Қазақстан Халқы Ассамблеясына - 19 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Халқы Ассамблеясына - 19 жыл

30.03.2014
Қазақстан Халқы Ассамблеясына - 19 жыл
Қасиетті қазақ жерін татулықтың талбесігі етіп, бейбітшілікке бөлеген Қазақстан Халқы Ассамблеясына биыл - 19 жыл. Ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде «Бірлігіміздің бастауы болсын» деген ниетпен Ассамблея 1995 жылдың наурызында құрылған еді.
 
Осы аралықта ол өзінің өміршеңдігін көрсетіп, біздің бейбіт қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы - Ассамблея бүгінге дейін біраз өткелден өтті.
 
Қазақстандағы қоғамдық келісім - ең алдымен қазақтың келісімі. Ассамблеяның өткен XX cессиясында Н.Назарбаев: «Қазақстан - біздің жеріміз, біз - өз жеріміздің перзентіміз. Қазақтардың белсенді араласуынсыз, Қазақстанда ешқандай ұзақмерзімді қоғамдық келісімнің болуы мүмкін емес. Бұл жер әрқашанда біздің ата-бабамыздың жері болған. Ол енді біздің ұрпақтың жері болмақ. Біз өз жеріміздегі бейбіт өмір үшін тікелей жауаптымыз», деген еді.
 
Бұл ретте қазақ ұлтын елдегі барлық этностық, әлеуметтік топтарды тоғыстыратын діңгекке балады. Қазір тұрмысы берекелі сан ұлт пен ұлыс қазақ жерінде бірлікте өмір кешіп жатыр. 
 
Қазақстан Халқы Ассамблеясы - елімізді татулық пен тыныштыққа ұйытып отырған маңызды институт. Ел дамуының ең басты кілті - татулық. Бұл - Мұқтар Боқаев ақсақалдың пайымы. Кезінде батыс облысты мекендеп бүгінде тамырын жайған теректей бала-шағасын өсірген шешен ұлтының өкілі - Ассамблеяның белсенді мүшесі. Татулық, бірлік, келісімді үнемі насихаттап отырады.
 
Мұхтар Боқаев, Ақсай қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы:
Мен шешен екенімді мақтан тұтамын. Бірақ, бірге жұмыс істейтін кезде ұлтқа бөліну деген ұғым жоқ. Сондықтан, менің тілейтінім - осы еліміздегі достығымыз бұзылмай, нығая түссін.
 
Қазақ елін Отан қылған көп ұлыстың бірі - күрд. Ұзын-саны 50 мыңға тарта күрд ұлтының өкілі бар, біздің елде. Соның тең жарымы Алматының маңында. Кәсіпті нәсіп деп біліп, қолда барды ұқсата білген күрдтер қазір Алматы облысындағы ет пен сүт саудасының 25 пайызын қамтып отыр.
 
«Кеудемізден ешкім итерген емес, қайта қолдап, қуаттап отырған мемлекетке разымыз», дейді Хасан Байрамұлы. Өзі ауласын құс фабрикасына айналдырыпты. Көгершін баптайды, тауық өсіреді.
 
Хасан Хасымов, Алматы облысының тұрғыны:
Қазақстанда тұрып жатқаныма 42 жыл болды. Қазір экономикамыз қарыштап дамыды. Бұрынғымен мүлдем салыстыра алмайсың. Ұлтымыз бөлек болғанымен, жанымыз қазақ. Сондықтан, халықтың күнкөрісін арттыруды көздеген мемлекеттің тиімді бағдарламаларына көңілім толады.
 
Алматыда корей театры бар. Елена Ким сол театрдың 10 жылдан бері қоюшы-режиссері. Күнделікті жұмысы болса да, бұл жолы Елена көп толқыды. Өйткені, спектакль тақырыбы кең, дархан қазақтың қонақжай салты мен мен тектілігін көрсетті.
 
Елена Ким, қоюшы-режиссер:
Менің тегім басқа болғынымен, жаным қазақ деп соғады. Соңғы жылдары елімізде сән-салтанатпен тойланатын Наурыз мерекесі бәрімізді ерекше қуантады. Себебі, Наурыз мейрамы - елдегі татулық пен бірліктің айғағы.
 
Спектакль сәтті өтті. Әртістер ерекше шабытпен ойнап, қазақтың Наурыз мейрамын жан-жақты көрсетті. Көрермендер риза.
 
Роман Ким, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті:
Бүгінде Қазақстанды барша әлем экономикасы тұрақты мемлекет ретінде таниды. Себебі, Үкімет әр уақытта халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін бағдарламалар әзірлеп, қолдау көрсетеді. Дін мен дәстүрге бөлмейді. Сондықтан, қоғам ішінде ауызбіршілік, татулық орнаған.
 
Наурызды корейлер театрда тойласа, әзірбайжан ұлтының өкілдері ақ дастарқанда бас қосты. Қазақстанда әзірбайжандар үлкен диаспора - 300 мыңға жуық.
 
Ата-ғұрыпты дәріптеген ұлыс өкілдері Отанға деген ақ ниетін, Қазақстанға деген құрметін білдірді.
Чимина ана наурызнаманың қадір-қасиетін ұрпағының жадына сіңіруден жалыққан емес.
  
Чимина Гусеинова, қала тұрғыны:
Осында 20 жылдан бері тұрамын. Бәріміз татумыз. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көп. Одан асқан қандай бақыт керек? Жылдар бойғы ауызбіршілігімізді ұрпақ жалғастыруы тиіс.
 
ҚХА қазір жұмысты жүйелеп қана қоймай, белсенді жүргізіп отыр. Таяу күнде Көкшетауда, іле-шала Қостанай мен Қызылордада, сондай-ақ, Павлодар облыстарында Ассамблеяның кафедралары ашылады.
 
Мұны  сенатор Анатолий Башмаков айтты. Ал, алғаш кафедра Астанадағы Еуразия Ұлттық университеті жанынан ашылған еді, жарты жыл бұрын. Бұған дейін кафедрада   ұлтаралық мәдениетті дамытудың әдістемесі түзілген. Бұл тәжірибе енді өзге өңірлерге де енгізілмек.
 
Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Аталған кафедрада ұлтаралық мәдениет пен толеранттылық ғылыми тұрғыдан зерттелетін болады. Бұдан бөлек, түрлі ұлт өкілдері осы кафедраға келіп, өздерінің салт-дәстүрлері мен тарихы туралы дәріс оқыса, деген тілек бар.
 
Ал, сәуірдің 18-і күні ҚХА-ның сессиясы өтеді. Оған 1,5 мың адам қатысады, деп жоспарланып отыр.
 
Дина ТӨЛЕКОВА

Хабарламаларға жазылу