Қар көбесі сөгіліп, көктен шуақ төгіліп, көптен күткен көктем келді. Жер ана бусанған шақта шартарап Әйелдер күнін атап өтті. Кейбір елде ұлттық сипатқа ие болған бұл мерекенің түп-төркіні «әйел теңдігі» деген ұғыммен астасып жатыр.
Бүгінде демократиядан дәріс беруге құштар Батыс жұрты бұрын әйел затына басқаша қарайтын. Қит етсе, ұрып-соғып, етектілерді еркектерден төмен санайтын.
Ақыры 1857 жылдың 8 наурызында Нью-Йоркте тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері бас көтеріп, теңдік сұрады. Бұрқ еткен бұлғақта бұрымдылар ақыры дегендеріне жетті.
Осылайша қайдан шыққанын, кімнен туғанын білмей бәлсініп жүрген қоғамды тәубесіне келтірді. Сол 8 наурыз әуелгіде теңдік күні ретінде тойланғанымен, 1975 жылдан бері БҰҰ-ның ұйғарымымен Әйелдердің халықаралық күні болып бекіді.
Біздің елде күнтізбеге қызылмен таңбаланған мереке-думандар баршылық. Соның ішінде 8 наурыз арпа ішіндегі бір бидайдай мән-маңызы бөлектеу мейрам.
Бала мен ана, әке мен қыз, әкпе мен іні, аға мен қарындас, қыз бен жігіт, әйел мен еркек арасындағы сый-құрметті арттыратын, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін күн.
Үзілмейтін үрдіс бар, мерекені атап өту биыл да Ақордадан басталды. Нұрсұлтан Назарбаев әрбір салада тер төгіп жүрген бір топ қыз-келіншекті Астанадағы резиденциясына қонаққа шақырды. Емен-жарқын сұхбат құрып, төл мерекелерімен құттықтады.
Ертеректе Гомер «Әйелден асқан қатер жоқ», депті. Ал, бүгінгі қоғам әйелді басып озар ақылшы, тәрбиеші жоқ екенін мойындайды. Әріге бармай-ақ, кешегі шартарап көз тіккен Сочи Олимпиадасынан қоламен оралған ұланды шабыттандырған да көптің қолдауы және анасының мейірімі. Ана қаласа, ұлын ер, елін жеңімпаз етеді.
Оксана Тен, Олимпиада жүлдегері Денис Теннің анасы:
Нұрсұлтан Әбішұлы, мен әйтеуір бір күні ұлым Денистің Олимпиадада жеңіс тұрғырынан көрінетініне сенімді болдым.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің балаңыз - нағыз батыр. Көпшілік Денис қоладан да жоғары жүлдеге лайық еді деп жатыр. Бірақ оның болашағы, жеңістері - әлі алда.
Адамзат баласының табиғат түлер шақта әйелдер мерекесін ұлықтауы тегін емес. Әйел - өмір, жаңару, жасару секілді түсініктермен түрленетін жаратылыс.
Әйелдің бар байлығы алдымен құрсағында. Әйел - ана, ал ана - қасиет. Қай ұлыс та алтын құрсақты аналарын төбесіне көтерген. Елімізде жыл сайын 200 мыңдай шарана өмірге келеді.
Демек, ұлт үшін де құны өлшеусіз сый жасайтын - әйел заты. Патша да, басқа да бас иген от анасына. Сондықтан, жыл сайын көктем мерекесінде Мемлекет басшысы көпбалалы аналарға «Алтын алқаны» өзі тапсырады.
Нұргүл Мұсаева, көпбалалы ана:
Жас аналарға қорықпаңыздар, туыңыздар деймін. Әр бала шыр етіп дүниеге келгенде несібесімен келеді. Барша қазақстандық аналарды мерекемен құттықтаймын.
Әйел игермеген кәсіп жоқ, әйел ебін таппайтын іс те некен-саяқ. 62 жастағы Мавлюда апайдың әулеті үш атасынан бері сағат шеберлері. Есепке жүйрік маман өз тәжірибесінде 350 мың сағат жөндеген.
Мавлюда Ширханова, сағат шебері:
Мен сағат жөндегенде қуанамын, өйткені, өліп қалған жанды тірілтемін, жан беремін, бұл қанымызға сіңген өнер.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі - жыл сайын елде тойланатын Әйелдер күнімен шын жүректен құтттықтаймын! Сіздер арқылы бүкіл Қазақстанның азаматшаларын, әйел қауымын құттықтап, зор денсаулық тілеймін.
Әйелді Алла еркектің қабырғасынан жаратыпты. Ерге серік қылыпты. Серігіңді бағалай біл. Жылына бір мәрте емес, күнде құрметте. Бағын аш, бағын ашсаң, ол сенің босағадағы басыңды төрге сүйрейді.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС