Еліміздің білім саласына Е-learning бағдарламасының енгізіліп жатқанына 3 жыл болды. Білім саласын қағазбастылықтан арылтып, электронды оқыту жүйесін енгізу еді мақсаты. Кез келген жаңа жүйе көне тәсілмен бірден қабысып, я жедел еңсеріп кете алмайды. Сондықтан, Е-learning-ті депутаттар сынап жүр.
Е-learning 2011-2020 жылдарға арналған жаңа модель саналады. Жүйе енгізілген мектептерде сымсыз интернет желісі жұмыс істейді, білім ошақтарына соңғы үлгідегі техникалар: компьютерлер, ноутбуктер, моноблоктар, интерактивтік және мультимедиялық тақталар, планшеттер берілді.
Бұл бағдарламаның басты мақсатын тағы да айталық, ұстаздарды қағаздан құтқару, күнделікті жасалатын жоспарларды, журналдар мен оқушылардың үлгерімі туралы құжаттарды электрондық нұсқада жасау. Ата-ана үшін де қолайлы.
Баланың үлгірімі, не оқып, не қойып жатқанын желі арқылы үйде отырып қадағалай алады. Мәселен, Финляндия, Ирландия мен Оңтүстік Кореяда біздікіндей арнайы ұлттық бағдарлама қабылданған. Ал, АҚШ, Британия, Австралияда бұл кәдімгі оқу жүйесіне айналып кеткен.
Бұл – Венера Оспанованың жұмыстан оралған соң қолға алатын бірінші кезектегі шаруасы. Ұлы Дархан екінші сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы. Бірақ баласының күнделікті бағасын ғаламтор арқылы бақылап отыруды әдетке айналдырған.
Венера Оспанова, Дарханның анасы:
Мектепке барып, мұғалімді қайта-қайта мазасын алып, менің балам қалай дайындалып келді деп сұрақтарды қоя бермейміз. Сол себептен, кешке қарай үйге келген кезде, қолымыз босаған кезде Дарханның бағасын көре аламыз.
Елімізде «Е-learning» бағдарламасының енгізілгеніне – 3 жыл. Ауқымды жобаға 28 миллиард теңге жұмсалды. Білім ошақтарының инфрақұрылымына, яғни, қажетті техникалармен, жаңа парталар және тақталармен толықтыру үшін 22 миллиард теңге кетті. Ел бойынша.
Ал жүйенің мектептерде іске қосылуына 2 миллиардқа жуық, ал сандық оқыту қорларына 3 миллиард теңге берілді. Қаржының 2,6 пайызы электронды оқыту жүйесін жасап шығаруға қарастырылды. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қосылып, жаңашыл жүйенің жемісін көрген білім мекемелерінің саны – 1159.
Жаңыл Жонтаева, ҚР Білім және ғылым министрлігі департамент директоры:
Мұғалімдер бүгін жұмыс жасап жатыр. Жыл сайын 8 мыңнан астам мұғалім тап осы бағдарламаға сәйкес білімін жетілдіріледі.
Е-learning бағдарламасы – Мәжілісте көп талқыланған мәселелердің бірі. Осыдан 1,5 ай бұрын халық қалаулылары жаңа жүйені мүлдем жауып тастауды ұсынған. Себеп, бізге қол емес. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева жобаның атауында да кемшілік бар екенін алға тартты. Жүйе білім саласын электрондық әкімшілендіруге бағытталған, оқушылар білімін арттыруды көздемейді.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары:
Сіздер жүйені құрасыздар, жасап шығарасыздар, тіпті, оны білім саласына енгіземіз дейсіздер. Білім саласы бұл жүйемен жұмыс істеуге мүлдем дайын емес. Себебі, Білім және ғылым министрлігі осы жүйені меңгерген мамандарды университет қабырғасынан әзірлеу мәселесін жолға қоймаған.
Мұғалімдер әлі күнге дейін қағаз жүзінде де, электрондық нұсқада да құжаттарды толтырып, екі жұмыс істеп жүр. Бұған министрлік мәжбүрлеп отыр.
Нақты мысал, Ақмола облысында Е-learning жүйесіне қосылған жалғыз мектеп осы. Білім ошағы бағдарламаны былтырдан бері қолданып келеді. Әйтсе де, кедергі аз емес.
Тойлыбек Шахарбаев, Ақмол ауылындағы №51 орта мектеп директоры:
Мұғалімдер 2 жұмыс істейді. Біріншісі – қағаз жүзінде, екінші электрондық форматта да жұмыс істейміз. Ол – сынып журналдарымыз, күнделіктеріміз. Барлығы осы мәселеге келіп тіреледі.
Гүлнәр Иксанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Тіпті, кейбір мұғалімдер 3 жұмысты қатар істейді. Қағаз жүзінде, электрондық нұсқада, одан бөлек әкімшілікке есеп-қисап өткізу тағы бар.
Тағы бір кедергі - әр аймақтың «өзім білемге» салынып, жеке-жеке жүйе жасауында. Мәселен, Қарағанды облысы – «Білім ал», Маңғыстау облысында – «Е-мектеп», ал Астана қаласында – «Е-білім» жүйелері.
Ел ертеңіне еңбек етер азаматтардың білімін қадағалаудың орнына, ұстаздар «Аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп жүр. Яғни, жаңа жүйені толық енгізу үшін бұл кедергіні де жою ләзім. Негізі Е-learning бағдарламасы арқылы көптеген білім ошағы жаңа техникалармен толықты.
Компьютер, ноутбук, заман талабына сай келетін электронды тақталар – бәрі-бәрі шәкірт игілігіне жарап тұр. Тек Е-learning тұтас елдің кәдесіне жарауы үшін ынта мен уақыт керек.
Жазира ДОСМАҒАНБЕТ
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
Жақсыбек КЕМАЛ