Қазақ – азат ел! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ – азат ел!

14.12.2014
Қазақ – азат ел!

Алдағы апта ұлт тарихындағы ұлы күндермен басталмақ. Азат ғұмыр кешуді бастаған күніміз, тәуелділіктің қамытын тастаған күніміз. 1991 жылы шекарасы кең, шеңгелі шегедей КСРО қайраты тайып, ыдырап тынды.

Қазақстан да енші алып, егемен болды. Сол жылдың 16-шы желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңды қабылдады.

Ең алғаш Түркия артынша, АҚШ тәуелсіздігімізді мойындады. Кейін Қытай, сосын Британия «құтты болсын» айтты. Одан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран...тізім жалғаса берді.

Аманжолдың Қасымындай жаһандағы жалпақ жұртқа «танисың ба сен мені, мен қазақтың баласы!» деп халықаралық саясатта Қазақстан деген мемлекет аяғын апыл-тапыл басты.

Одан бері соқтықпалы, соқпалы, күрделі де шырғалаң кезеңдерден өтті, шыңдалды. Аты алысқа жетті, G-8, G-20-дай азулылар ақылдасатын айбарлы елге айналды.

Биыл Тәуелсіздікке – 23 жыл. Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратын еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Ел болудың ең ауыр белесінен өттік.

Ежелден еркіндікті аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты – еңселі ел болу. Тәубә, Тәуелсізбіз. Дербес елміз. Еңсеміз тік, егеменбіз. Бодан емес, бостан елміз. Бостандық үшін талай рет кеудені оққа тосқан елміз. Ата жолынан адаспай, бабалар мұратына үн қосқан елміз.

Бүгінін Ата Заңы, ертеңін ата салты айшықтаған Қазақ – азат ел! Қазақ – демократиялық, құқықтық, әлеуметтік, зайырлы қоғам құрған іргелі мемлекет. Ең бастысы, ешкімнен сауға сұрамайтын, саяси ерік-жігері елдік мүддеге ғана ұялайтын, Еуропа мен АҚШ та, екі іргедегі екі алып та санасатын қуатты елміз.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Саяси тәуелсіздік - ол Қазақстанның әрбір азаматына, әрбір жанұясына түптің түбінде - ол үлкен құндылық, ол үлкен жақсылық, үлкен игілік. Бұл ешқандай күдік келтірмейтін шындық. Күдік келтірмейтін аксиома.

Саясат Нұрбек, «Нұр Отан» партиясы қоғамдық саясат институтының директоры:

Саясаттану теориясына келетін болсақ, біздің бүкіл атрибуттарымыз, бүкіл рәміздеріміз бар. Шекарамыз бар, ел сайлаған Елбасымыз бар. Саяси жүйеміз бар, партияларымыз бар. Шыны керек, классикалық үлгідегі тәуелсіздіктің бүкіл атрибуттары бізде бар.

Оны ешкім жоқ деп айта алмайды, жоққа шығара алмайды. БҰҰ-ның мүшесіміз. 100-ден астам халықаралық ұйымдардың мүшесіміз яғни, толыққанды халықаралық ұжымның, халықаралық қоғамның мүшесіміз.

Тәуелсіздік жылдары Елбасы бастап, елі қостап қазақ талай асудан асты. Қазір өзі теңдес елдердің арасында көптеген көрсеткіш бойынша көш бастады. Елдегі ішкі жалпы өнімінің мөлшері Орталық Азия мен ТМД төңірегіндегілерге қарағанда әлде қайда жоғары.

Экономика еңсесін көтеріп, елде бақуатты тірлік орнаған. Тәуелсіздіктің арқасы, азат елде бұратана саясаттың бұғалығын білмейтін бұла ұрпақтың буыны да қалыптасты.

Бекболат Тілеухан, қоғам қайраткері:

Жалпы, сексенінші жылдардың аяғында туған, ес біліп, етек жапқалы Тәуелсіз Қазақстанда өскен балалардың санасы мен алдындағы ана темір құрсауды көргендерді салыстыруға болмайды. Бұлардың санасы бұла, бұларға біздің артатын сеніміз көп болу керек.

Біздің көсегімізідің көгеріп, көрпеміздің ұлғайған кезі бұл Тәуелсіздіктен кейін ғана. Мұндай бақыт жоқ. Тәуелсіздіктен тәтті, азаттықтан асыл ұлт үшін бірдеңенің болуы мүмкін деп білмейміз біз.

Тәуелсіздігін қадірлеген халық қазір тату. Бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай. Мұндай тұрақтылыққа тәуекелі мықтылар ғана жетеді. Ал, тәуекелге бел буған біздің ел бар қажыр-қайратын Тәуелсіз Қазақстанды қаз тұрғызуға, дамытуға, оның рухымен бірге, руханиятын нығайтуға арнады.

Бекболат Тілеухан, қоғам қайраткері:

Ауызды құр шөппен сүртіп айта береді ғой. Өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз, деп. Шын мәнінде Тәуелсіздік алғанға дейінгі сіздің дәстүрлі өнеріңіз қандай еді. Қазір таяқ лақтырсаңыз жыршыға тиеді, әншіге тиеді. Дәстүрлі өнеріңіз де, айтысыңыз да, көкпарыңыз да, теңге ілуіңіз бе, аударыспағыңыз ба ұлттық спортыңыз ба, әніңіз бе, жырыңыз ба, тарихыңыз ба, бабалардың сөзі ме сабақты ине жібіне шейін жерде қалмай, бәрін реттеп, қаттап, жүйеге түсірген мұндай кезең болған жоқ қалай десеңіз де.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі Академиясының президенті:

Тәуелсіздік жылдары біздің жоғымыз бүтінделіп, барымыз толықтырылды. «Мәдени мұра» секілді үлкен бағдарламалар арқылы Қазақстанның шетелдердегі барлық мұралары әкелінді. Жарық көруде. Жалпы, Тараздың 2000 жылдығы, Түркістанның 1500 жылдығы секілді үлкен-үлкен шаралар, Алаш қайраткерлерінің мерейтойлары сияқты ауқымды іс-шаралар арқылы еліміздің еңсесі, тарихи санасы артты.

Мынау біздің Түркі Академиясының құрылуы да біздің Тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймыз. Қазір Қазақстан тек қана қазақ жерінің ғана емес, түгел түркінің тарихын түгендеген үлкен іргелі мемлекетке айналып отыр.

Тәуелсіздікпен бірге ұлттың тарихи санасы жаңғырды. Мәңгілік ел болуды көздеген мемлекет, тамырының тереңнен тартатынын есінен бір сәтке шығармады. Ұлттық идеяның өзегі – ұлт тарихында. Мұны Елбасы ешқашан назардан тыс қалдырған емес.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің басты ұлттық идеямыз Мәңгілік елді басты бағдар етіп,  Тәуелсіздігіміздің даму даңғылын нұрлы жолға айналдырмақ мақсатымыз бар. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел нұрлы жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз қажет. Мәңгілік ел - елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуаттың көзі. Ол - «Қазақстан-2050» Стратегиясы ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстанның  мызғымас идеялық тұғыры болып саналады.

Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміз - Мәңгілік ел. Ол барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де - Мәңгілік ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр.

Отанды сүю - бабалардан мирас болып қалған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесімізді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтың жұмысының түпкі мәні де осы.

Егемен болмай ел болмас, деген халқымыз бүгінгі бейбіт күн үшін арғы заманды айтпағанда, кейінгі екі ғасырда екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерліске шықты. Ері елі үшін, елі ертеңі үшін басын бәйгеге тікті. Сондықтан да, өткен күннің қасіреті мен Тәуелсіздіктің қасиетін қазақ қашанда қадір тұтуы тиіс.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу