354 миллиард теңге. Бұл - осы Алматы қаласының қазынасындағы қаражат. Моңғолия, Тәжікстан, Армения тәрізді мемлекеттердің бюджетімен пара-пар екен.
Демек, Алматыда ақша жеткілікті, алайда, миллионнан аса тұрғыны бар алып шаһарда шешімін күткен шетін мәселе әлі көп.
Кептелiсте сiрескен көлiктер, тозығы жеткен жолдар, шашылған күл-қоқыс, әр жерде аунаған маскүнемдер. Жұмыс iздеп жосылған жастар. Қырқылған ағаштар, желегi жұлынған бұталар. Аяулы қаламызды аяғаннан айтып отырмыз.
Н.Назарбаев Алматыда атқамінерлерді жинап, қаланың дамуына қатысты кеңес өткізді. Алып шаһардың әлеуметтік және экономикалық дамуда Астанадан кем түспеуі шарт екенін Есімовтің есіне салып өтті.
Президентті қынжылтқан бір мәселе - жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі.
Әсіресе, жолдағы жүгенсіздіктер. Әлгі «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін», деген бар. Көлікке отырып, есіріп айдайтын есерсоқтардың көбі - сол бай-бағландардың баласы. Бір тауық ұрлағанның он жылға сотталып, керісінше, көлігімен кісі қағып өлтіргендердің жазасыз тайраңдап жүргенін көріп жүрміз.
Тәуелсіздіктің тал бесігі - Алматы қаласында соңғы 5 жылда өнеркәсіп, сауда-саттық және бизнес салаларының көрсеткіш деңгейі 2 есеге артты. Нәтижесінде өткен жылы қала бюджетіне 1 триллион 360 миллиард теңге кіріс кірді. Бұл - 2012 жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алматының дамуы Астанадан бір мысқал да кем болмайды. Қаланың экономикалық өсіп-өркендеуінің көрсеткіші былтырғы жылға қарағанда жақсы. Жалпы, өңірлік өсім, оның ішінде өндірістің өсуі және бюджетке түсетін қаржы соңғы жылдары екі есеге көбейді. Сәйкесінше, халықтың да әл-ауқаты өсті. Жан басына шаққандағы өнім Алматыда 27 мың доллар. Бұл - Қазақстандағы ең жоғарғы көрсеткіш, Шығыс Еуропадағы дамыған мемлекеттердегіден де жоғары.
Халықаралық рейтинг агенттіктерінің берген мағлұматы бойынша, Алматы әлемде қаржы салуға тиімді қалалардың ішінде 58-орында. Қазір, шағын және орта бизнес көрсеткіштері бойынша көш бастап тұр.
Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өткен жылы шаһарда 28 бағдарлама сәтті жүзеге асып, 20 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 19 жоба жоспарда тұр.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Алматы - экономикалық даму бойынша алдыңғы орында. Қала мемлекет бюджетіне зор үлес қосып, түрлі нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымдар үшін мол қаражат инвестициялауда. Алайда, Алматының өзінде тұрғын үйлер мен ғимараттарды саларда сейсмикалық ерекшелікті ескерген дұрыс. Құрылыс кезінде әлемдік үздік тәжірибелерді қолданып, архитекторлармен кеңескен жөн.
Қазір алып шаһардағы халық саны 2 миллионға жуықтады. Сондықтан, Президент қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту қажеттігін айтты. Негізінде Алматының ауасы 3 негізгі фактор бойынша ластанады. Оның бірі - жеке үйлерде көмірмен немесе ағашпен жанатын пеш түтіні. Яғни, көгілдір отын тартатын желі керек. Ал, негізгі зиян - қаладағы мыңдаған көліктен тараған түтін. Қала тынысы мен көлік тасқынын жеңілдету үшін қала әкімдігі 50-ге жуық табиғи газбен қатынайтын көлік пен автобус алған. Алайда, одан әзірге пайда жоқ.
Өткен жылы қалада 6 айналма жол салынып, биыл тағы 3 жолдың құрылысы басталды. Дегенмен, шаһарда жөндеу көрмеген шұрқ-тесік жолдар тағы бар. Оның азабын әсіресе, қарапайым жүргізушілер көп тартады.
Бірінің дөңгелегі жарылып, діттеген жеріне жете алмай жол ортасында жаяу қалса, енді бірі ереже бұзып, апатқа ұшырап жатады. Сараптама көрсеткендей, тәртіпті көбінесе бай-бағландар мен шенеуніктер немесе балалары бұзады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол-көлік оқиғаларына да назар аудару қажет. Соңғы кезде олардың саны 3 есеге артып, 7000 оқиғаға дейін жетті. Сол оқыс оқиғаларды танымал адамдардың балалары және туыстары жасаған фактілер аз емес. Заң алдында барлық адам бірдей. Сондықтан, мұндай жағдайларда балаларды да, ата-аналарды да қатаң жазалау қажет.
Мемлекет басшысы Алматының криминогендік жағдайын да сынға алды. Қазір қала бойынша 53 мың қылмыстық іс тіркелген, оның 80 пайызы ашылмады. Жасөспірімдер арасындағы бұзақылықта өршіп тұр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әкімдік өтініші бойынша қаладағы Ішкі істер департаментінің штаты едәуір кеңейді, алайда, 500 орын әлі де бос тұр. Ал, түрлі қылмыс күннен-күнге көбейіп барады.
Қаланың ішкі ахуалын қатаң сынаған Елбасы сәулет талаптарының сақталуына да айрықша көңіл бөлді. Жергілікті туризм саласын дамытып, 2017 жылғы Универсиада ойындарына дайындықты пысықтау қажеттігін тапсырды.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
2017 жылғы Универсиадаға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл 12 мың орынға арналған мұз сарайының, 3 мың адамға арналған стадионның және атлеттер қалашығының құрылысы басталады. Міндет - барлық нысанды 2016 жылдың тамызында аяқтау. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы Алматыда өткізуге өтініш бердік. Мемлекеттегі тұрақтылық пен экономикалық дамудың арқасында оны өткізуге қаламыздың нақты мүмкіндіктері бар.
Алматы мегаполисі - ғылым мен инновацияның, білім мен жаңа технологиялардың даму нүктесі. Өз кезегінде Президент мұндағы жоғары оқу орындарындағы студенттер заманауи талаптарға сай тәлім алып, Назарбаев университетінің интиеллектуалдық әдістерін меңгеру қажет екенін айтты. Әрі Алатау инновациялық технологиялар паркінің еркін экономикалық аймағы жұмысын жетілдіру керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дамыған 30 елдің қатарында болу үшін, әлбетте, ғылым мен білім жақсы дамуы шарт. Бұл –«Қазақстан-2050» Стратегиясында да айрықша көрсетілді. Біздің барлық күш-жігеріміз қазір соған жұмсалуда. Алматыда ғылыми-зерттеу нысандары өте көп, олардың инфрақұрылымы мен ұстаздардың біліктілігіне зейін қою керек.
Кеңес соңында Президент қалада көп ұлт өкілдері тұратындықтан, жергілікті Ассамблеясының жұмысына айрықша назар аударуды әкімге тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Барлық мемлекеттік органдар, мемлекеттік институттар Алматының дамуына өздерінің қолғабысын тигізуі керек.
Әйгерім МУСИНА