Бердібек Сапарбаев I топтағы мүгедек Біржан Қожақовтың жағдайымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бердібек Сапарбаев I топтағы мүгедек Біржан Қожақовтың жағдайымен танысты

14.12.2014
Бердібек Сапарбаев I топтағы мүгедек Біржан Қожақовтың жағдайымен танысты

Кәсіпкерлік демекші, біз сіздерге Аptа.kz-тің өткен санында оралдық кәсіпкер, I топтағы мүгедек Біржан Қожақовтың жағдайын баяндаған едік. Ұлттық нақышта керемет сандықтар, орындықтар, бесіктер мен жер үстелдерін жасайтын Біржан бізге жергілікті биліктен қолдау жоғын айтып, қынжылыс білдірген еді.

«Президент әркез әр Жолдауында мүгедектерді қолдаңдар дегенмен, мен жәрдем көре алмай отырмын. Жиһаз жасауға қажетті құрылғылар сатып алу үшін анамның екі бөлмелі пәтері мен үйін саттым», деген болатын.

Біржан Қожақов, І топтағы мүгедек, кәсіпкер:

Мысалы, бізге 4 жыл болды несие ала алмай жүргенімізге. «Даму» дегендер шығып жатыр ғой, алда көмектеспесе, қазір олардан тіптен көмек жоқ. Себебі олар мында келеді. Бәрін қарайды. Жақсы, жақсы деп сөзбен айтып кетеді. Алайда,  нақты көмегін көріп отырған жоқпыз.

Өзінің мүгедектігіне қарамастан, өзге де мүгедектерді жұмысқа алып отырған қайырымды жанның жайын біз өткен аптада Аptа.kz-ке арнайы келген Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевқа да жеткізген едік.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Сіз маған ол кісінің мекенжайын беріңіз. Мен ол кісімен барғанда жолығып, жергілікті билікпен бірге жағдайымен танысып, тиісті шаралар қараймыз.

Жұма күні осы Орал өңіріне іс-сапармен барған Бердібек Мәшбекұлы бізге берген уәдесіне тұрып, кембағал жанның жағдайымен арнайы танысты. Сөйтіп, ұлттық жиһаздар дүкені мен цех құрылысы үшін мүгедек жанға жергілікті биліктен жер телімі беріліп, мүгедектің мәселесі облыс әкімінің назарына алынды. Ал, қайтарымсыз несие алу жөніндегі өтінішін Үкімет басшысының орынбасары қолдан келгенше қарастыратынын жеткізді.

Бердібек  Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Жер мәселеңіз шешілді. Енді несие беру үшін кепілдік керек, заң тәртібі солай. Бірақ, біз министрлікпен ақылдасып, қараймыз. Нұрлан Асқарұлына сізді тапсырдық. Ол кісі сізге көмектеседі.

Бір орынбасарын сізге бөледі. Жағдай болса, мәселе туса,  сол кісіге айтасыз. Ол Ноғаевқа баяндайды. Сіздің еңбегіңіз зор. Қолдау болады. Сізге арнайы келдік, ол үшін «Қазақстан» телеарнасына рахмет айтыңыз.

Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу