Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өтті

02.11.2014
Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өтті

Жаһандық бизнесмендер мен банкирлердің арасында «Исламдық Давос» деп аталып кеткен, көздегендері мен көксегендері - тек алдымен Құдай разылығы үшін деген қағидатқа қаланған үлкен бір форум бар. Бұл форумда арам ақша мен лас кәсіпке немесе қитұрқы пиғыл-ниетке орын жоқ. Бұл - дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы.

Осы аптада Дубайда форумға мүше мемлекеттердің өкілдері бас қосып, инновациялық серіктестік мәселелерін талқылады. Мәртебелі жиынға біздің Мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы қатысып, биік мінберден сөз алды.

Жиһандағы Ислам мемлекеттері қоныстанған мекендердің асты - ырғын байлық. Энергетикалық ресурстардың 70 пайызын Ислам елдері бақылайды, деді Президент. Бірақ жаһандық ішкі жалпы өнім көрсеткішінде де, тауар айналымында да үлес мардымсыз. Өйткені, ғылым мен инновация дендеп енбеген ел өзге игілікке үлес қоспақ түгілі, өзін де жетістіре алмайды.

Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы жылына бір өтетін жиын. Қозғайтын тақырыптары алуан, мақсат-мұраттары бір. Мұсылман елдерінің экономикасына ірі шетел инвесторларының капиталын тартуға жәрдемдесу.

Ал, биылғы тақырып - «Экономикалық өсу жолындағы инновациялық серіктестік» аталды. Есте болса, дәл осы форуымның 7-ші жиыны біздің елімізде өткен еді.

Қазақстан инвестиция  тартуға  икемді елге айналғысы келеді. Ал, инвестиция  келетін үлкен алаң – Азияның алып нарығы.  Құрлықтың  осы  бөлігіндегі қаржы  институттары шариғат шарттарын берік ұстанады.

Сондықтан, еліміз қаржылық тәртіпті ислам банктерінің шарттарына сәйкестендірмек. Ал, тұтастай алғанда Қазақстан ТМД   кеңістігінде  Ислам қаржы институттарына  сенім артқан ең алғашқы мемлекет. 

Абдул Азиз Аль Хинай, доктор:

Қазақстан бүгінде өзін инновациялық даму жолына түскен ел ретінде танытты. Ең бастысы, мемлекет  қаржылық тәжірибеден қашпады. Қаржыландырудың жаңа тетіктерін іздеуде.  Сіздің ел керек уақытта, керек жерден табыла біледі.

Елімізде  «Al Hilal Bank» деп аталатын   алғашқы  ислам банкі бар. Тиісті заңнама да қалыптасты. Егер  тағы бір Ислам банкі ашыла қалса, оның мәртебесі екінші  деңгейлі банктен кем түспейді.  

Бірақ, Ұлттық банк төрағасының  айтуынша, ислам банкингін дамыту үшін қалыптасқан заңнама әлі де жетілдіріле түседі.  Нарықта жаңа құнды қағаздар пайда болады.  Әзірге «Al Hilal Bank»»   жиырма кәсіпорынды  қаржыландырды.  Құны  150 миллион доллар болатын тағы  10  жобаға қарыз беруі мүмкін.  

Өз кезегінде  Ислам банктері де Азиядағы ықпалын арттыруға  ұмтылады.   Осы шаруаға  белсене араласқан тұлғаларға  қаржыгерлердің өзгеше ықылас көрсететіні  бар.  

Дубайда Елбасына Халықаралық   ислам қаржыландыру жүлдесі тапсырылды.  Бұл марапат Нұрсұлтан Назарбаевқа   аймақта «Al Hilal Bank»»  алғашқы  ислам банкін құрғаны  үшін беріліп отыр. Номинацияны  нақтылай түссек. Қазақ Президенті    «Исламдық  қаржы бойынша жаһандық  көшбасшы» деп танылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Алматы шаһары ТМД  әрі Шығыс Еуропа елдері үшін Ислам қаржыландыру жүйесіндегі аймақтық хабқа  айнала алады. Біздің елде ислам инструменттері жұмыс істей бастады. Ал, бүгін Қазақстанның Ислам қаржыландыру жүйесін дамытудағы үлесі халықаралық жүлденің тағайындалуымен атап өтілді. Ол үшін алғыс айтқым келеді.

Қаржыгерлер шариғат тәртібімен қарыз берудің келешегі кемел дейді.  Сондықтан,  жүйені дамытуға күш салуда.  Сұқық нарығы әзірге әлемде бар қарыз  беру тәртібінің  ең әділеттісі.

Ислам банктері әрине, табыс табуды көздейді.  Бірақ, жеңіл жолмен баюдан қашады, сабырмен дамиды, кәсіпкерден пайыздық  үстеме алмайды.  Ең  ұтымды тұсы  банктер тәуекелді қарыз алушымен бірге көтереді, кірісті де бірге бөліседі.

Құмар ойын, ішімдік саудасына көк тиын бөлмейді. Инвестицияны тек халал индустрияға, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, инфрақұрылымға бағыттайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жалпы ауданы 90 миллион гектарға жуық жерге ие бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық орталығына да айнала алады. 25 миллион гектар жерге дақыл өсіруге болады. 

61 миллион гектар жер мал жаятын  шабындық. 10 мың шақырымнан астам автокөлік жолы, 2,5 мың шақырым теміржол салынды және қайта жөнделді. Қытайдан Парсы шығанағына дейінгі қашықтық 1200 шақырымға қысқарды.

Осы аптада  Дубайда   Дүниежүзілік X Ислам экономикалық форумы  өтті. Басқосуға  Таяу Шығыстың, Азияның   іргелі банктерінің басшылары,  атақты қаржыгерлер,  саясаткерлер, ірі корпорация жетекшілері   жиналды.   

Олар ислам қаржы элементтерін жетілдірудің, құнды қағаздар саудасын   тартымды етудің  жайын талқылады. Басқосудың тақырыбы «Экономикалық өркендеу жолындағы инновациялық әріптестік».  Қазақстан үшін бұл  алаң халал инвестиция тартуға таптырмайтын мүмкіндік.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан үшін Ислам даму банкімен жұмыс істеу үлкен маңызға ие.  Біз ТМД елдерінің ішінде бірінші болып  осы халықаралық қаржы институымен әріптестік бағдарламасын жасадық.  

700  миллион доллар инвестицияланды. Ислам даму банкі    2015-2017 жылдарды қамтитын жаңа әріптестік бағдарламасына қатысады.  Ол жобадағы банк қаражаты бір жарым миллиард доллар. 

Нұрсұлтан Назарбаев  Ислам ынтымақтастығы ұйымының әлеуетін арттырудың маңызын айтты.  Өйткені,  әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызына бақылау жасайтын   құрылымға әлемдік ІЖӨ-нің тек 7 жарым  пайызы және жаһандық тауар айналымының 11  пайызы ғана тиесілі.

Мұсылман елдерінің еңсесін көтертпей тұрған  қатерлер  халық санының  күрт өсуі, кедейлік, табиғи ресурстардың  сарқылуы  мен экологияның  нашарлауы. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы сын-қатерлерді лайықты қарсы  алып, еңсеру үшін батыл ынтымақтастық қажет және тиісті  бастамалар қабылдау керек болады.  Қазақстан Ислам әлемін әрі қарай нығайтып,  дамытудың табанды жақтаушысы болып қала береді.

Анығында, Ислам банктерінің әлеуеті мықты.  Аймақтағы бір ғана іргелі  ұйым  Ислам қаржыландыру кеңесінің қарамағына  185 банк  топтасқан.   Дағдарыс кезінде олардың дені  міз баққан жоқ. 

Сырттай бақыласақ, Ислам активтерінің 71 пайызы Таяу Шығыста, 24 пайызы  Азия елдеріне ағылып жатыр.   Ислам банктері тек мұсылмандарға ғана қарыз  береді деген  түсінік те қасаң.

Соңғы  мәліметтерге қарағанда банк клиенттерінің тең жарымы мұсылман емес. Қарыз  шариғат шартымен берілсе де, ақшаны адал  іске бағыттайтын  адамның  ұлтына,  сеніміне қарап, алалау деген жоқ. Соңғы  он жылда әлемде Ислам банктерінің ықпалы күшейіп келеді.

Закир  Хоссейн, Бангладештің менеджмент  және консалтинг институтының жетекшісі:

Қазақстаннның  ізімен  Ислам қаржыландыру жүйесіне  ТМД кеңістігіндегі  өзге елдер де өте бастайды, деген  сенімдемін.  Жалпы, бұл аймақтың мүмкіндіктерін әлі де шеше түсу керек.

Елбасы жуырда  Еуропаға сапарынан оралған еді.  Кәрі құрлықта   инвестициялық келісімдерге қол  қойылды.  Ендігі бағыт - Таяу Шығыс нарығы. Президент Дубайда  Малайзияның премьер-министрі  Наджиб Тун Разакпен  кездесті. 

Саясаткерлер сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ, инновация мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық жайын талқылады.   Люксембург Ұлы Герцогтігінің  премьер-министрі  Ксавье Беттелмен болған кездесуде де  осы тақырып  келіссөзге өзек болды.

Келіссөздер нәтижелі болса, бұл   аймақтағы елдерден де алатын  несібеміз бар, бірігіп атқарар жобалардың шеті шығады.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу