Елімізде жылына 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жылына 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады

26.10.2014
Елімізде жылына 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады

Бала - деген өмірдің шырағы. Сол шырағымызды өзіміз өшіріп жатырмыз. Мына санайғаққа қараңыз. Соңғы 20 жылда біздің елде 3 миллион шарана жарық дүниені көрмей жатып, аборт дейтін ажалдың тырнағына ілінген. Есептеп көріңіз, сол 3 миллион шақалақты өмірге әкелгенде ат төбеліндей қазақтың саны 20 миллионға жетер еді. Өзекті өртер өкініш.

Көрші өзбектердің өзі сонау 1991 жылы 20 миллион 708 мың адамға көбейген. Былтыр 30 миллионға жетті. Ал, бізде туғандардан аборт жасаушылар қалысар емес. Ресми тіркеледі, жасырын жасатады, жылына 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады екен.

Әрине, мемлекет бұл қасіретке немкетті қарамайды. Өздігінен бала көтере алмаған әйелдер үшін эко ұрықтандыру жанданып келеді. Үкіметтен жылына 700-ге жуық тегін операцияға жолдама беріледі. Бірақ, айта кетерлігі, осы жасанды жолмен ұрықтандыруға келетін қыз-келіншектердің 80 пайызы кезінде аборт істеткендер екен.

Олар бірін-бірі сүйеді. Ессіз ғашық. Махаббаттың айдынында бірге жүзгелі жылдар өтті. Бірақ, бүгін олар қоштаспаққа бел буды...

Құрсаққа біткен баланы алдырмасқа шара жоқ. Некесіз тууға болмайды деп талай сәбиді талай бойжеткен о дүниеге аттандырды. Солардың бірі – Айнұр. Қазір жасы отыздан асты.

Бір емес, 7 рет жасанды түсік жасатқан. Оның тұрмысқа шыққанына жеті жыл болды. Бірақ үйінде баланың былдыры жоқ, риясыз күлкі естілмейді. Жасанды түсіктің жасаған «сыйы», дейді.

Айнұр, Астана қаласының тұрғыны:

Кішкентай баланы көрген кезде өзіңнің жалғасың болмаған соң, біреудің баласына қызығамын. Баланы көрген кезде бар ойың соған кетеді, жүрегің елжірейді, жылап та аламын.

Құшағына қысып, қылығына қызығып отырудың орнына, құрсағында-ақ, құлынының үнін өшірген жалғыз Айнұр емес. Ақмарал да «ақымақ» кезінде жіберген ағаттығын айтып, ағынан жарылды. Кеше баладан  өзі бас тарса, бүгін бала жатырына бекігісі келмейді. Он жыл өтіпті.

Ақмарал Әбеуова, Астана қаласының тұрғыны:

Бір балаға зар болып отырмын.  Дәрігерге де көрініп жатырмын, бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Емшіге де бардым. Енді не істейін, нәтижесі жоқ.

Біздің елде  жыл сайын 80 мыңға тарта түсік жасалады екен. Дәлірек айтсақ, шетелде 1000 әйелдің 3-6-уы ғана баласынан бас тартса, бізде 1000-нан 18-і. Яғни, орта есеппен 3 есе көп. Бұл – шектен шыққан көрсеткіш.

Өкініштісі бұл емес, сорақысы сол, жасанды түсік жасату жасарып барады. Қазір кәмелеттік жасқа толған бұрымдыларды былай қояйық, бесіктен белі шықпаған 12-13 жастағы қыздар да қиянатты қадамға барады.

Талшын Үкібасова, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Жүктілікті үзу жас әйелдерге тән. Сонысы өте өкінішті. Аборт жасайтын адамдардың ішінде 18-ге толмағаны 9-10 пайызды құрайды. Яғни, түсік жасатып  жатқан 10 әйелдің біреуі жасөспірім болып шығады.

Бірі – ата-анасы, туған-туыстарынан ұялады. Екіншісі – оқуымды бітірейін, маман атанайын, дейді. Бірақ, салдарына баласын алдырған сан қыз басын қатырмайды. Дәрігерлер «бедеуліктің белең алуының 80 пайызы аборт жасатқан қыз-келіншектердің еншісінде», дейді.

Салтанат Байқошқарова,  «Экомед» емханасының жетекшісі, биология ғылымдарының докторы:

Аборттан кейін жатырынан айырылған әйелдер бар. Мысалы, аборт кезінде жатырының зақымдалуына байланысты жатырын алып тастайтын жағдайлар болады.

Оны да ойлай бермейді сол кезде, соңынан опық жейді. Аборт көзбен көріп жасайтындай операция емес, ол хирургтің қолымен іште не болып жатыр, белгісіз ғой, «соқыр операция», деп айтуға болады.

Дәрігер айтып тұрған бұл жасанды түсік жасатудың хирургиялық әдісі. Вакуумдық және шприц арқылы баланы алып тастайтын түрлері болады. Дәрі-дәрмек арқылы алдыратындары да бар.

Талшын Үкібаева, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Медикаментоздық жүктілікті үзу деген хирургиялық әдіске қарағанда, әйелдің денсаулығын болашаққа сақтауға тиімді әдіс. Ол жерде жатырға ешқандай қол салу, қыру деген әдістер қолданылмайды. Сондықтан, қабыну процесі жағынан бұл тиімді.

Дәрі-дәрмек демекші. Аборт істеуге арналған қытайдың дәрілері қолжетімді қазір. Қалалардағы базарларда толып тұр. Жарамдылығын, дұрыстығын қадағалаған ешкім жоқ. Дәрігердей сайрайтын саудагерлердің сөзіне сеніп қаншама қыз жатырынан айырылды.

Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:

Бүгінгі күні базарларда қытайдың таблекалары сатылады. Түрлі жарнаманы да көрдім,  телефон нөмірлері жазылған. Аборт жасату саны жастар арасында артқан.

Аборттың соңы  неше түрлі ауруға ұласатыны бар. Дәрігерлер айтсын. 

Талшын Үкібасова, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Қазіргі кезде сүт бездерінің обасы, аналық бездердің, жатыр бездерінің онкологиялық процестерін осындай өзгерістермен байланыстырады.

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» емханасының жетекшісі, биология ғылымдарының докторы:

Табиғи жағдайды жұлып алып тастаудың соңы, әр түрлі ауруға әкеледі. Миома пайда болады.

Талшын Үкібасова, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Біз қабынудан қорқамыз, қан кетуден қорқамыз, дейді. Ол тек қана көзімізге көрінетін асқынулары аборттың.

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» емханасының жетекшісі, биология ғылымдарының докторы:

Аборттан кейін ең жиі кездесетін асқыну - ол қабыну процестері. Нәтижесінде жатыр түтікшелері бекітіліп қалады немесе ұрықты жүргізу қабілетінен айырылады. Жатыр түтікшелері бітеліп қалған соң, болашақта ол әйел операция арқылы ғана екіқабат болып жатады.

Иә, айтылған аурулар бірден біліне қоймауы мүмкін. Бірақ жылдар өте жылт етіп, шыға келеді, дейді мамандар. Соның салдарынан мүлде сәби көтермеуіңіз мүмкін. Ойлаңызшы, ана бола алмайсыз. Ал, бақыттың төресі – бала сүю емес пе?

Әлгінде бір жылда 80 мың шарана анасының қалауымен алынады дедік. Есептеп көріңізші, сонда 20 жылда ел 3 миллион шақалақтан айырылды. Бұл ресми дерек қана. Өйткені, заңсыз жасалатын жасанды түсіктің саны есепсіз.

Айнұр, Астана қаласының тұрғыны:

Сіңлілеріме, жастарға көп үгіт-насихат жасаймын. Жас кездерінде ойланбастан үлкен қателіктерге бармасын деп айтамын. Бұл түсіктің соңын ешкім де біліп бермес.

Ақмарал Әбеуова, Астана қаласының тұрғыны:

Кезінде түсік жасатып, сол өмірге өкініп жүрмін. Балам жоқ, өмірге бала әкеле алмаймын.

Баланы баға алмаймын, ақша жоқ дейтіндердікі сылтау ғана.  «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Адамның өмірі ол ойыншық емес, сұрауы бар. 

Асылбек Әуезханұлы, имам:

Адамның өмірімен ойнауға болады. Ол - Алла Тағаланың берген сыйы. Ал өмірді Алла Тағаладан басқаның алуға құқығы жоқ.

Ал жиырма жастағы Жанардың жағдайы қиын қазір. От пен оқтың ортасында тұр. Иә, Жанар баланы алдырамын деп шешті. Құшағына алмай, құрсағында-ақ үнін өшірмек. Сөйтіп, тағы бір өмір үзілді,  үміттің оты сөнді.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу