Қарағандыда «Мәңгілік ел» идеясын қолдау акциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда «Мәңгілік ел» идеясын қолдау акциясы өтті

16.03.2014
Қарағандыда «Мәңгілік ел» идеясын қолдау акциясы өтті
«Біз Мәңгілік ел боламыз!». Бұл осы бейсенбіде Қарағандыда бас қосқан, жүректері «Отан» деп лүпілдеген 5 мың патриоттың үні. Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұйытқы болған патриоттық шараның мақсат-мұраты айқын. Ол - елдің бірлігі. «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген осындайда айтылған. Өйткені, бірлігі мығым елдің ғана ғұмыры ұзақ болады.
 
Қазіргі күннің абызы Мырзатай Жолдасбекше айтсақ, «талай тауқыметті кешкен, тағдыры қилы, езіліп-жаншылған, жабығып, жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның бірі – қазақ. Ресейге бодан болған үш ғасырда арымыз бен барымыз, тарихымыз табанға тапталды. Аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа ұрынды. Талайы тарыдай шашырап, шет асты. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқытты. Алаш арыстары өз халқының жауына айналды. Сана мен салт күйреді. Ұлт ретінде жер бетінен жойыла жаздадық».
 
Демек, тарихтан сабақ алып, бар қазақ - бір қазақ болғанда ғана асулардан өтеді, арманына жетеді.
 
Ертеңін ойламаған елдің келешегі кемел болады дегенге сену қиын. Бұл тәмсілге әсіресе, қазақ қашаннан баса мән берген халық. Егемен боламын деп, ерлері етігімен су кешкен заманнан бастап, күні бүгінге дейінгі көш бастаған көсем мен сөз бастаған шешеннің жалғыз уайымы - еңбектің наны емес, халықтың қамы болды.
 
Тәңірі тәбәрік еткен тәуелсіздікті алысымен Алаш баласы бойындағы бар күш-қуаты мен рухын - сол тәуелсіздікті баянды етуге жұмсады. Ел ертеңінің 2030 жылға дейінгі стратегиясын түзді.
 
Сосын сол мұратқа жету үшін бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай жұмыла еңбек етті.  Нәтижесінде еліміз жер бетіндегі дамыған елу елдің қатарына қосылды. Ендігі мақсат - озық отыздықтан ойып тұрып орын алып, Мәңгілік елдердің санатына қосылу. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол - «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті.
 
Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» идеясын жариялағаны күні кеше. Жұрт жұдырықтай жұмылып, тың бастаманы баянды етудің амалын жасауға кірісіп кетті.
 
Сондай игі істің бірі - Қарағандыда өткен «Біз Мәңгілік ел боламыз!» патриоттық акциясы. Ал оған ұйтқы болған - Қазақстан Халқы Ассамблеясы. Ұлттық идеяны қолдауға арналған шараға оқушылар, студент жастар, жұмысшылар мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
 
«Кеңес қылған ел азбас, келісіп пішкен тон тозбас». Акцияға атсалысқандар Президенттің биылғы Жолдауы ел еңсесін көтерер идеяларға толы стратегиялық маңызы бар құжат екенін ерекше айтты.
 
Сосын сол құжаттағы инновациялық игілік, индустрияландырылған өндіріс, аграрлық кешенді кеңейту, жасампаздыққа бастар жасыл экономика, баламалы энергия көздері мен шағын және орта бизнесті отбасылық құндылыққа айналдыру сынды тың бастамалар «Мәңгілік елге» жеткізетін даңғыл болады десті.
 
Ералы Тоғжанов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
Мәңгілік елдің негізі - біздің Тәуелсіздігіміз. Тәуелсіздікті нығайтатын дүние -  еліміздің бірлігі. Ұлттық бірлігін сақтаған елдің ғана әлеуметтік, экономикалық мәселелері шешіледі. Сөз жоқ, оның түбінде қоғамдық келісім жатыр.
 
Тәуелсіздік жылдары еліміз барша қазақстандықтарды біріктіріп, елдіктің іргесін нығайтатын көп іс тындырды. Көп болып көтерген сол жүк көктен түскен жоқ, әрине. Бұл құндылықтар - уақыт сынынан өткен «Қазақстандық жол» деп аталады қазір. Ендігі міндет - өткен сүрлеуді өшірмей, барымызды бағалай отырып, жаңа бастамаға ұлттық нақыш беру.
 
Сұлтан хан Жүсіп, «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының жетекші қызметкері:
Кез келген идеяның бойында ұлтшылдық сарын болмаса, ешбір идея жүзеге аспайды. «Мәңгілік ел» идеясы болсын, «Қазақ елі» бастамасы болсын, ұлттық сарынмен әдіптелмесе, ол жүзеге аспайды.
 
Президент «Мәңгілік ел» партиоттық актісін қабылдауға Қазақстан Халқы Ассамблеясының да атсалысуы керектігін ескерткен. Қазір Ассамблея өзінің барлық интеллектуалдық, рухани, тарихи және мәдени ресурстарын біріктіріп, осы актінің жобасын жасауға білек сыбана кіріскен.
 
Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА-ның мүшесі:
Менің ойымша, бұл - халқымызды, жалпы жастарды Қазақстанның нағыз патриоттық рухында тәрбиелеп, «Қазақстан - менің Отаным» дегенде мақтанатындай сана-сезім қалыптастыруға арналған патриоттық акті болады.
 
Бұған дейін «Ел бірлігі» атты доктринаның қабылдануына да үлес қосқан азаматтық институттың өкілдері, «біздің елде тұратын барлық ұлт пен діни бірлестіктер «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты, асыл мұраттың мән-мағынасын терең түсінсе, бәрі де баянды болмақ»,-дейді. Ал осы «Мәңгілік ел» бастамасына ой қосқан жастар болса, «Мәңгілік ел! Мәңгілік Рух!» деп ұрандатып, түрлі шараның шырайын кіргізіп жүр.
 
Айшуақ Дәрменұлы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы:
«Мәңгілік Ел» идеясы - тіл, мәдениет, ортақ тарих секілді ұлтты ұйыстырушы факторларға ерекше мән беру. Жастарға серпін беру керек.
 
Айтпақшы, Ассамблеяның ұйымдастыруымен осы аптада Орталық Қазақстанда өткен акцияға 5 мыңнан астам қарағандылық қатысты. Қатысып қана қоймай, «Мәңгілік ел» идеясын бір ауыздан қолдайтындарын білдірді.
 
Сосын, акцияда айтылған барлық ниет-тілектерін арнайы кітапқа түсіріп, атқарушы билікке жолдады. Ал Ассамблея бастаған акция болса, Қарағандыдан Оңтүстік Қазақстанға жол тартты.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу