Елімізде жаңадан агенттік пайда болды. Президент апта соңында «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Жарлыққа қол қойып, Байланыс және ақпарат агенттігі құрылды. Жаңа құрылым Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органға айналды. Ал, Мәдениет және ақпарат министрлігі бұдан былай Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі деп қана аталады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалса, Үкіметтің Қаулысымен Асқар Жұмағалиев Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы болып бекітілді.
Премьер-Министр Серік Ахметов Көлік және коммуникация министрлігі мен жаңадан құрылған Байланыс және ақпарат агенттігінің жаңа басшыларын ұжымдарына таныстырды.
Премьер-Министр Асқар Жұмағалиевтің бұған дейінгі атқарған ауқымды жұмысы үшін алғыс айтып, енді оның кәсіби біліктілігі жаңа құрылған мемлекеттік органның жұмысын жедел жүргізуге әрі Президент қойған тапсырманы тиянақты шешуге септігін тигізеріне сенетінін білдірді.