Қазақстанның трансформациялау әлеуеті қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның трансформациялау әлеуеті қандай?

12.10.2014
Қазақстанның трансформациялау әлеуеті қандай?

14 мемлекеттің тәжірибелі мамандары бас қосқан форумда тізім басында атағы алысқа жеткен экономист Нуриель Рубини мен «McKinsey&Company»-дің басшысы Доминик Бартон секілді сарапшылар да бар.  Трансформация не үшін қажет болды, игілік- пайдасы қандай? Бұл сауалға «Apta.kz»-ке Адизес институтының президенті Ицхак Калдерон Адизес жауап береді.

-Дүйсенбі күні сіз «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын трансформациялау форумына қатыстыңыз. Бұл шараның маңызы туралы не айтасыз?

-Бұл өте маңызды форум. Өйткені, Президент Назарбаев жиын бастала салысымен тың өзгерістің, жаңа серпілістердің қажет екенін ашық айтты. Ал өзгеріс дегеніміз, даму деген сөз.

Қазақстан бүгінде экономикасын әртараптандырып, дамуға жағдай жасап келеді. Оның қарқынын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, Сіздің ел мұны ісімен дәлелдеп келеді.

Мен көптеген елді көрдім, бірталай компаниямен жұмыс істедім, бірақ, дәл Қазақстандағыдай жағдайды ешбір елде көрген емеспін. Форум барысында айтып өттім, тағы қайталаймын, одан әріге ұмтылудың қажеті тіпті жоқ деп.

Бірақ толағай табыстарға қарамастан, ел билігі тағы да талап қойып, саланы одан әрі жетілдіргісі келеді. Мені таң қалдырғаны да осы. Аса мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне де, Мәсімовке де, Шөкеевке де айттым, мен 77 жастамын, келер аптада 78-ге келемін, маған зейнеткерлікке шығып, жұмысыммен қош айтысуым  керек-ақ.

Бірақ, Қазақ елінің одан әрі дамуына, қазіргіден де жақсы өмірге ұмтылуына қарап қайран қаламын. Елдің талабы - таудай. Мен де енді, жасыма қарамастан, алға жылжуға тырысуым керек.

-Қазақстанның трансформациялау әлеуеті қандай? Жалпы, бұл трансформация ел экономикасына, халыққа не береді?

-Бір жақсысы, сіздерде өте сирек кездесетін 2 компонент бар. Кей елдер табиғи ресурстарға бай келеді. Бірақ, олар мәдениетін өзгертсем, басқару ісін одан әрі жетілдірсем деп ойламайды.

Олар «сүтті сиырын сауа береді», табиғат ана беріп жатқан ресурстарды қолдана береді. Ал кей елдер кедей келеді. Оларда ынта бар да, ресурстар жоқ. Израиль сияқты, мысалы. Қазақстан Сауд Арабиясы мен Израиль елдерінің қосындысы.

Сіздерде қабілет бар, ынта бар, күш-қуат бар, сіздер ашықсыздар, ең бастысы, ресурс та бар. Мен Қазақстан халықаралық қауымдастыққа үлгі болатынына, бола алатынына емес, болатынына сенемін. Менің сөзімді естеріңізде сақтаңыздар, Қазақстан - күллі әлемге үлгі болатын ел.

Мен Қазақстанның болашағы жарқын боларына күмән келтірмеймін. Қазақстан мұның бәрін тек бай-ауқаттылар үшін жасап жатқан жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «трансформация елдің бір бөлігі үшін ғана емес, барлық Қазақстан үшін, барлық қазақстандықтар үшін жасалып жатқан игі іс», деді.

Демек, халықтың өмір сүру деңгейін арттырып, стандарттарды жақсартуға бағытталған жоба. Әйтпеген жағдайда, мен бұл іске кіріспес едім. Мен өңшең байлардан құралған шағын топ үшін қызмет еткім келмейді. Бұл шынымен де, елді толығымен өзгертуге бағытталған іс.

-Трансформация Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуіне қалай ықпал етпек?

-Қалай ықпал етеді дейсіз бе? Ел – Президент Назарбаевтың белгілеген бағытына ерсе, жетеді. Мен «Қазақстан-2050» стратегиясын бастан-аяқ оқып шықтым, өте амбициозды мақсаттар мен міндеттер қойылған. Олардың барлығына ел болып жетесіздер деген сенімдемін.

-Аptа.кz-ке сұхбат бергеніңізге рахмет!

Диана АХМЕТЖАН

Хабарламаларға жазылу