«Нұр Отан» құзырлы органдарды бақылауды күшейтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» құзырлы органдарды бақылауды күшейтпек

23.03.2014
«Нұр Отан» құзырлы органдарды бақылауды күшейтпек
 
Елдегі билеуші партия - «Нұр Отан» енді құзырлы органдарды бақылауды мықтамақ. Өйткені, партияның тұғырнамасында көрсетілген міндеттерге кейбір меморгандар енжар қарайды.
 
Осы аптада партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Үкіметте «Нұр Отанның» сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген міндеттердің қалай орындалып жатқанын баяндады.
 
Естеріңізге сала кетелік, билеуші партия 2011 жылы тұғырнама әзірлеп, 2017  жылға дейін атқаратын, атқарылатын және атқарылуы тиіс шаруаларды пысықтаған еді.
 
362 іс-шарадан тұратын жоспарлы құжаттың қалай орындалып жатқаны бірінші рет Үкіметте талқыланды. Айтпақшы, Үкімет үйіндегі көп жиыннан бір ерекшесі Партияның туы отырыстың төрінде тұрды. Яғни, бұл - жиынның маңызы бөлек, міндеті бөлек дегенді меңзесе керек.
 
«Нұр Отан» елге есеп береді - мемлекеттік органдардан есепті сұрайды. Өйткені, билеуші партия. Барлық мекемеде өкілдері отыр, ал сайлауалды тұғырнамасын орындау - міндет.
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Елбасы айтқандай, халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру, әлеуметтің көңіл-күйін жақсарту, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы орта тапты қалыптастыру сынды, партия үшін аса маңызды межелерге жетуіміз бүкіл қоғаммен тиімді әрі үйлесімді қарым-қатынас орната алуымызбен тікелей байланысты.   
 
Былтыр «Нұр Отанға» 800 мың азамат арыз айтып келген. Сол арыз бен шағымды елеп-екшеген, сараптаған партия қазір әлеуметтің көңіл-күйі мен пікір-пайымын нақты біліп отыр. Яғни, мемлекеттік органдарға нақты жоспар мен бағыт берердей қауқарда.
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Сайлау кезінде біз халыққа уәде бердік, ал сайлаушылардың 80 пайыздан астамы «Нұр Отанға» дауыс берді. Яғни, жыл сайын тұғырнаманы талқылау үшін өтетін жиын дегеніміз ол - атқарушы органдардың халық, сайлаушылар алдындағы есебі. Сондықтан, берген уәденің орындалу қарқынын күшейту үшін партия құжатты қадағалау жүйесін жетілдірді. 
 
«Нұр Отан» өзге партиялар секілді сайлау кезінде ғана белсенді емес, қоғам тірлігіне күнделікті атсалысып отыр. Дәлел - түрлі әлеуметтік топтарды қамтитын ірі-ірі он екі жоба жасады.
 
Мысалы, «Қуатты бизнес - қуатты мемлекет», «Жастар - Отанға!», «Біздің ауыл», «Сәтті қадам» секілді сәтті жобалар бар. Бауыржан Байбек 2050 стратегиясына да қайта-қайта тоқталды. Кешенді құжатты жүзеге асыратын негізінен жастар. Бірақ біздің жастар Үкіметтің не істеп жатқанынан хабарсыз.   
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Мемлекет басшысы «Жас отан» ұйымының кезекті өткен съезінде жастар мәселесін түбегейлі шешуді қатаң тапсырған болатын. Алайда, бұл бағытта жүйеленген іс көрінбейді. Оның үстіне, зерттеулер қорытындысына сүйенсек, елдегі жастардың 70 пайызы  «Мемлекеттік Жастар саясаты» тұжырымдамасы жайлы мүлде естімеген екен.
 
Партия осындай олқы істерге Үкімет пен атқарушы органдар назар аударғанын қалайды. Бізде «Жастар тәжірибесі» деген әлеуметтік жоба бар, Еңбек министрлігі ол жобаға 2 миллиард, 3 миллион теңге ақша да бөлген. Бірақ, жастар ол жоба туралы білмейді.
 
Ал, дәл осы жоба арқылы сынақтан өткендердің 20 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Осындай кем-кетікті жіпке тізген партия жетекшілері тұғырнама міндеттері орындалуы үшін жұмысты жүйелі де сауатты жүргізу қажеттігін баса айтты.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу