Қаракөл қойын өсірген елдер көл-көсір табысқа кенелуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаракөл қойын өсірген елдер көл-көсір табысқа кенелуде

13.04.2014
Қаракөл қойын өсірген елдер көл-көсір табысқа кенелуде
Сабындыдағы шаруашылық етті Мәскеу асырып пайда тауып жатса, Түркістандағы қаракөл қойын бағатын шопандар елтіріні елге өткізе алмай қиналып жүр. Өйткені, бізде елтіріні өңдейтін бірде-бір кәсіпорын немесе зауыт жоқ.
 
Ал, Қазақстан бойынша қазір шамамен жүз мың бас қаракөл тұқымды қой бар. Кезінде бұл көрсеткіш алпыс есе жоғары еді! Есептей беріңіз. Қаракөл тон мен қаракөл бөрік, қаракөл жағалы пальто дегендеріңіз заманында өте құнды болған, дейді аға буын. Қазір де құнсыз емес.
 
Біздің нарыққа қаракөл елтірісінен тігілген киімдер Италиядан әкелінеді. Онда да Қазақстанның елтірісі емес, Африка елдері мен өзіміздің көрші Өзбек ағайын баққан қойдың терісі. Ал, біздегі шопандар әзір тек қойдың басын көбейтумен ғана шұғылданып жүр.
 
Себеп жалғыз - жүйелі сауда, батыл қадам, мықты бағдарлама жоқ. Әйтпесе, шөлге төзімді қаракөл қойы кезінде Қазақстанның 50 миллион гектар жерінде тарыдай шашылып, жайылған екен.
 
«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір». Бірақ өнімімен бірге бейнеті де ұшан-теңіз екенін екінің бірі біле бермейді. Бұрынғы мыңғырған қой жоқ қазір, ал асыл тұқымды қой туралы айтпай-ақ қояйық.
 
Бұл - әйгілі қаракөл тұқымы. Кезінде дәл осы қаракөлден құнды қой болған жоқ. Елтірісіне тіпті Еуропа құмар еді.
 
Хисметолла Үкібаев, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық қаракөл қойын өсірушілер қауымдастығының президенті:
Доллармен бағаланды. Бір доллар 1,1 грамм алтын деп есептеліп, 1991 жылға дейін алтынға сатылып келді.
 
1990 жылы елде қаракөл тұқымының саны 6 миллионға жетті. Тек аналығының өзі 70 пайыз еді. Жыл сайын 2,5 миллион дана қаракөл елтірісі өңделген. 2010 жыл. Қаракөлдің басы 1 миллион. Кейін тіпті азайды, қазір 100 мыңға да жетпейді.
 
Хисметолла Үкібаев, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық қаракөл қойын өсірушілер қауымдастығының президенті:
100 мыңның айналасында қаракөл қойы қалған. Миллион емес, 100 мың. Санап беруге болады. Қанша бар, аралап келіп отырмын. Мүмкіншілік жоқ. Етті бағытқа өтіп кеткен.
 
Түркістандағы «Нарбет» шаруа қожалығы қаракөл қой тұқымын өсіруді бір отардан бастаған. Қазір қой басы 4 800-ге жетті.
 
Гүлжан Марқабай, тілші:
Қазір көктем уақыты төлдеу науқаны басталған шақ. Қаракөл қойларының басқа қой тұқымдарынан айырмашылығы - өсімтал болып келеді. Егізден төлдейді. Қазір менің қолымда қаракөл қойының 3 күндік төлі тұр. Бұлардың елтірісі бұйра, сонысымен қызық, сонысымен құнды. Бірақ, өсе келе терісі кәдімгі жүнге айналып кетеді.
 
Арман Жүсіпбаев, «Нарбет» шаруа қожалығының иесі:
Сойған малдың терісінің бізде құны жоқ. Тастаймыз, өртейміз. Бұрын жүнін де, терісін де өткізетін едік. Қазіргі таңда біз тек етін ғана өткіземіз. Терісін өткізе алмаймыз. Өйткені, құны жоқ. Сұраныс жоқ. Сол мәселе бойынша Үкімет тарапынан көмек болса.
 
Мына зауыт қазір қаңырап тұр. Көзге елестетіп көріңізші, кезінде жылына 2,5 миллион дана елтірі өңдейтін зауыт еді. Қарбалас тірліктің ұясы болған қауқарлы өндіріс орны 1991-ші жылы жабылып тынды.
 
Сейсенбай Тастанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының Мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің бас маманы:
Шымкенттегі зауыт тоқтап тұр. Соның себебінен елтіріні алмағандықтан еті ғана бағалануда. Ал, еті құнсыздау. Сондықтан, басы азайып бара жатыр.
 
Қаракөл қойы шөлге төзімді. Құмды, шөлейт жерлерде өсе береді. Тәулігіне бір мәрте суарсаң, қанағат ететін төзімді мал. Ал біздің шөлді қойғанда, Арқаның жайлымы да мал тұяғын тілеп, ұйысқан шөптің алаңына айналып барады.
 
Ерман Исаев, шопан:
Жылқы тектес мал. Мұның ерекшелігі осы. Шөп талғамайды. Биыл көктем ерте шығып, раң, тарақбоз, келіншекбоз шөптерін жейді. Шөлейтті жерге өте қолайлы. Күніне 20-25 шақырым жүреді.
 
Африка, Намибия, Ангола, Ауғанстан. Қазір осы елдер қаракөл қойын өсіруде көш бастап тұр. Көрші өзбек ағайын да қалыспақ емес. Қаракөл қой шаруашылығын қолға алып, сыртқа сатып, табыс табуда. 
 
Хисметолла Үкібаев, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық қаракөл қойын өсірушілер қауымдастығының президенті:
Өзбекстан апарыпты 24-25 мың, басқа елдер 800 мың, миллионға дейін апарып жатыр. Аукцион Копенгагенде өтіп жатыр. Орташа бағасы - 270 доллар.
 
Бар ғұмырын қаракөл қойын өсіруге арнап келген қарт ғалымның арманы - асыл тұқымды қойды көбейту, өнімін жүйелеу, сапасын арттыру.
 
Хисметолла Үкібаев, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық қаракөл қойын өсірушілер қауымдастығының президенті:
Субсидия керек. Өңдейтін цех керек. Қолға алу керек бәрін.
 
Ғалым, дәл осы қаракөл қойы қазақтың брендіне айналуы тиіс деген пікірде. Бірақ, ол үшін көңіл бөлу керек, Үкіметтен көмек керек. Ал, оған дейін біздің бикештер үшін қаракөлден тігілген бағалы тондарды сырттан тасымалдауға тура келеді.
 
Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Астананың дүкендеріне барыңызшы, «Керуен», «Сарыарқаға». Қымбат бағалы қаракөлден тіккен тондарды көресіз. Бағасы 3 миллион теңге. Бір тонды тігу үшін көп болса, 40 қаракөл елтірісі кетеді. Бір қаракөл елтірісінің құны 60-70 мың теңгеге дейін барған.
 
Мал басын асылдандыру қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің басты міндеті, тіпті бас ауруына айналды. Шетелден сиырды ұшақпен тасып әуреге түсіп жүргеніміз белгілі.
 
Ал, қара алтынға баланған қаракөл елтірісін ешкім есіне алғысы жоқ. Білікті ғалым Хисметолла мен Ерман шопанның тілек-қалауы әзірге арман ғана. Елге елтірісі емес еті ғана керек болып қалған қойларды күнде қуалайды.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу