Ұлттық банктің ендігі қадамы қандай болмақ? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банктің ендігі қадамы қандай болмақ?

16.11.2014
Ұлттық банктің ендігі қадамы қандай болмақ?

Қарашаның қақ ортасында Қазақстан халқы теңгенің туған күнін атап өтеді. Биыл, дәл кеше төл ақшамызға - 21 жыл толды. Қайран, біздің теңгеміз не көрмеді. Ең алғаш шыққан жылы теңгенің бағамы 1 долларға шаққанда 4 теңге 75 тиыннан болатын.

Бірақ, нарық дегенін істейді. Іле-шала дүркін-дүркін инфляция болып, теңгенің тынысын тарылтты. Бірер мәрте сүрініп тұрды, құлаған жоқ. Ел экономикасы дамуға бет алған сайын түрленді, түледі. Қорғаныш қабілеті жетілдіріліп, кескін-келбеті өзгерді.

Бүгінде бір долларға шаққандағы құны 180 теңгенің ар жақ бер жағында, тұрақтылығын  сақтап тұр. Жалпы, доллардың тағы көтерілуі мүмкін бе? Теңгеміз құнсызданбай ма? «Аptа.кz»-ке Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов арнайы сұхбат берді.

- Қайрат Нематұлы, Жолдауды тыңдадыңыз. Сауатты қарапайым халықтан бастап, саясаттанушыға дейін қазір алуан ойларын білдіріп жатыр. Сіз қандай ой түйдіңіз? Ұлттық банктің ендігі қадамы қандай болмақ?

-Менің ойымша осы жолдауда елбасымыздың ұзақ мерзімді жоспары қандай екенін біз барлығымыз түсіндік. Ұлттық қорда бізде қазір 76 миллиардтан астам АҚШ доллары бар. Сондықтан, бұл резервтерді осы қиын кезде пайдалану мүмкіншілігі бар.

Егер экономикалық тарихқа қарасақ, мысалы ұлы депрессия АҚШ-та болды, 30 шы жылдары. Арнайы Рузвельт саясаты болды. Сондықтан, менің ойымша, Елбасымыздың маңызды саясаты ретінде есептейміз. Біз Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, бірінші фаза 3 жылдың ішінде және 2020 жылға дейін сол жоспарды іске асыруға қатысамыз.

-Қайрат Нематұлы, төңіректегі, жаһандағы жағдайларды көріп, біліп отырсыз. Экономикалық тұрақтылық үшін Президент Ұлттық Қордан екінші траншпен тағы 500 миллиард теңге бөлдірмек. Жалпы, бұл қаржы қандай салаларға бөлінбек?

-Осы жылы Елбасының арнайы тапсырмасы болды. Ұлттық қордан 1 триллион теңге берілді. Бірінші 500 миллиард транш бірнеше салаға берілді. Біріншіден, 100 миллиард теңге шағын және орта бизнесті қолдау үшін «Бәйтерек» арқылы, банктер арқылы шағын және орта бизнеске несиелендіруге берілді.

Ал, 500 миллиард доллар осы проблемалық активтердің арнайы қоры бар, қор арқылы банктерге көмектесуге жібереміз. Бірақ, ол тек қана банктерге емес, жалпы осы банк жүйесін жетілдіру үшін біз сол қаржыны жібереміз.

-Төраға мырза, енді атаулы күнге ойысайық. Құтты болсын! Кешегі күн Ұлттық валютаның күні. Алғаш теңге шыққан 1993 жылы мен қателеспесем, сіз 24 жаста екенсіз. Мәскеу мемлекеттік университетін енді бітіріп жатқан жап-жас студентсіз. Сол ең алғашқы теңге шыққан күн есіңізде ме?

-Иә, есімде. 21 жыл бұрын Мәскеу университетін бітіріп мен әл-Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық университетіне жұмысқа орналастым. Математика факультетінде оқытушы болдым. Бірінші айлығымды теңгемен алдым. Үлкен мейрам болды. Менің есімде Президент қазақ ақшасын көрсетіп, барлығымыз риза болғанбыз.

- Қайрат Нематұлы, ол жылдар енді валютамызда жаңағы ұлтымыздың ұлылары әл-Фараби, Абай, Абылай Шоқан сондай ұлы тұлғаларымыз бейнелеген еді. Өзіңіз сол теңгені сағынбайсыз ба? Қазір ақпарат құралдарында сол ұлыларымыздың бейнесі бейнеленген теңгені қайта шығарса болар еді дегендей ойлар көп айтылады. Сіз өзгерткіңіз келмей ме?

- Сондай жұмыс жасалынып жатыр. Қазір біз Қазақ елі символдарын тағы да қалай енгізу керек, олар қалай көрінеді сол туралы біздің арнайы эксперттеріміз жұмыс жасап жатыр. Елбасымыздың негізгі ойы өзіміздің ақшаны шығаруға арналған  банкноттық фабрикамыз болуы керек.

20 жыл бұрын британдық компаниямен бірлесіп, біз банкноттық фабрика салдық, Заңға сәйкес Ұлттық банктің, негізгі концепция болды, қандай ақшаны жасаймыз. Бірінші концепцияда бірнеше ой-пікір болды.

Біріншіден, мемлекеттік символдарды әкелу, екіншіден, ол Қазақстан тарихының ұлыларының портреттерін жасау. Менің ойымша, ол өте қызық серия болды. Біз 20 жыл ішінде, ең мықты индустрия саласымыз.

-Сіз Ұлттық банкті басқарып отырған осымен сегізінші төраға екенсіз. Және осы қызметке келгеніңізге де жақын күндері бір жыл толыпты.  Айтыңызшы, осы уақыттың ішінде қаржы нарығында не өзгерді?

-2008-2010 жылдардағы қаржы дағдарысы бізге өте қатты әсер етті. Сондықтан, банктерде қиын жағдай болды. Қиын жағдайдан шығу үшін біз қазір арнайы бағдарламаны дайындап жатырмыз.

Проблемалық активтерге қарсы бағдарламамыз бар. Біздің негізгі мақсатымыз – біріншіден, Заңда жазылған бағаларымыздың тұрақты болуы. Біз банк жүйесінің тұрақтылығы үлкен жұмыс жасап жатырмыз.

-  Қайрат Нематұлы, көңілдегі тағы бір алаң,  былтыр ақпанда елдің аузы күйіп қалғаны рас. Сіз қалай ойлайсыз теңге тағы құнсызданбай ма?

- Осы жылда бірнеше талдау жасадық. Елбасымыз айтып берді, өте қиын болады. Бірақ Елбасының шешіміне сәйкес, 10 миллиард доллар Ұлттық қордан бөлінеді, тағы 10 миллиард долларды халықаралық институттар Қазақстанға инвестиция ретінде құяды. Менің ойымша, қазіргі жағдайымыз қалыпты.

 

Қазір қалтаңызда ақша бар ма? Теңге ме, доллар ма әлде?

-Теңге.

-Теңге ұстайсыз тек?

- Иә.

- Жақсы Қайрат Нематұлы, «Апта.кz»-ке арнайы сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. Теңгеміз нығая берсін.

- Рахмет Сізге, сау болыңыз!

Хабарламаларға жазылу