Жаһан жаһанданып келді, білесіздер. Ақпараттық, технологиялық, ғылыми байланыстар біртіндеп экономикалық, әскери, тіпті тұрмыс-салттық жуықтыққа, ұқсастыққа алып келеді.
Қазақстан, Ресей және Беларусь үштігінің экономикалық одақ құруына екі аптадан аса уақыт қалды. Сарапшылар «үлкен нарық болады, бәсеке күшейеді, алыс-беріске тежеу, кедергі жойылады» десе, үш елдің билігі «таза экономикалық мүддеге жұмыс істейтін одақ болады», деді.
Қазір Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының көлемі 23 миллиард АҚШ доллары. Бірлескен кәсіпорындарда есеп жоқ, ертең еркін сауданың күні туғанда көрсеткіштің еселене түсері анық.
Беларусьпен екіжақты байланыстың да кемі жоқ. Ауыл шаруашылығы, темір, мұнай-газ салаларындағы сауда-саттық жүйеленген. Енді одақ болсақ, дайын тауар, ет пен сүттен бастап, көлік пен кен өнімдері де кедергісіз үш ел арасында айналады. Бұл әрине, бір күндік процесс емес.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің күшіне енуіне аз қалды. XXI ғасырдың жасампаз жобасы туралы жаһан құлағдар қазір.
Қала тұрғыны:
Қарапайым адамдар үшін өте керемет. Кедендік салықтарсыз бару әрине, тиімді.
Қала тұрғыны:
Одақ келісімшартында көрсетілген жеңілдіктердің арқасында жағдайымыз бұрынғыдан да жақсарады, деп ойлаймын.
Қала тұрғыны:
Біздің халықтар дос бола алады, бұл ең маңыздысы. Ал, менің елім Беларусь үшін үлкен нарық пайда болады.
Еуразиялық интеграция Қазақстанға қай жағынан тиімді? Санамалап шығайық. Бірінші, 170 миллион адамы бар алып нарыққа қол жетеді. Бұл не деген сөз? Біздегі өңдеуші өнеркәсіптің экспорттық салалары өседі деген сөз. Ал, сол өсім, әлбетте, отандық бизнестің оңалуына жол ашады.
Ел экономикасына шетелдік инвестиция көп тартылады. Өзге мемлекеттермен біріккен кәсіпорындар көбейеді. Себебі, бізде Беларусь пен Ресейге қарағанда, салық деңгейі төмен. Мұны екінші деп қойыңыз.
Алексей Лихачев, Ресейдің экономикалық даму министрінің орынбасары:
Келісімде қызмет саласына қатысты жаңа жүйе жазылды. Яғни, 1 қаңтардан бастап, кәсіпкерлер бірыңғай нарық тәртібі бойынша жұмыс істейді. Нақтырақ, бір кәсіпкер Ресейден қандай да бір салаға лицензия алса, сол лицензиясымен ол Беларусь мемлекетінде немесе Қазақстанда емін-еркін жұмысын жүргізе алды.
Ал, үшіншіден, Қазақстанның Беларусь, Ресеймен сыртқы сауда көлемі артады. Нәтижесінде, ІЖӨ өседі, жаңа жұмыс орындары ашылады. Айтпақшы, сіз Астанада білім алдыңыз делік. Кейін жұмыс бабымен Мәскеуге немесе Минскіге жол тарттыңыз. Екі елге де сіздің қазақстандық дипломыңыз жарайды. Иә, одақтың тағы бір мүмкіндігі – осы.
«Үш елдің басын экономикалық тұрғыда біріктірген одақтың болашағы бұйыртса жарқын болады»,- дейді сарапшылар. Халықаралық ұйымдармен берік қатынас бекиді.
Одаққа мүше елдердің саны арта бермек. Интеграцияны жасаушы негізгі үш ел: Қазақстан, Беларусь, Ресей. Ал, Армения мен Қырғыз елі одаққа мүше болуға мүдделі.
Елена Достанко, саясаттану ғылымдарының кандидаты:
Арменияның құжаты қазір ратификация үстінде. Қырғыз ағайынның құжаты жаңа жылда дайын болады. Қос ел одаққа өте ынталы. Өйткені, Еуразиялық экономикалық одақтың берер мүмкіндігін бұл елдер есептеп тұр. Алда Вьетнам, Жаңа Зеландия, Түркия елдері де қосылады деп ойлаймыз.
Қазақстан мен Армения рухани жақын елдер. Бірақ, географиялық жағынан алыс мемлекеттердің алыс-берісі өте аз қазір. Былтыр бар-жоғы 8-ақ миллион доллардың төңірегінде болды. Сондықтан, ЕЭО - екі ел ынтымақтастығын нығайтады дегенге үміт көп.
Ара Саакян, Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
Еуразиялық экономикалық одақ жаңа мүмкіндіктер береді. Армения әсіресе, Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасын нығайтқысы келеді. Біріккен кәсіпорындар салуға ниеттіміз. Қазақстанда инновацияға көңіл көп бөлінеді.
Ал, жаңа технология, әлбетте инвестицияға жол ашады. Бізге Қазақстанның осы дүниесін үйрену керек. Бір өкініштісі, қазір біздің елдердің арасындағы тауар айналымы аз.
Қазір Қазақстан теміржол байланысы саласын оңтүстікке қарай дамытып жатыр. Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолын салды. Бұл екі елдің өзара байланысына өте тиімді болар еді.
Рас, одақ ондаған оң мүмкіндікке жолдама береді. Бір елдің басқа елмен еркін тауар алмасуына, азаматтарының ары-бері еркін қатынауына оңтайлы жағдай жасайды.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ