссөздердің нәтижелі және тезірек аяқталуына мейлінше қолдау көрсетеді, деп сендірді.
 
Кристоф де Маржери. Тотал компаниясының президенті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Кристоф Де Маржери инвестиция тартудың және жаңа технологияның арқасында Қазақстанның мұнай-газ саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Тараптар Қашаған кен орнын игеруді жүзеге асыруға қатысты ахуалды пысықтады.
 
Және бір кездесу «Бомбарьдер» компаниясының Президенті Пьер Бодуэенмен болды. Бұл компания Қазақстанға келіп, жұмыс істеуге мүдделі. Келіссөздер жүріп жатыр.
 
Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының сұранысы мен көлік инфрақұрылымының даму қарқынын ескергенде, канадалық кәсіпорынның бізде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Компания авиация және теміржол, машина жасау саласына машықтанған. 
 
Дидье Буркхальтер, Швейцария Конфедерациясының Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев екеуара әңгімеде Дүниежүзілік экономикалық форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Сосын тараптар Қазақстан мен Швейцария қарым-қатынасының негізгі салаларын және ынтымақты дамытудың жолдарын талқылады. Халықаралық мәселелер жөнінде де пікір алмасты.
 
Кездесу соңында Президенттер екі елдің экономикалық байланыстары әлі де тереңдей түсеріне сенім білдірді. Соңыра, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Швейцария сапарының мақсаты туралы баяндап берді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Инвесторлардың кеңесін Қазақстанда құрдық. Содан бері бас қосып мәселелерді шешіп келе жатырмыз. Бұл жерде саяси ахуал секілді, Еуропаның экономикасы, АҚШ-тың экономикасы, Қытайдың экономикасы қалай дамып бара жатыр. Болашақта қандай қиыншылықтар бар? Оның Қазақстанға деген ықпалы қалай болады деген сауалдарға кейбір жауаптар алуға болады осы жерден. Себебі, түрлі сарапшылар, экономистер, политологтар жиналады. Саяси ахуал бүгінгі болып жатқан дүниедегі, біздің төңірегімізде, әсіресе, Орталық Азияның жағдайы, Еуразияның дәл ортасында тұрған, транзиттік мәселесі Қазақстанның, соның барлығын жеткізу үшін дүниежүзіндегі бизнеске, басшыларымен кездесу үшін бұл Давос форумының пайдасы өте үлкен деп санаймын.
 
Үлкен форум, үлкен жиында үлкен мәселелер ғана қаралады. Жаһан - қаржылық дағдарысты еңсерді. Дегенмен, дағдарыстың сызы біржола дегдіп кеткен жоқ. Сондықтан, жан-жақты жіті шолып отыру әлі маңызды. Президент айтты... 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қиындықтар әлі алда. Еуропалық одақтағы басты қиындық - әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық, сондай-ақ, еуро валютасына қатысты сенімсіз көзқарас. Жылдың ортасына қарай белгіленген Еуропарламент сайлауы өте маңызды болмақ. Еуропа мен АҚШ-тың экономикасы баяу да болса, көтеріліп келеді, бұл жақсы жаңалық. Оған қоса, Қытай экономикасының төмендеуі байқалуда, бұл өз кезегінде алаңдаушылық тудыратын нышан болып отыр. Біз үшін Ресей экономикасының жағдайы да маңызды. Бізді осы мәселелердің бәрі мазалайды. Өйткені, біз әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігіміз. Әлемде болған нәрсенің бәрі бізге де әсер етеді. Біздің міндетіміз - соны дер кезінде аңдап, ықтимал қиын ахуалдардан аман шығудың тиісті шараларын қабылдау.
 
Давос форумы жер-жаһаннан делегациялардың ағылып, сарапшылардың сабылып жататын жиыны. Тұтас аймақтардың, жуан елдердің жай-күйі арнайы секцияларда талқыналып жатады.
 
Түбірлі шешімдер болмаса да, бағыт-бағдарлар қабылданып, жөн сілтейтін сараптамалар жария болады. Мысалы, біздің өңірдің ахуалы жеке талқыға түскен.
 
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:
Орталық Азия мен Каспий өңіріндегі мемлекеттердің ары қарай қалай дамитын жолдары, дағдарыстан шығу жолдары және бірігіп сауда-саттықты қалай реттейді деген мәселелер талқыланды. Қазақстан өзінің 2025-ші жылға дейін жарияланған стратегиясын, барлық индекторларын сарапшыларға көрсетті.
 
Маңыздысы, дейді Бақыт Сұлтанов стратегиялық жоспар. Ендігі он-он бес жылда дүние көші қай бағытта, қалай дамымақ? Осындай зор жиындарда сол керуен бағытының нақ межесін сілтемесе де сұлбасын меңзейді.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу