Алматы қаласында «Наурызбай» атты жаңа аудан ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласында «Наурызбай» атты жаңа аудан ашылды

13.07.2014
Алматы қаласында «Наурызбай» атты жаңа аудан ашылды

Алматы қаласында сегізінші аудан пайда болды. Сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының 23 мың гектар жерін Алматы қаласына қосу туралы тапсырма берген еді. Соған сай алып мегаполис тағы бір жаңа ауданмен толықты. «Наурызбай» атанған шаһардың сегізінші ауданына 11 елді мекен мен 400 мыңнан астам  халқы бар Әуезов ауданының бір бөлігі шоғырланды.

Аумағы – 6900 гектар. Жалпы халық саны – 157 мың. Бүгінгі күні жергілікті билік кем-кетікті түгендеп, реттеу жұмыстарын  бастады. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 3,3 миллиард теңге бөлінген. Алып шаһар мәртебесін алған ауылдардың қазіргі тыныс-тіршілігі қалай өрбуде?

Алматы қаласында бұған дейін 7 аудан болған. Мемлекет басшысының Жарлығына сай шаһарға жаңа қосылған 27 елді мекеннің 10 ауылы мен 117 саяжай массивін топтастырып, сегізінші аудан құру туралы шешімді қалалық мәслихат та құптапты. Өйткені, қала іргесінде тұрып жатқан тұрғындар құжат мәселесіне қатысты шаруаны тындыру үшін 40 шақырым жердегі аудан орталығына сабылушы еді. Енді бұл жұмыс жеңілдеді.

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі: 

Біздің жаңа аудан құру жөніндегі ұсынысымызды Үкімет жете зерттеді, пысықтады. Содан кейін ғана Мемлекет басшысына ұсыныс хат түсірдік. Мемлекет басшысы қаланың жаңа ауданын құру туралы ұсынысымызды қолдады. Біз ауданымызды Ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы болған Наурызбай батыр есімімен атадық. Мемлекет қазынасынан 3,3 миллиард теңге бөлінген қаражатқа ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін түзейміз.

«Тау самалы» - жаңа ауданның орталығы. Кіреберістен-ақ, кедір-бұдыр жолдарға тап боласыз. Тұрғындарды қажытатыны көрініп-ақ тұр. Енді орталықтағы  алғашқы жұмыс осы жолдардан басталатын сыңайлы.

Бекболат Қоңырбаев, қалалық Автокөлік жолдары басқармасының жоспарлау бөлімінің басшысы:

Биылғы жылға Алматы қаласына қосылып отырған  жаңа аудандарға  бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат  бөлінді. Біз аралап шыққан  аудандардың ішінде  600 шақырымдай жол қосылады. 80 пайызына  жол салынуы керек. Жылдың аяғына дейін жасап бітіреміз деп отырмыз.

Мұнда ауызсу мәселесі де тұрғындарды әбігерге салған. 63 жастағы Әмина ана түскі уақытта бос құтыларын алып көшеге асығады. Сондағы асығатыны - бір сағаттың көлемінде беріліп, үлгермесең өшіп қалатын судың кезегі.

Әмина Рақымжанова, Наурызбай ауданының тұрғыны:

Жаздың кезінде судан таршылық көреміз. Берілген уақытында алып үлгермей қалсам, қаладан тасимын, болмаса дүкеннен сатып аламын. Қала атандық қой. Енді мәселе шешіледі деп ойлаймын. Ал, жалпы ауданымыз өте тыныш. Тәртіп сақшылары жақсы күзетеді.  

Қуантатыны, жарық бар. Көгілдір отынмен де 60 пайызы қамтылған. Ал, аурухана, мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандардың құрылысы қалай шешіледі? 157 мың тұрғынның көкейіндегі сауалға ауданның жаңа әкімі тұщымды жауап беруге тырысты.

Қуаныш Қашқымбаев, Наурызбай ауданының әкімі:

Атқарар шаруа шаш етектен. Мұнда бар-жоғы 4 медициналық орталық,  6 мектеп, бір ғана балабақша бар. Бұл балаларға дұрыс білім беруге жеткіліксіз. Қазір біз қалалық Сәулет және жер қатынастары басқармасымен осы нысандар бой көтеретін орындарды іздестіріп жатырмыз. Қанша қаражат жұмсалатыны жөнінде бас жоспар әзірлеудеміз. 

Әйтпесе, бүгінгінің талабына сай келетін бір ғана мектеп  бар. Ол - Тау самалы ауылындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы білім ордасы. 248 балаға шақталған. Осы тектес мектептерді көбейтуге жергілікті билік асығып отыр. Ал, Тастыбұлақтағы Ақсай балалар ауруханасының жөні бөлек. Себебі, мұнда республиканың әр өңірінен балалар келіп, ем-дом алады. Балғындар сырқатының алдын-алу үшін қазір соңғы үлгідегі технологиялармен жұмыс істейді.

Исамдун Харамов, «Ақсай» республикалық балалар ауруханасының ортопедиялық бөлім меңгерушісі:

Қазір біз шет мемлекеттермен  байланыста болуға тырысамыз. Өйткені, медицина бір орында тұрмайды. Сол себептен біздің дәрігерлеріміз ізденіп, шетелде оқуға, өсуге тырысып жатыр.

10 елді мекені бар ауданға бұл аздық етеді. Сондықтан, заманауи медициналық орталықтың жанынан қазір тағы бір аурухананың құрылысы жүргізілуде.

Қала құрамына кірген жаңа ауданда халықтың негізгі күн көрісі шағын және орта бизнеске байланған. Жарас Кеңесбайұлы мына автокөліктің техникалық ақауын тексеретін орталықты осыдан 6 ай бұрын жалға алған. Айына 300 мың теңге төлейді. Күніне 6-7 автокөлікті жөндеп шығарады. Құны да қымбат емес, нарықтағы баға.

Жарас Қожалепесов, кәсіпкер:

Мемлекет шағын бизнесті дамытуда. Соны біз әрі қарай жалғастырып жатырмыз.  Қалаға кіргеніміз өте жақсы. Тапсырыс берушілер келіп жатыр.  Бұрын аздау болатын. Енді қалаға кірген соң  әрі қарай жұмыс жақсы болатын шығар.

Айгүл ЕРМАХАН

 

Хабарламаларға жазылу