Жатақхана іздеп жүр, талай қазақ баласы... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жатақхана іздеп жүр, талай қазақ баласы...

07.09.2014
Жатақхана іздеп жүр, талай қазақ баласы...

«Apta.kz» жаңа маусымда жаңа айдар ашты. Ол қымбатты көрермен, Сіздерді толғандырған көкейтесті мәселелерге арналады. Қоғамдағы қордаланған түйткілдерден бөлек, күнделікті күйбең тірлікте кездесетін мәселелеріңіз болса, мархабат.

Біз құлақ асуға әзірміз. Араларынан пышақ жүзіндей өткір, өзекті  дегендерін іріктеп, журналистік зерттеу жүргіземіз. Ол үшін apta.kz@kaztrk.kz деген электрондық поштамызға хат жазыңыз. Сондай-ақ, 55-38-45 телефонына қоңырау шалыңыз.

Ал, бүгін біз аймақтардағы ата-аналардан келген алғашқы хаттардың бірін назарға алдық. Қысқаша мазмұны  жаңа оқу жылы басталғалы көлбең еткен, көпшіліктің өкпе-ызасын тудырған жатақхана мәселесі. Жастар қашанға дейін орын ала алмай жосылады?  Жатақханалар салынып жатыр ма өзі?

Жатақхана іздеп жүр, талай қазақ баласы. Сол талайдың бірі – Нұрлыбек Таласбек. Бір орын бұйырып қалар деп, бүгін де жатақхана алдын таңнан бері торып жүр.

Нұрлыбек Таласбек, студент:

Осында таңертеңнен бері студенттер үйінен орын алуға үміттеніп тұрмын. Мұндағы тұрған студенттердің барлығы мен сияқты, студент үйінен орын алуға үміттеніп тұр.

Үміттілер көп, орын аз. Астанаға жастар ағылған сайын, баспана мәселесі ушығып барады. Мысалы, елордадағы іргелі оқу орны Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қауқары студенттердің 30-ақ пайызын жатақханамен қамтуға әрең жетеді. Қалған 70 пайызы баспананы өз күшімен іздеп табады.

Нұрлыбек Таласбек, студент:

Жатақхана берілмеген жағдайда білмеймін енді. Мұнда туыстарым жоқ және өзім көпбалалы отбасынанмын. Пәтер жалдап тұруға менің жағдайым жоқ.

Бұл Астанадағы ғана ахуал емес. Қай қаланы алсаң да, жатақхана «жыры» алдыңнан шығады. Мынау – Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты. Биыл 100 студентке орын жетпей жатыр. Аты дардай оқу орнына бір-ақ жатақхана тиесілі.

Нұрмұхамед Серікбаев, студент:

Жатақхана жоқ, жетпей жатыр, дейді. 2-ші курсқа, әлі төменгі курстарға жетпей жатыр, сондықтан, сендерге енді пәтерге шығуға тура келеді, дейді.

Қазір оқу орнының басшылары тығырықтан шығудың жолын іздестіріп жатыр. Соның бірі, қос қабатты керуеттер сатып алу.

Тілеген Ахметов, ҚМПИ проректоры:

Бізде бір-ақ жатақхана бар. 365 орындық, Оған 2 ярусты керуеттерге тапсырыс бердік. Ол керуеттер келеді. Қосымша орындар болады.

Ал, Астанаға екі деңгейдегі керуеттер әлдеқашан келіп қойған. Тар бөлмені тіреп тұр. Амалдың жоқтығынан тар бөлмеге алты адамды орналастыруға  тура келеді.

Еркебұлан Нұғыманов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттер үйі дирекциясының директоры:

Аздық етеді. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, 16 мың 500 студентке қазір барлығын алатын болсақ, соның 5 мыңға жуығын ғана жатақханамен қамтамасыз етіп отырмыз. Оны министрлік біледі.

Бірақ, жатақхана бөлмесінің бір бұрышы бұйырғанына Мадияр да мәз.

Мадияр Молдадосов, студент:

Пәтер қымбаттап кеткен қазір 1,2-бөлмелі пәтерлер180 мың дейді. Ай сайын адам басына шаққанда 35 мыңнан шығады. Ол 35 мыңды бір жылға осы жатақханаға төлеп, он ай тұрған дұрыс қой.

Жаңа оқу жылымен қоса, Диана үшін бейнетті күндер басталды. Оған биыл да жатақхана бұйырмады. Жалдамалы пәтердің құнын төлеу үшін Диана даяшы болып жұмысқа орналасты.

Диана Дәулетбаева, студент:

Университет басшысына бардық, биыл жатақхана болмайды деді. Сондықтан, қыздармен қосылып, пәтер жалдап тұрамыз. Ата-анамнан ақша сұрағым келмейді. Сондықтан, жұмысқа орналастым.

Оқу, яки жұмыс. Диана үшін таңдау жоқ. Ол оқу үшін де жұмыс істеп жүр.

Бахтияр Үсербаев, студент:

Жұмыс істеп жатқан адам қайтіп сабақ оқысын? Ақша табамын деген адам. Ал, ол қазір сабақ оқыған жоқ, келешек ол студент Қазақстанның үмітін қалай ақтайды? Жүк тасушы немесе күзетте жұмыс істеген бала қалай Қазақстанымыздың Туын биікке көтереміз деп ойлайды?!

2010 жылы Үкіметте «Студенттер баспанасы» атты бағдарлама қабылданған болатын. Ол бағдарлама бойынша 2015 жылға дейін 32 жаңа жатақхана салынуы тиіс еді. Өткен 4 жылда 10 жатақхана салынды. Бағдарламаның бір жылы қалды, уәделі 22 жатақхананың қашан салынып бітері, қашан кәдеге асары, қашан студенттерге бұйырары белгісіз.

Рахман Алшанов, ЖОО қауымдастығының президенті:

Бағдарлама бар. Өткен жылғыдай қарқын байқалмайды. Енді айтылып отырған нәрсе бұл бағдарлама бәсеңдеп қалмасын. Сұраныс төмендеген жоқ.

Сонымен, жастар  қайда жатады? Экс вице-министр Мұрат Әбенов мынадай ұсыныс айтады.

Мұрат Әбенов, «Өрлеу» Ұлттық Орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

Студенттерге пәтерге жатқан қаражатын өтеу. Мысалы, ол да бір шешім болар еді. 100 пайыз өтеу қиын, дегенмен де бір мөлшерін беру. Мысалы, студенттерге жатақханадан орын жетпесе, бірақ ол грант иегері болатын болса, онда жататын орын қаражатының бір бөлігі мемлекет тарапынан төленсе, ол да бір тығырықтан шығатын жол болар еді.

Біздегі білім жүйесі азаттықпен бірге реформадан көз ашпаған сала. Нәтиже жоқ емес, көп те емес. Мысалы, 50 мың студент тұрақ таппай тентіреп жүр. Ал, үйі жоқтың қашанда күйі жоқ.

Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу