Бүгінде Қазақстанда үш ауысымда білім беретін 92 мектеп бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгінде Қазақстанда үш ауысымда білім беретін 92 мектеп бар

23.11.2014
Бүгінде Қазақстанда үш ауысымда білім беретін 92 мектеп бар

Үш ауысым отандық білім саласындағы көзге сүйелдей, өкшеге тікендей батқан жалғыз мәселе емес. Қабырғалары қақырап, төбелері сыз тартқан апатты мектептеріміз де жоқ емес. Қазір біздің елде үш ауысымда оқытатын 92 мектеп бар екен.

Ал, апатты жағдайдағы орта білім ошақтарының саны – 189. Ескі мектептер ескі стандартпен салынған соң, бөлмелері де құрқылтайдың ұясындай тар. Әрі бала санының артуына да байланысты оқушылар амал жоқ, кей мектептерде бір партаға 3 шәкірттен отыруға мәжбүр.

Дегенмен, бар мәселені бір айда һәм бір күнде шешіп тастау әсте мүмкін емес. Үкімет жеделдетуге тырысып-ақ жатыр. Апатты мектеп пен ауысымдық оқу жүйесін біржолата шешу үшін 2017 жылға дейін Үкімет қосымша 70 миллиард теңге бөлмек.

Бізде тағы бір тұралап тұрған сала ол балабақша. Әсіресе, үлкен қалаларда балабақша кезегінде тұрғандар саны мыңдап саналады. Қалтасы жұқа ата-ана лажы жоқ, қымбат болса да, жекеменшік балабақшаны жағалайды. Алда бұл мәселе шешім табады деп сенейік.

Үш ауысымдық мектеп шалғай елді мекендерде көп. Соның бірі – Маңғыстау облысындағы Атамекен ауылы. Білім ордасы жаңа болғанымен, мектепке бала сыймай жатыр. Сондықтан, 3 ауысымдық жүйемен оқиды. Аида осы мектептің оқушысы. Үйі алыста, сол себепті  үшінші ауысымға келу қиын, дейді.

Аида Сәрсенбай, оқушы:

15.15-те басталады, 18.30-да бітеді. Әсіресе, қыста дала қап-қараңғы болып кетеді. Көшеде иттер бар, қорқамын.

Мектеп жанынан 320 орындық қосымша ғимараттың құрылысы басталады. Бұдан басқа ауылда 1200 орындық жаңа мектеп те бой көтереді. Сонда 640 орынға сыймай жүрген 2,5 мың оқушының мәселесі оң шешілетін болады.  

Ерғали Тұрашев, №7 орта мектептің директоры:

Қыркүйекте біздің мектебіміз, 320 орындық құрылыс салынса, 960 орындық мектеп болады. Біз үшін жақсы мүмкіндік болар еді. Онда екі ауысымға толық көшуге болады.

Маңғыстаудың өзінде ғана 3 мектеп балаларды 3 ауысымда оқытып отыр. Жергілікті Білім басқармасы мәселе 2015-2016 оқу жылында толық шешіледі деп отыр. Бұл ғана емес, еліміздің біраз аумағында апатты және проблемалы білім мекемелерінің қордалаған мәселесі кезек күттірмей шешілу керек. Президент биылғы Жолдауда нақты тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл – біздің сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі.

Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын.

Егер жаңа мектеп 300 орынға лайықталса, онда бюджет қаржысына салынады. Ал одан кіші болса, жергілікті әкімдіктердің құзіретінде. Білім саласына бөлінетін қаржы алдымен 3 ауысымдық меткеп мәселесін шешуге жұмсалмақ.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Білім саласына қосымша 100 миллиард теңге бөлінетін болады. Оның 70 миллиарды 3 ауысымды мектептер мәселесін шешуге жұмсалады. 2014 жылы апатты жағдайдағы мектептердің санын 60-қа азайттық. 

Жылдың басында 178 мектеп болатын. Қазір – 118. Бізде қазір үш ауысымды мектептің саны – 80. Бізде 4 жылдық жоспар болатын сол мәселелерді шешу үшін. Бірақ, Елбасының шешімімен ол мәселені 2 жылдың ішінде шешетін боламыз.

Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, енді жыл сайын 150 мектеп салынады. Биылдың өзінде 150 мектептің құрылысы аяқталды. Осы қарқыннан таймаса алдағы 2 жылда мектеп мәселесі біржола шешілмек.

Тағы бір түйткіл балабақша. Сәбиі өмірге келе сала кезекке тұрса да, мемлекеттік балабақшадан орын бұйырмай қалатын ата-аналар көп. Арыз-шағым, дау-дамай да осы бақша төңірегінде.

Жолдау еліміздің әр азаматының өмірі мен болашағын қамтитындықтан, бүлдіршіндер мәселесі де Президент назарынан тыс қалған жоқ. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.

Қазір елдегі демографиялық ахуал тұрақталған. Демек, балабақша қажеттілігі де өзекті. Тапшылық әсіресе Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы және Астана қалаларында байқалып отыр. Өзге өңірлерде де балабақша тапшылығы шешімін тапқан жоқ. Қостанайдың өзінде 20 мың бала кезекте тұр. Солардың бірі 2 жастағы Сұлу. Оның анасы Гүлнұр сауда саласының маманы. Қазір кішкентайының тәрбиесімен айналысып, жұмысқа шыға алмай үйінде отыр.

Гүлнұр Алтаева, Қостанай қаласының тұрғыны:

Елбасының Жолдауын естіп, қуанып қалдық. Ол кісі балабақша кезегін болдырмау туралы айтты. Енді баламды үш жасқа келгенде балабақшаға беріп, өзім жұмысқа шығамын деп ойлаймын.

Бүгінде Қостанай облысында 629 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 470-сі шағын орталықтар. Бірақ, соның тең жартысынан астамы тек жарты күн жұмыс істейді. Енді қосымша қаржы бөлінсе, қалғандарының да қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік туады.  Балабақшалар санын көбейту ісінен бизнес құрылымдары да сырт  қалмайды.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

«Нұрлы жол» бойынша балабақшаға 20 миллиард теңге қосымша жұмсайтын боламыз. Келесі екі жылдың ішінде республикалық бюджеттен  240-тан астам үлкен балабақша салатын боламыз.

«Балапан» бағдарламасы бойынша жекеменшік балабақшалар салынатын болады.  Олардың саны 300-ден астам болады. 2017 жылы балабақшаға баратын балалар саны 80 пайызға жетеді.

«Ел болам десең, бесігіңмен бірге біліміңді түзе». Әйгілі Әуезов сөзін заманға лайықтап осылай бұрсақ айып болмас. Бақшадан бастап сапалы білім алған бүгінгі бүлдіршін, ертең елім дейтін азамат болады.

Жай ғана азамат емес, оқығаны көп, елін шын сүйетін азамат болары хақ.  

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу