«Ұлытау - ұлы мекенім» атты халықаралық форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлытау - ұлы мекенім» атты халықаралық форум өтті

28.09.2014
«Ұлытау - ұлы мекенім» атты халықаралық форум өтті

Көшпенділердің үшмыңжылдық рухын бойына сіңірген, ықылым заманның көне сырларын ішіне бүккен шежірелі өлке болса, ол - Ұлытау. Осы аптада дәл сол құтты мекенде халықаралық форум өтті.

 Әр қиырдағы шет мемлекеттерден ат сабылтқан делегация шежірелі өлке хақында орамды ойлары мен шығармашылық жұмыстарын ортаға салды.

Ұлы даланың төсінде ұлт болып қалыптасқан қазақтың арғы-бергі тарихы айтылып, көк түріктің тамыры туралы тақырыптар талқыланды.

 Моңғол Ху Бектей - жырақта болса да, қазақтың тарихы мен танымын насихаттап жүрген жан. Президенттің Ұлытаудағы сұхбатын теледидардан көрген. Енді міне, осы шежірелі өңірге алыстағы ағайынның ыстық сәлемімен бірге өзінің тың туындысын да ала келіпті.

Моңғол Ху Бектей жазушы-аудармашы:

 Абайдың өлеңдерін аудардым, Мұхтар Мағауиннің, Әнуар Әлімжановтың кітаптарын аудардым. «Қарлы Алтай күмбірі» деген кітап жаздым.

Ұлытаудағы форум аясында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оған 7 елдің өкілдері қатысты. Тарихшы ғалымдар жиында қазақ мемлекетінің қалыптасуы, оның келешегі, «Мәңгілік елге» барар бағыт-бағдар туралы өз ойларын ортаға салды. 

Ғарифолла Есім, ҚР ҰҒА академигі:

Тарихты бүгінге дейін бөгде кісілер зерттеді. Бөгде адамдар бөгде тарих жасады, сырт көзбен қарады. Бізге енді өзіміздің ішкі ойымызбен қарап, қайта жазуға жағдай туды. Мысалы, біз Қазақстан тарихы деп оқытамыз. Қазақстан тарихы деп емес, Қазақ мемлекетінің тарихы, деп оқыту керек.

Ұлытауға келген жұрт Жошыхан, Алаша хан кесенелері мен «Хан ордасына», Әулиетау етегіндегі Ембұлаққа барып тәу етті. Тегіміз түркі, ұлтымыз қазақ десіп, жас буынға ғибратты әңгімелер айтты.

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы:

 Елбасы келіп осында сұхбат берген уақытында Ұлытаудың төрінде қазақтың қасиетті жерлерін, олар туралы ұғымды оқулыққа енгізу мәселесін айтты. Жалпы, бұл сол арқылы халықты бірлікке шақыру.

Алтайдан, Ақ теңізге дейінгі ұлы далада билігін жүргізген түркі халықтарының тарихи жәдігерлері - Астанада. Осы аптада Түркі академиясы жанынан Түркі музейі ашылды.

 Мұндағы мұрағат түркілердің адамзат өркениетіне қосқан үлесін айшықтайды. Олардың мемлекеттік үдерісін көрсететін мөрлер, сан ғасыр бұрын жасалған жауынгерлік қару-жарақтар, этнографиялық бұйымдар - осының дәлелі.

Дархан Қыдырәлі, Түркі академиясының президенті:

Қазір біз «Эрмитажбен» Ресейдің «Кунсткамерасымен», этнографиялық музейімен, Еуропаның, Финляндияның, Венгрияның музейлерімен байланыс орнатып жатырмыз. Жекелеген коллекционерлермен жұмыс істейміз.

Жаңа музейдегі тарихи жәдігерлердің бәрі - академияны құрушы төрт мемлекетке ортақ. Жақсыны көрмекке, деп жиналған Мажарстан, Түркия, Моңғолия, Татарстан ғалымдары Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүрдің сабақтастығы туралы да пікір алмасты.

 

Айбек ҚОБДАБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу