«Ықтасының болмаса, желге өкпелеме, еңбегің болмаса, елге өкпелеме». Бұл заман билікке өкпелеп бүк түсетін немесе «алма піс, ауызға түс» деп керіліп жататын кез емес. Кәсіп аш, еңбек қыл, бұл бүгінгі нарықтың талабы.
Мемлекет кәсіп ашып, ырзық табуға ықыластыларды қашанда қолдап келді, қолдай да бермек. Президент осы Жолдауда шағын және орта бизнеске, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікке жеңілдікпен несие беру үшін қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды.
Бұл қаржылар тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. 100 миллиард теңге бұл бірінші рет беріліп тұрған қолдауқаржы емес, білсеңіз.
Осыған дейінгі күрделі кездерде де кәсіпкерлерді демеп, кәсіптерін жандандыру үшін Ұлттық қордан 100 миллиард теңге бөлінген еді. Қаражат құм сіңгендей болмады, толық игерілді. Міне, нәтиже. 4,5 мың жұмыс орны ашылды. Яғни, кәсіпсіз сенделген мыңдаған азамат жұмысқа тұрып, тұрмысын түзеді деген сөз.
Айтпақшы, сол кезде бөлінген қаржыға деген сұраныс ұсыныстан асып түскен еді, 23 миллиард теңгеге. Елімізде бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды.
Осы Жолдауда Елбасы ШОБ-ті экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына жеткізуді мұрат қылып қойды.
Сондықтан, кәсіпкерлер үшін 2015-2017 жылдары жалпы құны 155 миллиард теңге болатын несие желілерін Азия даму банкі, Еуразиялық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ, Дүниежүзілік банкі беретін болып шешілді.