Мигранттар мәселесі алаңдатуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мигранттар мәселесі алаңдатуда

30.03.2014
Мигранттар мәселесі алаңдатуда

Қара базарларымыз - қытай мен қырғыз, құрылысымыз -  өзбек, көшелеріміздің бойы - қайыр сұраған тәжікке толды. Мигранттар қаптады. Нәпақа айырып, 1 миллион шетелдік жүр деп айтылады, кім білсін?!

 
Кім білсін дейтініміз - шекарамызға заңсыз кіретіндер көп. Салық төлемей тайраңдап жүр. Нағашысына қыдырып келген жиендей сайрандап жүр. Білегінен тартып, «Кімсің, қайдансың?» деп жөн сұрап жатқан жан жоқ.
 
Біздің ел - мигранты көп елдер арасында 15-ші орында дейді, білгіштер. Қара жұмысқа икемділері көрші өзбек, қырғыз, тәжік елдерінен болса, жайлы жұмыс, тәтті тұрмыс іздеп келетіндер - Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан.  Араларында «пысықтар» көп.
 
Бір Алматыда былтыр 175 мыңдай шетелдік ел аумағына заңсыз кірген. Олардың 30 631-і ережелерді елемегені үшін әкімшілік жазаға тартылса, 225-і қылмысқа барған. Қорлаған, зорлаған. Сорақысы, буындырып өлтіріп, тонаған.
 
Оның үстіне «зайырлы елміз» деп, есікті ашқалы түрлі діни кітаптарын қойындарына тығып, миссионерлер ағылды. Талай қазақтың санасын улап, үйіріне ертті. Бірі саентолог, бірі йегова, бірі кришнаид болып, «көсемдерінің» соңынан кетті.
 
Қазір тіпті біздің қоғамда «Мигранттарды бейімдеу орталығын ашу керек» деген ұсыныс та айтылып жүр. Пиғылдарын ішке бүккен шетелдіктерге қаржы шашып, орталық салғаннан кімге қайыр болмақ екен.
 
Қазақстан дамушы ел болғандықтан, мигранттар көбіне қара жұмысқа жегіледі. Яғни, дені - өз елінде кәсіп таппаған ортанқол мамандар. Тіпті маман да емес. Олар мемлекетті дамытпайды. Керісінше, әлеуметтік қатынасты күрделі қылып жібереді. Себебі, халықаралық құқық нормалары бойынша мемлекет олар үшін де белгілі бір міндеттерді мойнына алуы тиіс.
 
Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы:
Мигранттар- ғаламдық проблеманың бірі. Біздің ел үшін әрине, қазір оның зияны көп. Бізде олардың келуі, жұмыс істеу мәселесі дұрыс жүйеленбеген.
 
Мигранттардан мемлекеттің қауіпсіздігіне кереғар келетін бұдан өзге де бірнеше фактор бар. Атап айтсақ, бірінші -  конфликтогенді фактор. Бұл гастарбайтерлер еш жерде тіркелмейтіндіктен, олардың еңбек сапасына, біліміне басқа да жайттарға ешкім зерттеу жүргізбейді.
 
Екіншіден, мигранттар - масса. Олардың бір аймаққа топтасуына жол бермеу керек. Кез келген қитұрқы әрекеттерге баруы мүмкін. Мәселен, Еуропада әр аймаққа керек мамандар бойынша квота бөлінеді. Сол бойынша ғана шақырылған мигранттар жұмыс істейді. Үшіншіден...
 
Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы:
Саясаттануда «Mittle man matatites» деген термин бар. Бұл екі этностың арасында қалыптасқан тепе-теңдікті бұзады. Олардың жұмыс орындарын алып қояды, мәдениетін, дәстүрін өзгертеді. Бұл үлкен кикілжіңге алып келуі мүмкін.
 
Төртіншіден, демографиялық қауіп. Мәселен, әлемдегі ең көп халық - қытайлар жұмыс істейміз деп, Малайзия, Сингапур, Индонезия, Тайланд секілді елдерге жұмыс күші болып барды. Кейін демографиялық картина мүлде өзгерді. Бұл тілге де, дінге де әсер етеді.
 
Италияда да халықтың 10 пайызы - жат жұрттықтар. Олар заңсыз келсе де белгілі бір кезеңдерде мемлекет оларды заңдастыруға мәжбүр болады. Қазір алып қала Алматыға да мигранттар ағылып келуде.
 
Айдын Белгібаев, Алматы қалалық ІІД миграциялық полиция басқармасы басшысының орынбасары: 
2014 жылдың екі айында Алматы қаласы бойынша 25000-нан аса шетел азаматтары тіркелді. Өткен жылы 23 мыңдай адам келген. Яғни, келушілердің саны артқан.
 
Миграциялық полицияда арнайы құрылған 5 топ заңсыз мигранттарды анықтау үшін күнде рейдке шығады. Орта есеппен күніне 20-дан 90 адамға дейін гастарбайтерлер анықталады екен. Сондай рейдтің біріне біз де бірге шығып көрдік.
 
Бірінші болып бас сұққан ғимараттан-ақ заңсыз жүрген 5 мигрант ұсталды. Бесеуінің де не құжаты, не рұқсат қағазы жоқ. 10 күннен бері жұмыс істейміз, деді. Қожайындарын да танымайды. Ескендір есімді бригадир алып келді, құжаттарымыз да сол кісіде деп ақталды.
 
Ал, жататын жерлерінің сиқы - мынау. Өздері салып жатқан мейрамхананың бірінші қабаты. Табаныңнан сыз өтетін суық жерде жылы төсек түгілі санитарлық талап, тазалық туралы айтудың өзі қисынсыз.
 
Иә, 30-40 мың теңге үшін біздің азаматтар қара терге түспес еді. Арзанқол жұмыс күшінің құқықтары қорғалмайды, сақтандыру сынды мәселелермен де бас қатырмайды.
 
Көрші мемлекеттен келетіндерге ешқандай визаның да, медициналық анықтаманың да қажеті жоқ. Ол жұқпалы аурумен ауырмай ма, бұрын сотталған азамат па? Оған ешкім бас қатырып жатпайды. Бір ғана туберкулез дертімен елімізде 500 мигрант тіркелген. Тіркелмегендері қаншама? Ал, Батыс елдерінде қалай?
 
Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы:
Яғни, бірінші  ішкі еңбек нарығындағы сұранысты қарайды. Сұранысты қамтамасыз ететіндей болмаса ғана шетелдерден мигранттарды шақыртуға, оның өзінде квотамен белгілі бір мерзімге алуға рұқсат етеді.
 
Бізге мигранттар көрші жұрттан -  Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз елдерінен келеді. Олар донорлар және құрылыс нысандарында, қоғамдық тамақтану орындарында және жеке шаруашылықтарда жалданып, нәпақа табады.
 
Бәріне бірдей топырақ шашу жөн емес. Бірақ, көбіне заң бұзатындар - осы қара жұмысшылар. Тіркеуге тұрмайды, келу себептерін жасырып, мекемелер мен жеке тұлғалар қарамағында заңсыз еңбек етеді.
 
Айдын Белгібаев, Алматы қалалық ІІД миграциялық полиция басқармасы басшысының орынбасары:
Есептік мерзімінде 4000-нан аса адам әкімшілік жазаға тартылды. Олардың ішінде айыппұл салынғандар, әкімшілік қамауға алынғандар және қаладан қуылғандар бар.
 
Шекарадан өткен шетелдіктердің қайтадан шығуы қиын. Қонаққа келдім деп кірген кісілердің көбісі құрылыста істеп жүреді. Соңғы кездері заңсыз келген келімсектер қожайындарын тонап, ақша үшін адам өлтіру оқиғалары жиілеп кетті. 2013 жылдың жазында Алматыда жантүршігерлік оқиға болды.
 
Айрандай ұйып отырған бір отбасыны мигранттар қырып кетті. Тонамақ болған қаныпезерлер бір үйден екі балдырғанды, жас жеткіншек пен аяғы ауыр ананы айуандықпен өлтірген.
 
Отбасының ойраны шыққан бейбақ әке бүгін 4 қабырғада жалғыз қалды. Бақытты күндердің естелігі - суреттерге қарап, ұялы телефонына жазылған ұлдарының дауыстарын қайта-қайта қойып, тыңдағаннан басқа шарасы жоқ.
 
Ол қылмыскер бұрын істі болған екен. 2011 жылы да үй тонап, 350 мың теңге ұрлаған. Алайда, үй иесі арыз жазғанымен, мигранттың ізіне ешкім түспеген. Себебі, құқық қорғау органындағылар оның тұрғылықты жерін білмепті.
 
Ержан Сатыбалды, қала тұрғыны:
Заңсыз келімсектерді Заңмен шектеуіміз керек. Сол жұмыстың маманы ма, қолында куәлігі бар ма, жоқ па, соны анықтауымыз қажет.  
 
2013 жылы еліміздегі жұмыссыздық деңгейі - 5,4 пайызды құрады. Ал, жастар арасында 5,9 пайыз.
 
Данияр Арғынбаев, қала тұрғыны:
Қажет емес. Өзіміздің жас жігіттер, жас қыздар базар, вокзал маңын жағалап жүр.
 
Жаңа заң бойын мигранттар бізде еңбек етуі үшін ай сайын патент алады. Мемлекетке 2 айлық есептік көрсеткіш яғни, 3700 теңге көлемінде салық төлейтін болады.
 
Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші:
 Расымен де, өзімізде жұмыс іздегендер жетерлік. Ал, сырттан келгендер тапқан ақшасын өз еліне әкетіп жатыр. Өзгеге төрімізді береміз деп, төбемізге шығармасақ болғаны.  
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу