Сол бастама көтерілген 1994 жылдан бері Еділ мен Есілге қаншама мұз қатып, қаншама су ақты. Саяси ауа райы да сан рет құбылды. Бірақ, біздің Президент бағытынан адаспады.
Қоңсылас елдер қолтықтаспаса да, қол ұстасу керектігіне шығар күндей сенді, өзгені де сендірді. Еуразиялық одақ басында аймақтағы кейбір елдерден қолдау таппай, уақытынан сәл-пәл кешіксе, кешіккен шығар, бірақ бір сәтке де көмескіленген жоқ. Керісінше, күш алып келе жатыр.
Еуразиялық Экономикалық қауымдастық, Кедендік одақ, ана жылы басталған Бірыңғай экономикалық кеңістік секілді құрылымдар - Еуразиялық одаққа апаратын төте жол, соны соқпақ.
Еуропа дағдарыс кешіп, Еуроодақтың болашағы бұлыңғырланған тұста саясат сахнасына сұранып тұрған интеграциялық бірлестік туралы қазір пікір көп. Кейбіреулер Ресей басты бәсекелесі АҚШ-қа қарсы күш біріктіріп жатыр деп топшыласа, енді бірі «Еуразиялық одақ» идеясын Кремльге теліп, Путин саясатымен байланыстыруға құштар.
Бірақ, ақиқатын айтқанда, бұл идея пайда болған 1994 жылы Путин өмірде бар шығар, бірақ үлкен саясатта жоқ еді. Демек, сол жылдары депутат, одан кеңесші болып, ақыры Грузиядағы елшілікке кеткен Ермұхамет Ертісбаевша айтсақ: «Еуразиялық одақ» идеясының саяси патенті Назарбаевқа тиесілі».
Бұйырса, Қазақстан, Ресей және Беларусь үштігі Еуразиялық Одаққа көшеді. Жаңа одақтың артықшылықтары қандай болмақ?
Төлеутай Сүлейменов, Мемлекет қайраткері, ҚР-ның бұрынғы Сыртқы істер министрі (1991-1994 жж.):
1994 жылы Ломоносов Университетінде біздің Президентіміз сөз сөйледі, ұсынысын жасады. «Интеграция бізге керек. Біз Еуропаның тәжірибесін алсақ, соған қарап, біз де ұсыныстар жасар едік. Бірінші ұсыныс - Еуразиялық экономикалық кеңістік, Еуразиялық Одақ құрса», деді.
Төлеутай Ысқақұлына Мәскеудегі сол кездесу күні кешегідей көрінгенімен, жиырма жыл өтті арада, аз емес. Тұңғыш Сыртқы істер министрі үшін тым жауапты кезең болатын. Қазақстан Президентінің Ресейге алғашқы ресми сапары - бір, екіншіден Еуразиялық интеграция идеясының алғаш айтылуымен ерекше есте қалыпты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бүгін бұл сөзімді алғаш рет айтып тұрмын. Мен басқа да мемлекеттің басшыларымен, өзімнің әріптестеріммен пікірлесіп, олардың ойларын, сындарын тыңдаймын. Бұл қалай болғанда да, менің ойым. Сондықтан, біз мұны талқыға саламыз.
Төлеутай Сүлейменов, Мемлекет қайраткері, ҚР-ның бұрынғы Сыртқы істер министрі (1991-1994 жж.):
Айтылды. Бәрі де қол шапалақтады. Бірақ, білмейді оның қандай құрылым екенін. Сондай айтқаны ғой, «интеграция в экономической области можно бесконечно» деп.
Интеграция - қарапайым тілмен айтқанда, ортақ мүдде жолында ықпалдасу, ынтымақтасу. Бұрынғы Кеңес ыдырай сала - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғанымен, экономикалық мәселелерге келгенде бұл ұйым дәрменсіз болды. Ықпалдастық туралы ықыласты да оятқан ең әуелі осы экономикалық мүдде.
Екі онжылдық өтті. Экономикалық тұрғыда тұтасу идеядан іске көшті. Кедендік Одаққа біріккен Қазақстан, Ресей, Беларусь экономикалық кеңістіктің бірыңғайлануын да хош көрді.
Рахым Ошақбаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары:
Интеграцияның негізгі мәні осында. Саяси емес, елдерді тек таза экономикалық табыс, экономикалық мүдде тоғыстырды. Ол - 170 миллион халқы бар алып нарық. Және ең бастысы, ол нарықтың парқы бойынша бәсекелесе алуың керек. Яғни, сапалы тауар шығарсаң, саудаң жүреді. Интеграцияның игілігі осы болып тұр ғой.
2010 жылы Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы тауар айналымы 47 миллиард 135 миллион АҚШ доллары болса, ол 2012 жылы 45,5 пайызға өскен. 2013 жылдың он айындағы тауар айналымының көлемі 52,9 миллиард долларды құраған.
Қазақстан экспортында машина жасау өнімдері (55%-ға), үлпек пен тері шикізаты (117%-ға), тоқыма мен аякиім (55%-ға), азық-түлік тауарлары мен ауылшаруашылық шикізат (47%-ға) үлесі өскен. Сонымен қатар тас көмір (47%-ға), газ (16%-ға), мұнай үлесі (10,6%-ға) көбейгені байқалады.
Нина Тютерева, сатушы:
Дүкенімізге көбіне қазақстандық лағман мен жайма кеспелерді алдырамыз. Өйткені, мұны көпшілік жақсы көреді. Өнімнің ерекшелігі - тез піседі, езілмейді. Шекара ашылғалы жақсы болды. Қалаған тауарды алып келу оңайға айналды.
Самарадағы сауда орталықтарының сөрелерінде қазақстандық тауарлар самсап тұр. Батыс Қазақстан облысымен іргелес жатқан өңір болғандықтан, алыс-беріске өте ыңғайлы.
Наталья Мильович, Большечерниговский ауданы басшысының орынбасары:
Бүгінде екі арадағы сауда-саттық көлемі артып келеді. Аймақта қызмет ететін кәсіпкерлердің 35-40 пайызы қазақстандық кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынаста. Әрине, бізде отандық өнімге басымдық берілсе де, жергілікті нарықта олармен бәсекеде есе жібермей отырған қазақстандық өнімдердің мол кездесетінін айта кеткен жөн. Екіжақты табысты қатынастар Кедендік одақтың аясында іске асуда.
Кедендік одақ еркін тауар айналымына жол ашса, Бірыңғай экономикалық кеңістік өнеркәсіптік ынтымақтастық пен ауыл шаруашылығы салаларына серпін берді. Өзгесін айтпағанда, аграрлық саланы субсидиялау көлемін теңестіру арқылы үш мемлекет өзара саудада адал бәсекелестікке ұмтылды.
Кеңістіктегі үшжақты келісімдер арқылы Қазақстанға азаматтық жолаушы ұшақтары, астық жинау комбайндары жеңілдікпен жеткізілуде.
Әміржан Шалтықов, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор:
Ең тиімдісі, бұл - бірінші Кедендік одақ. Одан кейін оның дамыған түрі - Экономикалық одақ. Сондықтан да, біз үшін бұл одақтың пайдасы өте зор. Себебі, қазір мынау жаһандану кезінде елдер бір-бірімен қарым-қатынассыз дамымайды.
Ғалым интеграция иірімін біраз жылдан бері терең зерттеп, зерделеп жүр. Айтуынша, ықпалдасу толағай табысқа жеткізеді. 2015 жылы құрылатын Еуразиялық одақ - сатылап жүзеге асып, көкжиегін кеңейткен интеграциялық әріптестіктің нәтижесі.
Одаққа қатысты айтылып жүрген екіұдай пікірлермен келіспейді. Саясаттанушы экономикалық одақтан саяси астар іздеудің қажеті жоқ деп санайды.
Әміржан Шалтықов, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор:
Елбасымыз ылғи айтады ғой, Кедендік одақ, Экономикалық одаққа кірсек те саяси тәуелділігімізді ешкімге бермейміз. Бірақ, мұның біз экономикалық пайдасын жақсы іске жаратуымыз керек деп. Міне, мұны мен дұрыс тұжырым деп есептеймін.
Интеграцияны иіріп әкету оңай болған жоқ. Тарап болған соң талап та болады. Ұйымның атқарушы органы әр елдің пікірін, пайымын бағамдайды. Ең бастысы - мүдде қайшылығы болмауы керек.
Еуразиялық интеграциялық комиссия қазір құнды құжатты әзірлеп жатыр. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы соңғы келісім бекісе, жиырма жыл бұрынғы интеграция идеясы ақиқатқа айналмақ!
Бибігүл ҒАДІЛБЕКҚЫЗЫ