Мемлекет басшысы индустрияландыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстелге қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы индустрияландыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстелге қатысты

23.11.2014
Мемлекет басшысы индустрияландыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстелге қатысты

Сонымен, Мәскеу мен Киевтің кикілжіңінен басталған Ресей мен Батыс елдері арасындағы текетірес әлемдік саясат ауа райын бір-ақ күнде ала-құла қылып жіберді. Санкцияларға тіреген жібімеген көңіл мен суық көзқарас жаһан экономикасының қарқынын да бәсеңдетіп салды.

Енді осындай дағдарыс жағдайында Қазақстан да қапы қалмай, сақтық шараларын қабылдамасқа лажы жоқ. Осы бейсенбіде Мемлекет басшысы индустрияландыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысына қатысты.

Тақырып белгілі.  Дүниежүзілік нарық жүйесіндегі қиындықтар. Президент  «отандық экономиканы дамыту амалдарын қайта қараған жөн» деп айтты. Өйткені,  елімізде индустрияландырудың  бірінші кезеңі аяқталды.

Алғашқы бес жылдықта пайдалы тәжірибе жинақталды, кәсіпорындар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Енді бағдарлама қайта қаралып, келер жылдан екінші бесжылдықтың жоспары жүзеге асырылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің жаңа Жолдауымда экономика өсімін қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын құруға  қомақты мемлекеттік қаражат салу жайы қарастырылған. Бұл сондай-ақ, елдің қаржылық  жүйесін нығайтуға мүмкіндік беріп, шағын және орта бизнестің әрі қарай дамуына септігін тигізеді.

Осы бағыттардың барлығы бойынша іс-қимыл бағдарламаларын белгілеп, қаржы ресурстарын бөлдік. Бұл қадамдарымызды бізбен өзара іс-қимыл туралы уағдаластыққа қол жеткізген әлемдік қаржы институттары қолдап отыр. 

Салыстырмалы түрде халқының саны аз Қазақстан үшін экономикаға бір мезгілде  20 миллиардтан астам доллар салу айтарлықтай нәтиже беруі тиіс.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу