«Еуразиялық одақ» идеясы өміршеңдігін дәлелдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Еуразиялық одақ» идеясы өміршеңдігін дәлелдеді

09.02.2014
«Еуразиялық одақ» идеясы өміршеңдігін дәлелдеді
Лев Гумилевтің «Еуразиялық одақ» идеясы өміршеңдігін дәлелдеді. ХХ ғасырда тарихшының өзімен бірге қапасқа қамалып, шектеуге түскен «идея» мына ХХІ ғасырда Еуразия кеңістігін кернеп тұр.
 
Әлбетте, көне Русьпен көршілес көшпелі халықтар арасында белгілі деңгейде одақтық байланыс болды деген ғылыми тұжырымның бүгінде саяси реңкі басымдау.
 
Оған саяси сипат берген тұлға өзге емес, өзіміздің Президентіміз. Назарбаев 1994 жылдың наурызында Мәскеуде Еуразиялық одақ құру туралы бастама көтерді. Cол күн қалай болып еді өзі. Ұлттық Ғылым Академиясының президенті, ғалым Мұрат Жұрыновтан сұрайық.
 
- Аға, сол 1994 жылы МГУ-дің академиялық аудиториясында сіз де болдыңыз. Президент Еуразиялық одақ құру туралы бастама көтерген кезде саяси ахуал қалай болды? Сол кезде саясаткерлер қалай қабылдады бұл бастаманы?
 
- Алғашқы кезде пікір әртүрлі болды. Өйткені, Қазақстан жаңадан тәуелсіздік алып, әлі буыны қатпаған мемлекет болатын. Сондықтан, кейбір саясаткерлердің қобалжуы да байқалды.
 
Бірақ бұл идеяны ғалымдар өте дұрыс қабылдады. Өйткені, Қазақстан шекарасында мұхит жоқ. Сондықтан, біз өзіміздің тауарларымызды Еуропаға шығару үшін, дүниежүзіне шығарып, соны экспорттау үшін жүретін сауда жолы керек.
 
Сондықтан, Еуразиялық одақты Нұрсұлтан Назарбаев терең ойланып, елдің экономикасын өсіру үшін, оның болашағы үшін шығарды.
 
-Жалпы, «Еуразиялық одақ» идеясы, интеграциялық бірлестік бізге қай жағынан тиімді?
 
-Еуразиялық одақтың Қазақстанға пайдалы жері ол біздің тауарларды шығаратын жол ғана емес, бізге соның арқасында жаңа технологиялар келеді. Қазақстан - табиғаты өте бай мемлекет.
 
Сондықтан, біз табиғи заттарымызды өңдеп, соны тауар күйінше сатуға тырысуымыз керек. Ресейден, Еуропадан, Беларусьтен осындай озық технологияларды алып келіп, тауарымызды бәсекеге қабілетті қылып жасасақ, одан Қазақстанның экономикасы өседі.
 
- Рахмет, Мұрат Жұрынұлы, табысты болыңыз!
 
 - Сіздерге де рахмет!

Хабарламаларға жазылу