Қазақ елінде 33 мыңнан аса жетім бала бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елінде 33 мыңнан аса жетім бала бар

07.09.2014
Қазақ елінде 33 мыңнан аса жетім бала бар

Балалар үйіндегі тағдыры қиын да қилы жәудіркөз жетімектеріміздің жайын сөз қылайық.  Талай тастандыны көргенмен, шырылдатып үш баласын тастап кеткенді көрмеппіз бұрын-соңды.

Олар – ерекше. Олар – ешкімге ұқсамайды. Олар – үшем. Бұл фәниде бір перзентке зар болып жүргендер көп-ау, ал тағдыр сыйлаған бақты бағаламай, тоғыз ай көтерген үшемін жетімханаға тастаған тасбауыр әке-шешеге не дерсіз. Ол үшем  қазір Астанадағы балалар үйінде.

Қазақтың елінде қазір 33 мыңнан аса жетім бала бар. 21 мыңын олардың туыстары мен сәби сүйе алмай жүрген жанұялар асырап алса, 1900 бала патронаттық тәрбиеде. Қалған 9 мыңы балалар үйінің қамқорлығында. Сол 9 мыңның көйлектері көк, тамақтары тоқ-ау, бірақ бүтін отбасыға жетпейді ғой.

Енді Үкімет бала асырап алуға ниетті отбасыларды былайша қолдамақ. Бұрын оларға айына 18 мың теңге төленіп келсе, алдағы уақытта бұл ақша бірнеше есеге өседі. 10 немесе одан да көп бала асырап алған отбасының айлығы артып, баспанасын жөндеуге қаржы берілуі мүмкін.

Забира Оразалиева, ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы:

2015 жылдың қаңтарынан бастап баланы асырап алған азаматтарға 75 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ол 148 мың теңге көлемінде біржолғы ақшалай төлемақы төленетін болады. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда жалпы жетім балалардың саны 5 мың балаға азайды.

Әкесіз жетім – жарты жетім. Шешесіз жетім – анық жетім деген. Алда Отбасы күні  мерекесі келе жатыр. Балалар үйіндегі балғындарымыз да бақытты болуға, махаббатқа бөленуге лайық. Өйткені, олар - жанұя жылулығына зәру. Солардың бірі - бұл жалғанның есігін бір күнде ашқан үшемдер. Отбасы күні мерекесі қарсаңында оларды іздеп бардық.

Ана сүтін ембеген, құшағына енбеген, аялы алақанын көрмеген тағдырлы балалар. Галина. Лилия. Рамазан. Кесілген кіндіктері кеуіп үлгермеген үшемнен көкек ана бас тартыпты. Балғындар бүгінде - 11 жаста.

Бірі - естияр. Бірінің еті тірі. Үшіншісі керісінше, ұяң. Ағайынды Грибинюктар күндізгі уақыттарын осы бөлмеде өткізеді. Лилия судыратып кітап оқиды, көңілге тоқиды.  Галина мен Рамазан суретті ермек қылады.

Лилия Грибинюк, Астана қалалық №1 Балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Мен өскенде мұғалім болғым келеді. Тәрбиешілер секілді оларға білім бергім келеді. Маған қазақ тілі сабағы өте қатты ұнайды.

Рамазан Грибинюк, Астана қалалық №1 Балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Дәрігер болғым келеді. Өйткені, адамдарды емдеймін, құтқарамын. 

Галина Грибинюк, Астана қалалық №1 Балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Менің биші болғым келеді.  Маған би үйірмесі қатты ұнайды.

Армандары асқақ ағайындылардың көздерінде мұң бар. Сыртқа білдірмегендерімен әке-шешеге, отбасыға деген сағыныштары мына суреттерінен байқалады. Галя еңселі үй салса, Рамазан отбасын түгендеді.

Рамазан Грибинюк, Астана қалалық №1 Балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Отбасымның суретін салдым. Мынау - папам, мынау - мамам, Галя, мен және Лилия. Сендерді қатты жақсы көремін. Сағындым! Құшақтар едім.

Қандары орыс болғанымен, үшемнің жандары – қазақ. Тіл сайрап тұр, намыс қайнап тұр. Рамазан тіпті өз еркімен сүндетке отырыпты. Қара шанақты домбыраны қағып-қағып, күй күмбірлетті.

Сабаққа дейін уақыт бар. Жұптары жазылмайтын үшем бой жазу үшін сыртқа шықты. Қазір балалар үйінде бұлармен тағдырлас 161 бала тәрбиеленіп жатыр. Барлығы -  бір отбасы. Сырлары ортақ, мұңдары ортақ.

Қорлан Тайсағанова, аға тәрбиеші:

Рамазан кішкене тұйықтау, бірақ қияңқылығы бар. Ал Лилия өзін алда ұстайды, лидерлік қасиеті бар. Ал Галя үлкендеу болған соң,  екеуінің сөмкелерін тасып жүреді, екеуінің бүкіл киімдерін жинап жүреді.

Үшем Қорланның көз алдында есейіп келеді. Тілдері былдырлап, қаз басқан қадамдары күні кеше. Бүгінде қолды-аяққа тұрмайды. Қорлан тәрбиеші сүйкімді балалардың болашағына алаңдайды, ана ғой өзі де.

Қорлан Тайсағанова, аға тәрбиеші:

Кейде ойнап жатқанда естимін. Сен папа бол, мен мама боламын деп жатады. Олар да армандайды ғой. Кейде құрбыларының ата-аналары келіп жатқанда іштері күйеді деп ойлаймын.

Бірінің әке-шешелері келіп қуантып, енді бірін туыстары қыдыртуға сұрап алып жатса, бұл үшеуінің іздеушілері жоқ. Жүрекке біз сұғылғандай болатыны рас. Сондықтан, естияр Галинаның бауырларынан айырылғысы жоқ.

Галина Грибинюк, Астана қалалық №1 Балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Олар мысалы, бір жаққа кеткенде мен оларды қатты сағынамын. Осыдан шыққан кейін бірге колледжге түсіп, оны қызыл дипломға бітіргіміз келеді. Жұмыс істегіміз келеді.

Лилия Грибинюк, Астана қалалық №1 Балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Мен өскенде балаларымды қалдырып кетпеймін. Олардың үнемі қасында жүремін. Оларды оқытамын, білім беремін. Мен бұл жерден шыққаннан кейін ата-анамды іздеп тауып аламын.

Түстен кейін сабақ басталды. Біздің кейіпкерлер үшін сүйікті пән – әдебиет. Балалар «Мен жазғы демалысымды қайда өткіздім?» деген тақырыпта шығарма жазуға кірісті. Мұндай тақырыптар үшемдерге қиынға соғады. Себебі, демалысты туған отбасыңмен өткізудің орны бөлек қой.

Динара Мұхтарқызы, Астана қалалық №8 мектеп мұғалімі:

«Менің анам» және «Менің отбасым» деген шығарма жаздырғанда олар абдырап қалды. Не жазамыз дегендей. Сол кезде мен қиын сәттен алып шықтым. Балалар үйін немесе мұғалімді жаз. Ата-ана сенің қиялыңда қандай соны жаз деп бағыт бергенбіз.

Ұстаз алақаны ананың алақанына татиды. Мейірімге мұқтаж бала үшін бұл зор қуаныш, зор қолдау. Ағалық ниетпен біз де үшемді сабақтарынан сұрап алдық. Бой сергітсін, серпілсін деп.

Лилия Грибинюк, Астана қалалық №1 Балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Бізге бүгін ойындар қатты ұнады. Мұнда ойын-сауықтар өте көп. Елімізде жетімдер болмасын. Барлық бала бақытты болсын!

Арман дейтін бұл арғымақ. Өскенде әке-шешемізді қалайда іздеп табамыз деген Рамазан бүгін арғымаққа отырды. Шанада бауырлары, көңілдері шадыман. Рамазанның арғымағы сүрінбесін. Тағдырлы жолда алдарынан күн күлімдесін!

Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу