Мұхит Тұрсынов – «Қазақстан Барысы» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұхит Тұрсынов – «Қазақстан Барысы»

29.06.2014
Мұхит Тұрсынов – «Қазақстан Барысы»
 
Бірер сағат бұрын қазақ күресінен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі аяқталды. Аталған жарысты қазақтың Ұлттық арнасы мен «KAZsport» телеарнасы көпшілік көрерменге тікелей эфирде таратты.
 
Сонымен қатар, биылғы турнирді алыс-жақын шетелдік жанкүйерлерде тамашалауға мүмкіндік алды. Ал жарыстың жаңалығына келетін болсақ, «Қазақстан Барысының» былтырғы финалдық белдесулерінде төрешілерге байланысты үлкен дау болған-ды.
 
Осы түйткілді мәселеге орай ұйымдастырушылар ақылдаса келіп, биылғы жарыста төрешілердің санын азайтты. Сөйтіп, жаңа ғана тәмам болған турнирге өз ісін жақсы меңгерген, қара қылды қақ жаратын ең мықты 6 төреші қазылық етті. Әрі биыл төрешілердің шешіміне араласып, билік жүргізетін алқа билер болған жоқ.
 
Сондай-ақ, биыл қазақ күресінің финалдық кезеңіне іріктеу турлары да ерекше қатаң тәртіппен өтіп, осы іріктеулерден іркілмей өткен кілең мықтылар ғана финалдық кезеңге жолдама алды. Сөйтіп, барлығы 28 палуан бүгін өзара бақ сынасты.
 
Биылғы турнирдің сенсациясы - жауырыны жер иіскемей келген Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Шалқар Жоламанов секілді кіл мықтылар жарыстың ақтық мәресіне жете алмады. Ал ақтық сында шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов пен қарағандылық Асыл Барменов белдесіп, Мұхит Тұрсынов алтын белбеумен бірге «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алды.
 
Ал күміс белбеу Асыл Барменовке бұйырса, қол жүлде «Сыр барысы» Руслан Әбдіразақовтың қанжығасында кетті. Айта кетейік, осы Русланмен қола жүлде үшін күрескен Даулетхан Жақыпов өзінің жастығына қарамастан, тамаша өнер көрсетіп, жеңіске деген жігерінің арқасында көрермен көзайымына арналған көлікке ие болды.

Хабарламаларға жазылу