Елімізде табысы аз кәсіптің бірі – мақта өсіру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде табысы аз кәсіптің бірі – мақта өсіру

05.10.2014
Елімізде табысы аз кәсіптің бірі – мақта өсіру

Өзгелердей мақтаны опырып жинайтын мынадай комбайндар біздің шаруаларға бұйырмай-ақ қойды. Әлі күнге қолмен жинайды бала-шаға. Иә, машақаты көп, алайда, табысы аз кәсіптің бірі бізде – мақта өсіру.

«Ақ алтын» деп қанша әспеттесек те, мақтаның құны мандымай қойды. Мақта көктемде қара жерге шашып тастап, жаздай Құдайдан жаңбыр тілеп, күзде орып алатын бидай емес. Күтім мен бапты, су мен тынымсыз еңбекті қажет қылатын кәсіп.

Оңтүстік Қазақстан облысында мақта терім науқаны тағы даумен басталды. Жер тырмалаған шаруалар жаз бойғы еңбегіміз еш бола ма, деп сары уайым жетегінде жүр. Себеп сол. Мақтаның сатылу бағасы белгісіз.

Өңірдегі қабылдау пункттері де, мақта өңдеу зауыттары да нақты нарықтық бағасын бекітуге асығар емес. Тіпті, мемлекет салған зауыттың да диқандарға пайдасы аз. Кесірінен шаруалар дайын өнімін сата алмай жүр.

Бегімхан Құрбанов үлесіне тиген жерге түгел мақта еккен. Жазы бойы еңбек етіп, күзде қарық боламын деген шаруа. Алайда,  қазан айы болса да, шығындарын өтей алатын түрі жоқ. Керісінше, терімшелерді жалдап, қарызға батып жатырмын дейді. Өйткені, жинаған өткізе алмай дал.

Бегімхан Құрбанов, шаруа:

Зауыттың барлығы бірлесіп ешқандай бағаны шығармай отыр. Жылда арзан болады. Шығынымызды ақтамайды. 

Қазір шаруа жаңбыр жауып кете ме деп қауіптеніп, малын сатып, мақтасын тергізіп жатыр. Дәл осындай жағдай Жылысу ауылында да қалыптсақан. Мұнда да мақта еккен ауыл тұрғындары шығынға батып жатыр. Еккен өнім өзін-өзі ақтамай, әбігерге салып келеді. Ал жергілікті қабылдау пункттері өз биліктерін жүргізеді. 

Рая Жанысбаева, шаруа:

Мысалы, көп адам өткізіп жатыр. Сақтауға  қояды. Ол қаншадан болады, ол жағы белгісіз. Бір ай болды мақтаның бағасы шығу керек негізі. Халықтың қанша бейнеті бар. Жазымен істегені бар. Оның шиті бар. Техникасы бар. Суы бар. Бәрі.

Ақша үнемдеу үшін көпбалалы ана енді мақта теруге балаларды жұмсауға мәжбүр. «Ересектерді терімге тартуға көбірек қаражат төлеу керек.  Ал комбаин жалдауға қалтамыз  көтермейді.  Сондықтан, балаларды шақырудан басқа шара қалмады», дейді. Қазір мұнда жоғары сыныптың да, бастауыштың да балалары  еңбек етеді.

Рая Жанысбаева, шаруа:

Оқушы балаларды амал жоқ мұғалімдерден сұрап жатырмыз. Жұмыссыз әйелдерді шақырып, жалынып сұраймыз. Олар көбіне кім көп береді, 18-20 теңгеден сол жаққа кетіп қалып жатады.

Аудан басшылары елді мекендерде мектеп оқушыларының  мақта теріп жүргенінен мүлдем бейхабар.

Марат Әбуов,  Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары:

Мақта терім ол балалар үшін ауыр жұмыс түріне жатады. Біз барлық әрекет жасаймыз. Балаларды мақта теруге шығармауға. Қазір де ешкім шығып жатқан жоқ. 

Аймақта мақта бағасының  не себепті  белгіленбей отырғанын ешкім білмейді. Әкімдіктегілер болса, олқылықтың болуын өзгелерге сілтеп  отыр. Яғни, бағаны белгілейтін кейбір мемлекеттік компания істі созбалаңға салып отыр,- дейді.

Нұрбол Сәттаров, Мақтаарал ауданы ауыл шаруашылығы  бөлімінің басшысы:

Бүгінгі таңға осы «Мақта келісімшарт корпорациясы», «Қазмақта» нақты бір бағаны қалыптастыра алмай отыр. Сол шаруалардың наразылығын туғызып, осы ауданда мақта бағасына деген туындап отырған мәселелер бар.

Мақта қабылдау пункттері әзірге  «ақ алтынды» уақытша  қабылдап, шаруаларды азын аулақ ақшамен алдап келеді. Тіпті, мемлекеттің қолдауымен салынған мақта өңдеу зауытынан да пайда жоқ.

Мәселе өзекті болған соң, облыстық мәслихаттың кезекті отырысында да талқыланды. Мақтаарал ауданын сайланған депутаттар мәселеге өңір басшылығы араласын, деп отыр.

Сәду Бекенов, облыстық мәслихаттың депутаты:

Дәл біздің жақта салынған зауыт. Президент Назарбаевтың өзі келіп ашқан зауыт. Осы бағаны қалыптастыру үшін зауыт ықпал жасамайды. Баға жөнінде аудан әкімдігі шақырса келмейді. Өзі қатыспайды. Ал жекеменшік зауыттар өз білгенін істеп жатыр. Бұған бір шара қолдану керек.

Алайда, облыс басшысы да бұл мәселелерге қатысты нақты жауап айта алмады.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі:

Мақта зауытына байланысты «Қазмақтаға» ұсыныс айтқанбыз. Осы әкімдікке келгенде ол жұмыс тиімді болады деген. Ол жөнінен ұсынысымыз берілген. Қаралып жатыр. Ал, мақта бағасына байланысты тұрақтандыру қоры соны қосу жөнінде мәселе көтергенбіз.

«Қазақстан мақтасы» кәсіпорнындағылар бағаның   белгіленбей отырғанына нақты себептер бар, дейді. Айтуларынша, халықаралық биржаларда баға тұрақтамай тұр. Әрі сатылымға «ақ алтын» шыққан жоқ. Біраз күту керек деген уәж айтады. 

Мақсат Смадияров, «Қазақстан мақтасы» АҚ қаржы директоры:

Бүгінгі күнге мақта бағасы әлі анықталған жоқ. Анықталмаған себебі, нарықта әлі баға толық тұрақталған жоқ. Сол себептен, біз нарықтағы бағаның тұрақтануын күтіп отырмыз. Жоспар бойынша, оныншы қазаннан кейін мақта бағасын белгілеуді үміттеніп отырмыз.

«Қазақстан мақтасы» әзірге өткізілген өнімнің әрбір келісіне 75 теңгеден аванс береміз деп ақталды. Оның өзі күні кеше белгіленіп, беріле бастаған. Айта кетейік, өткен жылы «ақ алтынның» құны келісіне 80-90 теңге болған.

Бірақ, диқан қауымын бұл әркеттер қанағаттандырмай отыр. Бұлай кете берсе, бәріміз қарызға белшеден батып, бала-шағамызды асырай алмай қаламыз   деп  ашынады.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Шаруалар шығынға шаш етектен батса да, қазір жаппай мақтасын тергізіп жатыр. Себебі күн райы бұзылып, жаңбыр жауатын түрі бар. Ал ертеңгі күн су тисе мақтаның сорты да, бағасы да түсіп кетеді.

Осылайша, науқан қызған шақта баға белгіленбей, мақташылар қаржыдан қарадай қысылып жүр.  Ал жергілікті билік мақта қабылдаушы кәсіпкерлерді айтқандарына иліктіре алар емес. Сондықтан, Бегімхан Құрбановқа да, өзге шаруаларға да күте тұрудан басқа амал қалмай тұр.

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу