Осы аптада Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхамбетов Астанадағы «Нұр Отан» партиясына есеп беріп шықты. Ақмола облысында жемқорлық өршіп тұр.
Мемлекеттік бағдарламалар аяқсыз қалып, бөлінген қыруар қаражат шенеуніктердің көмейіне кеткен. Осыдан бірнеше жыл бұрын жарнамасы жер жарып, алаулатып-жалаулатып ашылған шаңғы базасының құрылысы бітпей, әлі күнге сіңірдей созылып келеді.
«Ақ бұлаққа» бөлінген қыруар ақша ауылға жетпей, ел-жұрттың кенезелері кеуіп отыр. Агросекторды да шырмаған алаяқтықтың кесірінен ел бюджеті есебінен салынған өндіріс орны қазір қаңырап бос тұр. Осылардың барлығын қадағалайтын кім? Әкім, оның орынбасарлары, тұтас әкімшілік.
Ал, олар сұғанақтарға тосқауыл қоюға пәрменсіз я дәрменсіз. Айтмұхамбетовтің тізесін дірілдеткен «Нұр Отан» партиясының Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық қоғамдық кеңесі.
Бұл кеңестің құрығы ұзын. Қашып кеткендеріне амал жоқ, ал көз алдымызда ойқастап жүрген талай жемқор шенеуніктің мойнына осы кеңес лақтырған шалма дөп түскен.
Бұл – Шортандыдағы шаңғы базасы. Құрылысы басталғалы сегіз жыл өтті. Бірақ бітетін түрі жоқ. Себеп - құрылыстың жыл өткен сайын құны қымбаттай береді. Алғашында ел қазынасынан 15 миллиард теңге бөлінген. Жетпеді. Мүмкін жеткізбеді. Әйтеуір, қыруар қаржы желге ұшып, жоқ болған.
Енді тапсырыс берушілер бюджеттен тағы 1 миллиард теңге транш бөлуді сұрап отыр. Егер бұл ақша бөлінбесе, нысан биыл тағы да аяқсыз қалмақ. Бұл проблемаға «Нұр Отан» партиясы араласпағанда біраз дүниенің беті әлі де ашылмай қалар ма еді.
Олег Тешков, ҚР Қорғаныс министрлігі, оқу-жаттығу орталығының басшысы:
Қазір бұл нысанның пайдаға берілуіне мүдделі жан жоқ. Жоғарыда отырғандар мұндай күрделі құрылыстың кезең-кезеңімен жүргізілуі керектігін білмейді.
Шортандыда шаңғы базасын салу идеясы Олимпиада чемпионы Владимир Смирновқа тиесілі. Атақты шаңғышының тың ойын құптаған спорт саласының басшылығы ұсынысты Елбасыға таныстырады. Президент қолдайды.
Осылайша Шортанды аумағында республикалық шаңғы базасының негізі қалана бастайды. Жоба бойынша бұл жерде шаңғы жолы, биатлонға арналған алаң мен екі трамплин салыну керек-ті. Бірақ, соңғысына қатысты проблема күн өткен сайын күрделене береді.
Игорь Верхотруов, құрылыс саласының жетекші инженері:
Әлбетте кез келген құрылыс жұмыстары уақытында аяқталмаса, мұның бәрі алдымен сол нысанның сапасына әсер етеді. Оны жасыруға болмайды. Және айналасына қайткен күнде кесірін тигізеді.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің». Мамандардың айтуынша, Шортандыдағы трамплиннен секіруге мүлдем болмайды. Себебі, бұл маңдағы ауа райының суықтығы мен желдің жылдамдығын құрылыс саларда ешкім ескермеген. Яғни, нысанның орналасқан жері ешқандай талапқа сай келмейді.
Олег Тешков, ҚР Қорғаныс министрлігі, оқу-жаттығу орталығының басшысы:
Бұл аумақта спорттың дәл осы түрін дамытудың керегі де жоқ. Себебі, Шортанды аймағынан трамплиннен секіретін бірде-бір спортшы шықпаған. Әдетте, мұндай ірі жобалар спорттың сол түрімен тұрғындары көп шұғылданатын аймақтарда салынуы керек. Ал бізде трамплиннен ешкім секірмейді. Оның үстіне биіктен секіру үшін жұртшылық еліміздің әр түкпірінен осында ағылып келеді дегенге сену қиын.
Азиада өткізіп, енді Ақ Олимпиада өткізуге де ниеттеніп отырған біздің ел үшін мұндай нысандар керек, әрине. Әлбетте, күрделі құрылысты салған екенсің, ертең оны кім ұстайды, қалай сақтайды, қалай қызмет көрсетеді дегенді алдын ала ойлау керек еді ғой. Жоқ, бізде бәрі керісінше. Бірінші салып алайық, қалғанын сосын көрерміз дейді.
Төлеген Ыбыраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең алдымен мұндай ірі нысанды салатын аймақты анықтап алу керек еді. Өйткені, бұл жай ғана шаңғы базасы емес қой. Бұл - өте ірі, технологиясы өте күрделі құрылыс. Тіпті, ертең нысанды пайдаға берген соң, оны күтіп ұстауға кім жауапты деген мәселе де алдын ала ойластырылмған. Астана емес, Алматы емес, тым болмағанда облыс орталығы да емес. Ал ондай мекеме Шортандыда бар ма?
9 миллиард теңге жұмсалған трамплиннің құрылысы 74 метрге жетіп, тұралап қалған. Ал оны салған құрылысшылар айлап ақыларын ала алмай тағы сенделіп жүр. Хош. Енді көктен жерге қарай түсейік.
Ақмолада қалыптасқан жемқорлық «Ақ бұлақ» бағдарламасын да айналып өтпепті. Мәселен, Ақкөл ауданына қарасты Азат деген ауылдың тұрғындары тұщы суға зар болғалы бес жыл өтті.
Алғашында ерні кепкен елдің шөлін басуға 52 миллион теңге бөлінеді. Сосын сол қаражатқа су айдайтын мұнара салынып, ауыл ішіне 12 шақырымдық құбыр тартылады. Бірақ амал қанша, жыл өтпей жатып, жаңағының бәрі қаңсып бос қалады. Ал арыз айтқан ауыл халқының мұң-мұқтажына тағы «Нұр Отан» партиясы араласып, былықтың бетін ашады.
Айгүл Қамарова, Азат ауылдық әкімдігінің бас маманы:
2012 жылдың ақпан айынан бастап су жоқ болып кетті. Қазір ауылда таза ауызсу атымен жоқ. Себебін Көкшетаудан келген гидролог мамандар тапты. Сөйтсе, жаңадан қазылған құдықтағы судың қоры әбден сарқылған екен.
Бір өкініштісі, осыдан кейін облыста «бұл іске кім жауапты, қазынаның қыруар қаржысына салынған құбырлар құр шіріп қала бермек пе?», деген сауалдарға ешкім де жауап іздемеген. Тіпті, су қорын анықтайтын геологиялық барлау да алдын ала жүргізілмеген.
Басты шаруаны атқарып алмай, басы қатқан Геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану комитеті енді бұл ауылдың айналасынан су қорын іздеп табуды 2016 жылға бір-ақ жоспарлапты. Оның үстіне Ақмолада тұщы судан тарығып, ащы, сор татығанынан жалығып, бір құдыретке ғана табынып отырған мұндай ауылдар аз емес.
Айгүл Қамарова, Азат ауылдық әкімдігінің бас маманы:
Қыста мал, ал жазда бақша суара алмаймыз. Әзірге үмітімізді үзбейміз. Қанша дегенмен 21-ғасырда өмір сүреміз ғой. Ауласында таза судың болғанын кім қаламайды?
Шырмауықтай шырмалып, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық Ақмолада жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай отыр. Оған жақында ғана 25 адамның «Нұр Отан» партиясының мүшелігінен мәжбүрлі түрде шығарылғандығы дәлел.
Олардың барлығы - «қанағат - қарын тойғызады», деген қағидаға қарсы шыққан мемлекеттік қызметтегі шенділер. Ал мұндай былықтың бар екенін бұған дейін Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Астана Республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері аймаққа бір емес, үш рет арнайы ат шалдырып барып, айтып, ескерту жасаған. Бірақ, естір құлақ табылмапты.
Төлеген Ыбыраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Үш жылдық қағаздарын қарап шықтым. Сол қағаздардың ішінде не әкімдік, не мәслихат, не бір басшы азамат, не бір тәртіп бұзған азамат, не бір соның көршісі немесе інісі бірде-біреуі келіп жауап бермеген. Жемқорлықты жою - Елбасының тапсырмасы. Өкінішке қарай, Ақмола облысында осындай жұмыстар жоқ болып шықты.
Ақмола облысында тіркелген жемқорлық фактілерінің көбі мемлекеттік сатып алу ісінен анықталған. Осыдан екі жыл бұрын бұл секторда небәрі 14 іс әшкере болса, былтыр 37 қылмыс тіркелген.
Екінші орында жер қатынастары саласы. 2012 жылы 3 факті тіркелсе, былтыр 8 факті анықталған. Ал мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында 17 рет жемқорлыққа жол берілген.
Қосман Айтмұхаметов, Ақмола облысының әкімі:
Бұл жерде басқармалардың басшылары, Жер қатынастары бөлімдерінің басшылары бар. Көкшетау қалалық Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы бар. Аудан әкімдері жоқ.
Ақмолалық атқамінерлер ауыл халқының арыз-шағымдарына үнемі атүсті қарайды. Тіпті, 55 азаматтың өтінішіне алты айдан бері әлі жауап берілмеген. Сонда ауылдағының аузы сасық па, әлде гәп басқада ма?
Қосман Айтмұхаметов, Ақмола облысының әкімі:
Мен осы облыстың әкімі болып тағайындалғаннан кейін, Елбасы маған сенім артқаннан кейін, қателік менен кетті. Мен ол жұмысты қолға аламын.
Біз бүгін бір ғана аймақта анықталған жемқорлық жайын сөз еттік. Мұндай былықтың барлық жерде бар екенін жасыра алмаймыз. Қайсыбірінің қашып жүргенін айтпағанда, кейбір әкім-қара мен мен олардың көмекшілерінің қамауда отырғанынан хабардар боларсыз.
Ал қоғам дамуына кедергі келтіретін мұндай келеңсіздікпен күресті «Нұр Отан» партиясы бір сәтке де бәсеңдетпек емес. Қазір партия жемқорлыққа қарсы күресті күшейтетін жаңа бағдарлама әзірлеп жатыр.
Құжаттың басты мақсаты - ұры-қарыны қоғам алдында ұялтып, масқаралау механизмін енгізу. Сонымен қатар, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық қоғамдық кеңесі елдегі «Генералдар кеңесімен» бірлесіп, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде ынтымақтастық туралы меморандум қабылдады.
Бұл құжатқа сәйкес, енді Кеңестегі барлық 116 генерал жемқорлықты анықтау шараларына бір кісідей атсалысатын болады.
Айбек ҚОБДАБАЙ