Калачи секілді танымал ауыл жоқ шығар, қазір Қазақстанда. Ақмола облысындағы тылсым ауруға шырматылған осы бір ауылда ахуал әлі жақсара қойған жоқ, жасырмайық.
Калачи ауылындағы тосын жағдайдың жауабы табылмай тұрғанына тура бір жылдан асты.
Жұмбақ құбылыс 2013 жылдың наурыз айында тіркелген еді. Содан бері бас айналу, ұйқышылдық, ұмытшақтық, тіпті, естен тану белгілерімен ауылдың 60-қа тарта тұрғыны дәрігерлерге жүгінген.
Оқиға өңірде елеулі алаңдаушылық туғызып, республикамыздың жетекші ақпарат құралдары әрқилы хабарлар таратты. Бірақ, мәселенің түп-төркініне жетіп, себебін айтқан ешкім жоқ.
Бұл - Калачи жұрты емес. Бірақ, ауыл тұрғындарының айтқанына сенсек, дертке душар болғандар дәл осылай көшеде де қор ете қалады екен.
Сонымен, жұртты ұйқыға тартатын не? Тұмау секілді дерт пе, әлде ауаға химиялық бір қосынды тарап кеткен бе?
Бізге белгілісі - ең алғаш ұйқы дерті 2013 жылдың көктемінде тіркелгендігі. Бірінші ауырған адамды да таптық. Ол - Балкүміс дейтін апай.
Балкүміс Хасенова, Калачи ауылының тұрғыны:
Келдім де, диванға жаттым. Ары қарай ештеңе білмеймін.
Алғашқы науқасты таптық. Бірақ, дертке себеп не болды, деген сұраққа жауап ала алмадық. Бұл кісі ауылдан асып ешқайда шықпаған. Яғни, ауру сырттан келуі мүмкін, алғашқы науқас соны өзге аймақтан өзімен бірге «арқалай» келуі мүмкін, деген нұсқаны сызып тастаймыз. Тиісінше, ұйқы дерті жұқпалы емес.
Көп өтпей, Балкүміс апай айтқан симптомдармен ауылдың бірнеше тұрғыны түскен. Алғашында дәрігерлер «ауыл жұрты самогон ішкен, дерт соның салдары», деп шешкен.
Алайда, емханаға түскен кісілер ол күні ішімдікті татып та алмаған. Қан құрамында алкоголь мүлдем болмаған. Бұл жайт белгілі болғанда, дәрігерлер диагнозды амалсыз өзгерткен.
Роман Сүлейменов, психиатр:
Менің ойымша, тұрғындар бұқаралық психозға шылдыққан.
Бұқаралық психоз дегеніміз - мәселен, бір адам «өзімді жайсыз сезініп тұрмын», десе, соны тыңдап тұрған жанындағы кісі де ауыра бастайды. Бірақ, Калачидегі дерт бұқаралық психозға келмейді. Себебі, 2,5 жастағы сәбиде ұйқы ауруымен науқастанған.
Владимир Носов, Ұлттық ядролық орталық қызметкері:
Бәрімізге белгілі, бұқаралық психозға ес білер жасқа жеткен адамдар ғана тап болады. Ал, 2 жасар балада сана қалыптаспаған. Біз әзірге бұл аурудың диагнозын анықтай алмай отырмыз.
Калачи жұртына не болды? 2013 жылы алғаш рет бұл ауру тіркелді дегенде, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше маман жіберді. Күз басында вице-министр журналистерді жиып, Калачи туралы ақпар бергені тағы бар.
Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:
Комиссияның жұмысы барысында шамамен 500 рет ауа құрамы, 760 рет радиациялық фон өлшемдері сараптамадан өткізілді. Барлық көрсеткіштер қалыпты деңгейден аспағандығын көрсетті.
Ауыл жұртының дерт туралы өз теориясы бар. Олардың ойынша, бар пәлеге себепкер - ауыл сыртындағы уран кеніші. Үп еткен жел ескі шахтадағы шаңды осында көтеріп әкеледі. Ол ауаға тарап, содан жұрт ауырып жатыр, деп ойлайды мұндағылар. Ұлттық ядролық орталық ғалымдары не дейді?
Виталий Романенко, Ұлттық ядролық орталық қызметкері:
Бұл дерттің вирустық та, бактериялық та сипаты жоқ екенін айтқым келеді. Судың, ауаның радиациялық фоны қалыпты. Ал, сараптама нәтижелері оның сәулелік ауру екенін де теріске шығарып берді.
Калачи тұрғындары уранмен ілесе жүретін радон дейтін газбен уланған. Томск университетінің ғалымдары осындай пікір айтып отыр.
Олардың сөзіне сенсек, радон елітетін, естен тандыратын қасиетке ие екен.
Мәселен, радонның құрамындағы «ксенон» дейтін зат медицинада ота жасау кезінде наркоз ретінде қолданылады. Ксеноннан дайындалған дәрі егілген соң адам бірден ұйықтайды. Есін жиғанның өзінде талмаусырап отырады.
Елена Кухта, Калачи ауылының тұрғыны:
Олар ұйқыдан оянғаннан кейін әртүрлі нәрсе көреді. Жүрегі лоқсып, құсқысы келеді. Сабырсыз болып кетеді. Олар қайда жатқанын түсіне алмайды.
Николай Черкасов, Калачи ауылының тұрғыны:
Ұйықтап қалып, екі күннен соң есімді жидым. Бірақ, есірткіге елітіп алған адам сияқты тұрыппын.
Ауыл жұртының ауырған адам туралы айтқандары мен наркоздан кейінгі мына баланың жағдайы бір-біріне ұқсай ма?! Әрине, ұқсайды.
Ал, енді жұтса адамды елітіп тастайтын бұл радон Калачиде қайдан жүр? Радон уранмен ілесе жүретін газ. Іргедегі шахтаны кезінде су толтырып жапқан. Газ сумен жерге сіңген. Көктем келісімен тереңде жатқан радон жер бетіне буланып шыға бастайды. Көп бөлігі ашық ауаға жайылып кетеді. Бұл - қауіпті емес.
Біраз газ ауылдағы үйлердің жертөлесіне жиналып қалады, тығыздалады, едендегі тесіктер арқылы үй ішіне жайылады. Ендігі сұрақ, ұйқымен ауырмауға бола ма?
Елена Заклязьмиснкая, Томск университетінің ғылыми қызметкері:
Радонды бақылауда ұстауға болады. Радонды емдік шарада қолданып жатқан жерлер көп. Сондықтан, даурығатын ештеңе жоқ. Ол үшін жертөле, жабық мекемелерді желдету, құдық суын тұндырып алу, суды арнайы сүзгіден өткізу, қарды алыс жерге апарып тастау секілді белгілі бір ережелерді сақтаса болғаны.
Уран жерге жақын жатса тірі жанды елітіп тастайтынын біздің қазекем ежелден білген ғой.
Созақ жақта «Ұйқылы сай» деген жер бар. Бұрындары қой бағып жүрген шопандар өздері де, қойлары да ұйықтай беретін болған соң солай атаған.
Ол мекенді «жын жайлаған жер», деп алыс жүруге тырысқан. Кейін сол арадан уран өндіріле бастады. Әсілі, Калачидегі ұйқы дерті де осы «ұйқылы сайға» ұқсас құбылыс. Біз білген бір шындық - осы.
Нұрбек БЕКБАУ