Интеграция. Қазақпен алыс-берісі, барыс-келісі еркін, шекаралас өңірдің бірі – Астрахань. Тарихты қазбаласақ, кезіндегі Қажы Тархан хандығы. Алтын Орда ыдырағаннан кейін құрылған Қазан, Қырым, Қазақ, Сібір хандықтары мен Ноғай ордасы сынды дербес мемлекеттердің бірі.
Бұл хандық Каспийдің солтүстік-батыс жағалауы, төменгі Еділ бойы мен Солтүстік Кавказға иелік етті. Жүз мыңнан асқан халқы кілең түркітілдес тайпалардан тұрды.
Қажы Тарханның Қазақ хандығымен саяси және сауда байланысы бекем, ауылы аралас, қойы қоралас жатты. Дегенмен, ғұмыры шолақ болды. XVI ғасырдың ортасында Астрахань хандығын Ресей жаулап алды.
Астрахань – бүгінде орталығы Орал саналатын Батыс Қазақстан облысымен және Атырау облысымен шектесіп жатыр. Бір миллионнан аса халқы бар, оның 16 пайызы сол жаққа сіңісіп, тамыр жайған өзіміздің қазақтар. Демек, Астрахань - бізге бөтен емес.
Қош, интеграцияға қайта соғайық. Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді деген. Жыл жылжыған сайын Астрахань мен Атырау облыстары арасындағы достықтың діңгегі бекіп келеді.
Барыс-келіс артты, сауда-саттық көлемі өсті, кәсіпкерлік қанатын қомдады, бірлескен кәсіпорындар ашыла бастады. Мысалы, былтыр мұнайлы аймақ пен Ресей арасындағы тауар айналымы - 308 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл - бір жылғы көрсеткіш. Жалпы, қазақ кәсіпкерлері Астраханға не саудалайды, олардан біз не сатып аламыз?
Атырау облысындағы «Каспий балық» өндірістік кооперативі өңірде балық аулап, оны өңдейтін ірі кәсіпорынның бірі. Мұнда балық өнімдерінің қырыққа жуық түрі дайындалады. Қазір зауыт өніміне сұраныс көп.
Өндіріс өнімдерінің 70 пайызы негізінен Ресей, Украина, Грузия секілді елдерге экспортталады. Оның басым бөлігі шекаралас жатқан Ресейдің Астрахань облысына жіберіледі. Кедендік одақ пайда болғалы бұл жақтан сұраныс еселене түскен.
Көрші елдің кәсіпкерлері Қазақстаннан келетін кез келген тауардың сапасы жоғары, дейді. Бізден шығатын өнімдерге жиі тапсырыс беретін ресейліктердің бірі – Құрмет Мұсағұтова.
Оның тұрақты тұтынушылары жыл санап, көбейіп келеді. Осыған байланысты, ол қазақстандық өнімге сұранысты арттырып отыр. Кәсіпкер жыл басынан бері 150 тонна қазақстандық балық өнімдерін сатып үлгерген.
Құрмет Мұсағұтова, кәсіпкер:
Өткен жылы 15 миллион теңгенің тауары сатып алынды. Ағымдағы жылы сұраныстың көп болуына орай, балық өніміне тапсырысты үш есеге өсірдік. Ең бастысы, алдағы уақытта қазақстандық кәсіпорын біздің сұранысты қанағаттандыра алса болғаны.
Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін арттыруға ресейлік кәсіпорындар да ынталы. Астрахань облысындағы мына - май және ерітілген ірімшік шығаратын зауыттың өнімдері Атырауда үлкен сұранысқа ие.
Мұнда сүт өнімдерінің оннан аса түрі шығарылады. Айына 200 тонна өнім дайындалады. Оның жиырма пайызын атыраулық кәсіпкерлер көтерме бағамен алып кетеді.
Татьяна Букарина, кәсіпорын директорының орынбасары:
Алдағы уақытта Атырауда өзіміздің сауда нүктелерімізді ашқымыз келеді. Ол жақта өнімді тікелей өзіміз сатуға шығаратын болсақ, тауардың бағасы арзандайтыны сөзсіз.
Қазақстан мен Ресей арасында тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Күніне шекаралас елдер шамамен бір-біріне 100 тоннаға жуық азық-түлік тасымалдайды. Еліміздегі дүкендердің сөрелерінде ресейлік өнімдерді, ал Ресейде біздің тауарларды көптеп кездестіруге болады.
Бұл үрдіс тауарға сұранысты арттырғандықтан, кәсіпкерлердің пайдасы да өсіп отыр. Әрі бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың қалыптасуына түрткі болып, тауар бағаларының қымбаттамауына ықпал етеді.
Сәлима Халитова, кәсіпкер:
Қазақстандық кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынастамыз. Көрші елге өнімдерімізді жеткізумен қатар, ол жақтан да қажетті тауарларымызды сатып аламыз. Қазір, біздің сауда орнындағы тауарлардың 30 пайызы Қазақстаннан әкелінген.
Кедендік одақ екі тараптың арасындағы сауда-саттықты ұлғайтып қана қоймай, шетелдерге тауарларды тасымалдау үшін жаңа бағыт ашты. Мәселен, отандық кәсіпкерлер астықты Иранға Ақтау теңіз айлағымен қатар, енді, Ресей Федерациясының Астрахань облысы арқылы да тасымалдай алады.
Мысалы, «Астрахань астық терминалы» өткен жылы Волга өзені арқылы Каспий теңізіне шығып, әрі қарай Иранға 500 мың тоннаға жуық астық жеткізді. Өнімнің 90 пайызы қазақстандық кәсіпкерлердің тапсырысы бойынша тасымалданады.
Батырбек Қуандықұлы, тілші:
Еліміздің Қостанай облысынан 3 мың тонна бидай теміржол арқылы Астрахань облысына жеткізіліп, қазір мына ресейлік кемеге тиелді. Бұйырса, ол бір аптаның ішінде Иран еліне жеткізіледі.
Жыл сайын тапсырыс көлемінің артқаны соншалық, терминал басшылығы биыл тағы 10 мың тонналық екі астық сақтау қоймасын салуды жоспарлап отыр.
Юрий Александров, терминал басшысы:
Кедендік одақ кәсібімізді өркендетуге үлкен септігін тигізді. Қазақстаннан әкелінетін тауар рәсімделіп келеді. Бұрынғыдай қағазбастылық жоқ. Сәйкесінше, тауарды жеткізу үшін алатын ақымызды да 20 пайызға кеміттік. Мұның барлығы қазақстандық кәсіпкерлерге тиімді болып отыр.
Одақтас елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың дамуы бірлескен кәсіпорындардың да көптеп ашылуына мұрындық болды. Астрахань облысының өзінде ғана қазақстандық инвестиция арқылы іске қосылған 20 мекеме бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермекші.
Денис Афанасьев, Астрахань облысының Халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрі:
Біз екі аптадан соң, ресейлік кәсіпкерлерден құралған делегациямен Қазақстанның батыс өңірлеріне баруды жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз - екі елдің экономикалық ынтымақтастықтығын одан әрі нығайта түсу. Яғни, жаңа әріптестер тауып, екі елге тиімді, әрі қажетті жаңа өндіріс орындарын ашу.
Батырбек Қуандықұлы, тілші:
Интеграциялық қадамдар арқылы екі ел әріптестігі, әсіресе, экономикалық ынтымақтастығы күшейе түсті. Бұл өз кезегінде Ресей мен Қазақстан экономикасының қуаттануына, тараптар арасындағы сауда көлемінің ұлғаюына, бірлескен кәсіпорындардың ашылуына және бәсекелестікке төтеп бере алатын, жоғары сапалы өнім өндірушілердің қатарын көбейтуге негіз болмақшы.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ