Осы апта есеп-қисабын құшағына жиып, елордаға Батыс Қазақстан облысының әкімі келді. Нұрлан Ноғаев 1,5 сағатқа жуық өңірдің тыныс-тіршілігіне тоқталып, алда атқарылар шаруаларды жіктеп берді.
Айтуынша, қыркүйекте жөндеу жұмыстарына жабылған Орал әуежайы 15-ші қарашадан кейін ашылады. Ұшу-қону жолағы екі кезең бойынша жүргізілмек. Оған республика бюджетінен 6 миллиард теңге бөлініп отыр.
Республиканың агроөнеркәсіптік аймағы саналатын өңірде жалғыз жағымды жаңалық тек бұл емес. 627 мың тұрғыны бар облыстың еліміздің ЖІӨ үлесі 5 пайыз, ал, өндіріс өнеркәсібінде - 10,5 пайыз. Елдегі табиғи газдың 46 пайызы осы облысқа тиесілі.
Құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіптік кешен, машина құрастыру, металлургия, мұнай өңдеу және энергетика салаларында 36 жоба қолға алынған. Жалпы сомасы - 287 миллиард теңге. Оның 31-і жүзеге асырылды. Тағы екеуі жыл соңына дейін іске қосылады.
Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
Трансформатор шығаратын зауыт және жиһаз кәсіпорны іске қосылады. 2015 жылы жалпы құны 30 миллиард 400 миллион теңгені құрайтын тағы екі жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Атап айтқанда, конденсат мекемесінің «Еуро-5» стандарты бойынша бензин шығаратын зауыт өндірісі және қуаттылығы жылына 200 мың тонна болатын мұнай өңдеу зауыты.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ