«Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз...» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз...»

09.03.2014
«Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз...»

«Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді, осылай шежіреден көрінеді. Саны көп, сапасы жоқ, һәммадан бос, ғылымға мойын ұсынбай ерінеді...». Халқының кемшілігін айтып, Міржақып Дулатов бір ғасыр бұрын осылай кейістік білдіріпті.

 
Одан бері адам да, заман да өзгерді-ау. Біздің жұрт бүгін қалай? Міржақып сынға алған ғылымға деген енжарлықтың шекпенін шешті ме, ғылымға бет бұрды ма?
 
Азаттық алғалы қазақ ғалымдары мыңдаған ғылыми табысты түгендеп паттентеп үлгеріпті. Бірақ, үлгергені не керек, жаһанның жуандары мойындаған инновацияларын өндіріске енгізе алмай, еңселері түсіп жүр. Ғылым мен өндірістің арасында байланыс жоқ, өйткені.
 
Елге игілік әкелер туындылар тұншығып жатыр. Оларды тәжірибеден өткізетін қаражат, я өнеркәсіп тағы жоқ. Сананы тұрмыс билеген заман ғой, амал нешік өнертапқыштардың бірі шетел асса, енді бірі елеусіз қалған еңбектерін қаржысы көп көлденең көк атты шетелдіктерге сатып жүр.
 
Мәселен, Жапонияда бақуатты кәсіпкерлер ғалымдарының қолтығынан демеп, олардың инновацияларына қаржыны аямай салады. «Ғылым өссін», дейді. Ал, бізде қалай? Бизнесмендер ғалымдарға қамқор болғаннан гөрі, түрлі жын-ойнақ,  сауда орталықтарын салып, пайда табуды ғана ойлайды.
 
Абайша айтсақ, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіздің» парқы мен нарқына үңілмейді. Президент биылғы Жолдауда ғылымға бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 3 пайызына жеткізуді тапсырды. Демек, мүмкіндік туды.
 
Экономист, заңгер, менеджер. Бұл - біздің жастардың кешегі арманы. Жалақысы жақсы, жоғары мансапқа тез жетердей мүмкіндік бар деп білді. Енді басқа, қазір жасөспірім басқаша ойланатын болды. Шетел көргісі келеді, үнемі сұраныста болар мамандықты меңгергісі келеді. Қамбар - сондай азамат. Болашақ биотехнолог.
 
Қамбар Қаспақбай, студент:
Менің бұл мамандықты таңдауыма себеп болғаны - оның келешегі туралы ақпараттарды интернет желісінен көптеп оқып-білуім. Биотехнология саласының өзі ауыл шаруашылығы, экология, өсімдік саласы бойынша кеңінен таралып келе жатыр. Сол үшін осы мамандықты таңдадым. Өте қызықты.
 
Шағын зертханада ауыл шаруашылығына аса қажет көптеген тәжірибелер жасалады. Кейбірі тесттік жүйеде ауылдарға таратылады. Бар мақсат – малдағы ауру қоздырғышын жылдам анықтау.
 
Өркен Әкібаев, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ аға ғылыми қызметкері:
Кез келген елді мекендегі мал дәрігерлерінің немесе қарапайым мамандардың өздігінен аурудың бар-жоғын анықтауға мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде ғылыми орталықтың мамандары жедел, 15-20 минут ішінде анықтауға болатын иммундық-хромотографиялық талдау жүйесі бойынша айналысуда.
 
Ғылыми қызметкерлердің  жұмысы қауырт. Сұйықтықтарды бір-біріне қосады, өртейді, күйдіреді. Сырт көзге өз қызықтары өздерінде сияқты. Аусыл болды, сібір жарасы тарады, деп қолда бар малды қырып салып отырған кездер де болған.
 
Өркен Әкібаев, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ аға ғылыми қызметкері:
«Сақтансаң ғана сақтаймын», деген. Біз егер де ауру  жоқ деп, оның алдын алу шараларын қазірден бастап қолға алмасақ, ауру шыққан кезде жанталасып жүгіреміз. Сол себепті қазіргі кезде жедел анықтау бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
 
Бұл мамандардың мақсаты - мал ауруының алдын алу, жаппай таралмауын қадағалау. Әлем - ауыл шаруашылығын тікелей инвестициялағаннан гөрі аграрлық ғылымға қаржы бөлу әлдеқайда тиімді екенін дәлелдеді.
 
Айнұр Омар, тілші:
АҚШ, Франция, Канада сиыр тұқымын түзеу үшін шеттен мал тасыған жоқ. Зерттеді, жоспар құрды, ғылыми тұрғыдан дәлелденген соң ғана іске кірісті. Ал, Австралия бидайы бізден екі есе өнімді. Мысал көп. Дамыған ел дән екпес бұрын оны ғылыми тұрғыда зерттейді. Топырақ - ғылым, дән - оның өзегі, ал,  су - оған құйылған инвестиция. Осы үшеуі біріккенде ғана толыққанды өнім алуға болады.
 
Президент те үнемі осыны айтады.  
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл тұста да заманауи аграрлық ғылым құру үшін инвестициялардың, әсіресе, шетелдік инвестициялардың келуін қамтамасыз ету өте маңызды. Үкімет ауыл шаруашылығы өнімінің нақты бір түрін өндіру үшін өңірлердің ауылшаруашылық жерлерін оңтайлы пайдалану жөнінде мамандандырылу картасын әзірлеп, бекітуі тиіс. Ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісі өнім өңдеумен қатар дамуы керек. Ауыл шаруашылығындағы өнімділік пен тиімділікті арттырудың бір жолы - ұсақ шаруашылықтарды кооперациялау. Сондықтан, «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» бірыңғай Заң әзірлеу қажет.
 
Білім, өндіріс және ғылым. Осы үшеуінің басы қосылғанда ғана шаруа тиянақталмақ. Президент Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті базасында ауыл шаруашылығы саласында халықаралық зерттеу университетін құру жөніндегі ұсынысты бір ай ішінде енгізуді тапсырды.
 
Нұрлан Серікбаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
Қазір университеттер  бір бөлек, ғылыми зерттеу институттары бір бөлек. Бәрі біріксе, ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен проблемаларды шеше алады, деп ойлаймын.
 
Қазір не көп, жеке шаруа көп. Олардың дамығаны да дұрыс. Профессордың айтуынша, олардың бәрін біріктірсе үлкен күшке айналады. Техника тапшылығы да болмас еді.
 
Нұрлан Серікбаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
Біз техниканы өте қымбат бағаға аламыз. Ол техниканы 1 ай немесе 1-2 апта қолданады. 25 күн пайдаланса,  340 күн босқа тұрады. Сервистік орталық құрып, бәрі соны пайдаланатын болса,  өнімді болар еді деп ойлаймын.
 
Техниканы сатып алу өз алдына, оның тілін табатын маман да қазір тапшы. Оқу орны қазір осы олқылықты жою үшін университет базасында «Қазақстан-Беларусь» орталығын ашыпты.
 
Есенәлі Жақсылықұлы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ техникалық факультет деканының орынбасары:
 «МТЗ Беларусь» зауытынан келген техникалар осы жерде. Жалпы, осы техникалар бойынша  факультетте мамандар даярлаймыз. Сондай-ақ, шаруашылыққа қажетті мамандарды қайта даярлау курстары жүргізіледі.
 
Екі ел арасында студенттер алмасу үрдісі де бар. Осыдан 3 жыл бұрын Минскіге тәжірибе алмасуға 12 студентті әрең іріктеп алса, биыл 100-ге жуық шәкірт талап білдіріпті. Олар жарты жыл көлемінде Беларусьтің трактор-машина құрастыру зауыттарында болып, техниканың ұңғыл-шұңғылын біліп қайтады.
 
Есенәлі Жақсылықұлы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ техникалық факультет деканының орынбасары:
Жарты жыл оқып, 1 ай өндірістік тәжірибеден өтеді. Жалпы, осы техниканы өндірістен қалай шығаратынын көріп келеді.
 
Оқытушылардың айтуынша, қазір аграрлық салаға мемлекет тарапынан бөлінетін білім грантының да саны артқан. Жақсы оқыған студенттерге «құда түсушілер» де көп.
 
Алыс-жақын жердегі шаруа қожалықтары алдын-ала тапсырыс та беріп қояды. Кей облыс басшылары өздеріне қажет мамандарды өздері ақша төлеп те оқытып жатыр. Себебі, білікті маманға қашан да сұраныс жоғары.
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу