Студенттер электронды домбыра жасап шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Студенттер электронды домбыра жасап шығарды

20.04.2014
Студенттер электронды домбыра жасап шығарды
Күн энергиясын үйді жылытуға, электр энергиясының орнына пайдалануға қалай қарайсыз? Қазір сенбессіз, түбі шындыққа айналары хақ. ҚазҰТУ-дың студенттері АҚШ-тың Техас университетінің ғалымдарымен бірігіп, осы жобаға мықтап кірісті.
 
Қазір күннің энергиясын электр тоғына айналдыратын батареялар үшін фотоэлементтер жасап жатыр. Ал, II курс студенті Назифа Бақтыбайқызы Венера планетасын зерттемек. Ол «аэростат» ғылыми-зерттеу кешенін ойлап тапты.
 
Ал, Дархан деген бауырымыз домбыраны - жаһандану үрдісімен жаңаруға көшті. Қолдансаң - қоңыр әуен. Саусағыңды тигізсең, саз төгіледі. Студенттер электронды домбыра жасап шығарды.
 
Әлем үздіксіз қозғалыс, үдемелі даму үстінде. 2030 жылға қарай қуат тұтыну көлемі 55 пайызға артады деген дерек бар. Яғни, адамзат болашақта электр энергиясының тапшылығына тап болады. Айтжан Түктібаев түтікшілер арқылы күннен қуат алумен шұғылдануда.
 
Айтжан Түктібаев, II курс магистранты:
Нанотүтікше деген - өте жіңішке түтікше. Оларды біз қазір мынадай ұяшықтар жасауда қолданып жатырмыз. Бұл ұяшықтар күн энергиясын электр энергиясына айналдырады. Айнаға жабыстырып, осы арқылы электр энергиясын алып жатырмыз.
 
Күн энергиясынан қуат алатын батареяның көлемі 1 шаршы метр. Мамандар, бір үйге осындай 2-3 батарея қойса жетіп жатыр, дейді. Бұл әзірге ғылыми жоба ғана. Ал, жүзеге асса тиімді тұсы көп болмақ. Қазіргі электр энергиясынан 5-6 есе арзан әрі бұл батареяларды жасау үшін тау-кен, металлургия өндірісін ұйымдастырып, бірнеше зауыт салудың да қажеті жоқ. 
 
Дәулетхан Смағұлов, техника ғылымдарының докторы, профессор:
Ешбір күрделі шығынды қажет етпейді. Осындай лабораториялық жағдайда өндіріс ұйымдастыруға болады. Негізгі айырмашылығы барлық технологиялардан органикалық материалдар қолданылады. Қымбат жартылай өткізгіштер және  зиянды химиялық улы элементтер қолданылмайды.
 
Идея ескі болғанымен әлем ғалымдары әлі күнге іске асыра алмай келеді. Күннен алынған энергия 10 пайыздан аспай тұр.
 
Дәулетхан Смағұлов, техника ғылымдарының докторы, профессор:
Жалпы, кремний элементі 19 пайызға дейін береді. Егер сол дәрежеге жеткізсек, онда бүкіл дүниежүзіне ұсынуға болады. 
 
Жоба аяқталып қолданысқа енсе, болашақта сіз бен біздің үйде электр сымдарының орнында осындай батареялар тұруы ғажап емес. Ал, II курс студенті Назифа Бақтыбайқызы Венера планетасын зерттемек. Кішкене кезінен космосқа ұшуды армандаған ол бұл жобасын мектепте оқыған кезінен бастапты.
 
Назифа Бақтыбайқызы, II курс студенті:
Неге біз Марс емес Венераны алдық? Себебі, ол Жердің егізі. Көлемі, массасы, физикалық маңызы жағынан да Жерге ұқсас. Венерада бұрын су болған деген болжам бар. Алайда, қазір онда өмір сүру мүмкін емес. Цельсий бағамы бойынша 600 градус, ал қысымы жоғары. Кейін жерге сондай қауіп төнеді деген болжам бар. Сондықтан, оған жол бермес үшін біз Венераның неге және қалай өзгеріске ұшырағанын зерттеуіміз керек.
 
Назифаның бұл жобасына қазір Америка ғалымдары қызығып отыр. Арнайы грант береміз деп оқуға да шақырыпты. Жоспар бойынша екі жылдан соң жобасын толық аяқтаса, Еуропада тәжірибеден өткізеді. Содан соң, Байқоңырдан аппаратты ұшырады. Ол ұзақ уақыт бойы Венераны зерттейді.
 
Енді ұлттық аспаптар тақырыбына ойыссақ. Бізде қобыз бен домбыра үйрететін үлкен портал, арнайы сайттар жоқ. Домбыра үйренуге құлықтылар болса, қуана беріңіздер.   Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенттері арнайы сайт ашып, онымен қоймай электронды домбыра жобасын жасауда.
 
Сайтқа «Адай», «Сарыарқа», «Ерке сылқым» сынды 12 күй және пернелер мен қағыстарды үйрететін 27 видео салған. Оны 1 жылға жетпей 100-мыңнан аса адам тамашалаған. Күніне 100 шақты адам қарап үйренеді екен. Себебі, тиімді. Біріншіден-ақысыз, әрі өзіңізге ыңғайлы уақытта кіріп, көре бересіз. 
 
Мейрамбек Жапаров, СДУ PhD, Microlearning зерттеу орталығының меңгерушісі:
Мақсатымыз - күйлердің шығу тарихын, маңызын сырттағы қазақтарға, шетелдіктерге көрсету. Терме, халықтық әндерді де қойғымыз келіп жатыр.
 
Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші:
«Microlearning домбыра» жобасына яғни, ғаламтордағы видеоға қарап, мен сияқты әуесқой үйренемін деушілер 1 айда 3-4 күйді меңгеріп алуына болады екен. Ал, домбыра үренуді одан да жеңілдету үшін қазір «виртуалды домбыра» жобасы әзірленіп жатыр.
 
Қуат Мұсабеков, III курс студенті:
Виртуалды домбыра дегеніміз - сіздің телефоныңызға арнайы бағдарлама орнатылады. Бағдарламадан кейін телефонды домбыраның суретіне апарсаңыз домбыраның 3D моделі шығады. Оны барлық ракурста қарай аласыз. Суретте қай нотаны саусақпен бассаңыз, сол нотаның дыбысы шығады. Мұның ішінде тек 3D моделі ғана емес, домбыраның сабақтары да болады.
 
Арнайы бағдарламаны ұялы телефоныңызға жүктесеңіз жетіп жатыр. Қарапайым қағаз домбыраның суретіне телефонды апарсаңыз да 3D форматында домбыра шыға келеді. Ары қарай, шанақтан шығатын әсем әуен мониторыңыздан төгіледі. 
 
Ал, осы орайда интернет пайдалаушылардың 40 пайызы ұялы телефон арқылы кіретінін ескеріңіз. Сондықтан, бұл жоба - бас бармақпен бағалауға болатын бастама. Ал, күн көзінен тоқ қуатын тарту тіптен тамаша іс. Кіріспесінде керек пайдасын келтірдік. Түйіндеп айтсақ, күн энергиясының көзін табу - артық шығыннан арылу деген сөз. Таза, табиғи өнім тұтынуға деген талпыныс. Ендеше, жастардың жарамды істерінен нақты нәтиже ғана күту қалды.
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу