Біздің жұрт ерінбей еңбек етсең, ерінің асқа тиетінін, ерініп ілбіп кетсең, иегің тасқа тиетінін жақсы біледі. Осы күні елдегі еңбекке жарамды жандардың 32 пайызы, яғни 2,7 миллион халық шағын және орта кәсіпкерліктен нәпақа тауып жүр. Билік те бизнестен көмегін аямады. Салықтың салмағын азайтты. Қаптаған қағазбастылықты заңмен шектеді.
Қозыдай тәлтіректеген бизнесті аяққа тұрғызу үшін билік Тәуелсіздік жылдары бір емес, бірнеше рет мораторий жариялады. Бұл тырнақ астынан кір іздеп, тиын-тебен дәмететіндердің жолын кесті. Мемлекет тіпті экономикалық дағдарыстар тұсында да кәсіпкерлерді ұмыт қалдырмады. Президенттің былтыр Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлу туралы шешімі сөзімізге дәлел.
Сол қаржының 500 миллиард теңгесі биыл 438 кәсіпкерге үлестіріліп берілсе, олар кәсіптерін кеңейтіп, 5 мыңға жуық жанға жаңа жұмыс орындарын ашты.
Дағдарыс өтер де кетер деп қамсыз жату жарамас. Сондықтан, қаржылық-экономикалық дағдарыстың дауылы жайпап өтпес үшін біз шағын және орта кәсіп секілді экономиканың негізгі тіректерін босаңсытпай, бекем ұстауымыз қажет.
Мемлекеттен қолдау зор болған соң, осы күні Орал өңіріндегі азаматтар да кәсіп ашып, шаруаларын ширата бастады.
Орал өңіріндегілер бұл күні нарықтың заңын жатырқамай, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгере бастады. Ақ Жайықта 624 мың тұрғын болса, солардың 48 мың 200-і саудамен айналысады. Яғни, кәсіпкер.
Оралдың биылғы қарсыз, шуақты күні мына Сексек ата тұқымы үшін жайлы. Біздікіндей емес, жүндері тықыр бұл ешкілер анау Ресейдің Башқұрт жерінен әкелінген. Жерсініп үлгерді. Биыл екінші қыс басып отыр. Сөздің емес, істің адамы Қасым аға былай дейді.
Қасым Бейсекешев, кәсіпкер:
Бірінші қарашадан бастап, күйекке қостық. Келесі жылы сәуірден бастап, лақтайды. Сонда мамырдан бастап, саууға болады. Бұл ешкілерді негізінен 6-7 айға дейін саууға болады. Сосын барып, қайтадан күйекке кетеді.
Бұл ешкілер орыстың ақ ешкісі мен «Зааненский» тұқымдарының қосындысы. Берекесі мынада, күніне 2 литр сүт береді. Ал, ешкі сүтінің пайдасын білесіз, көл-көсір. Авиценнаның өзі ішуге кеңес берген. Қазір Швейцарияның өзінде туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды ешкі сүтімен емдейді.
Қасым Бейсекешев, кәсіпкер:
Ешкі сүті біріншіден жас сәбилерге. Құрамында адамның ағзасына, қажет дәрумендер бар. Сосын екінші мәселе шек ауруларына пайдасы көп. Ғылыми түрде дәлелденген. Ешкі сүтінің адамға, әсіресе, жасөспірімдерге керекті дәрумендердің барлығы бар.
Башқұрстаннан әкелінген бұл ешкілер былтыр жүз қаралы болатын. Биыл еселеніп, екі жүзге жетті. Президент биылғы Жолдауда кәсіпкерлікті несиелеуге 100 миллиард теңге бөлгенін ескерсек, шаруа қожалығы бұл қолдаудан үмітті. Биыл тағы жүз ешкі әкелмекке бел буып отыр.
Қасым Бейсекешев, кәсіпкер:
Мемлекет тарапынан қолдау көріп жатырмыз. Бізге инфрақұрылым тартып берді. Газ, су, жарық. Осы қораны салуға 40 миллион теңге берді.
Шынында да, Астананың өзі сарылып, газ күткенде, Орал түгілі мына қыстақтың өзінде газ бар. Қыста жып-жылы. Суыққа тоңғақ ешкілерге бұл жайлы орын. 3 жарым мың центнер шөбі мен 20 тоннадай жем дайындап, қыстаққа кіргелі отырған Қасым аға «ісіміз өрге басса, басты мақсат мынау» дейді.
Қасым Бейсекешев, кәсіпкер:
Біз «ҚазАгроФинанстан» лизингкке тонна жарымдық сүтті айналдыратын шағын зауытқа тапсырыс беріп қойдық. Соны лизингке алып, мамырдан бастап, сүтті залалсыздандырудан өткізіп, сүтті бөтелкеге құйып, сыр жасау мақсатымыз. Балаларға арналған тағам, йогурттар, ірімшік жасауды қолға алмақпыз. Осы 3 бағытта жұмыс істейміз.
Біз ешкіні төрт түліктің қатарына жатқызбағанмен, Моңғолия қазақтары бесінші түлік атайды. Өйткені, Сексек ата тұқымының тері-түбіті мен сүтінің құн-қадірін біледі олар.
Ал, бізде осы Қасым шаруадай бірен-сараны болмаса, ешкі шаруашылығына мал баққан жұрттың көп ықыласы жоқ. Әйтпесе, жылына екі төлдейтін, тіпті егізден беретін ешкіден тез өсетін мал жоқ.
Мемлекеттің демеуі Арманның арманының орындалуына жол ашты. Қаратөбе ауданының тумасы қазір өзі би, өзі қожа, ешкімге бағынышты емес. Жеке кәсібін бастады. Ресейдің Саратов аймағынан 3 мың балапан әкелген, қазір жұмыртқа саудасынан ризық айырып жүр.
Арман Аманғалиев, кәсіпкер:
Қазір осы цехтың ішінде 5 мың тауық бар. Соның 3 мыңы үлкен тауық. 2 мыңы балапан тауық. Осы күні 1600-дей жұмыртқа алып отырмыз. Келесі айдың ақпанында 450-477-дей жұмыртқа аламыз.
Былтыр ғана жеке кәсібін ашқаны болмаса, Арманның құс өсіру саласында жүргеніне - 12 жыл. Көп тәжірибе жинады. Тауықтардың бабын беске біледі.
Арман Аманғалиев, кәсіпкер:
Бұл құстар тез өсімді болғандықтан, қандай да бір физикалық характерлерге байланысты шошығыш болып келеді. Қатты бір шошынғанда келесі күні жұмыртқа бермей қояды. Бұған тыныштық, өзінің арнайы жарығы, сосын арнайы тамағы болса жеткілікті.
Мейіржан Әлібек, тілші:
Тауықтардың құрқылынан құлақ тұнады. Бұл цехты шағын отбасы деуге болады. Өйткені, әрбір торда 7 тауықтан. Кейде бір-бірімен тату болады, кейде шекіскен жағдайда цех қызметкерлері оларды бір-бірімен алмастырады.
Ал, жұмыртқа басу жағдайына келсек, тауық басқан жұмыртқа анау биіктеу тұстан дәл осы жерге сырғып түседі. Бұл С-1 деп аталады. Сауда нарығындағы ең бір сапалы жұмыртқа саналады.
Өйткені, ақ жұмыртқаға қарағанда, қызыл жұмыртқа жарыла қоймайды. Сонысымен өтімді. Тауықтар күніне мың жарымға жуық жұмыртқа береді. Оларды кешқұрым жинап алу мына Сергейдің міндеті. Барлығын мұқият жәшікке салып, ертесіне Орал қаласына жөнелтеді. Базарда сұраныс жоғары.
Арман Аманғалиев, кәсіпкер:
Мұның ішінде қаншама дәрумендік элементтер бар. Бір жұмыртқа 300 грамм етті алмастырады, калориясы жағынан. Мұның құрамында адам ағзасына қажетті дәрумендер көп.
Мына жер бұрын бос жататын. Жазық алаңқайда қазір құс цехы бой көтерді. Арманның енді мақсаты - осы цехты үлкейтіп, кәсібін кеңейту.
Арман Аманғалиев, кәсіпкер:
Біз «Жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие алып, өзіміздің нәсібімізді көріп отырған жағдайымыз бар. Келесі жылға қарай «ҚазАгроФинанс» арқылы осы құс басын 100 мыңға жеткізем бе деген мақсат бар. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Облыс билігінің айтуынша, соңғы жылдары өңірде шағын және орта кәсіпкерлікке бет бұрып жатқан азаматтардың қарасы қалыңдап келеді. Бұған мемлекеттік бағдарламалар септігін тигізіп отыр.
Марат Кәрімов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Кедендік одақтың да атқарып отырған рөлі өте жоғары деп есептеймін. Атап айтсақ, биылдың өзінде біздің Кедендік одақ елдерінің 8 ай қорытындысы бойынша сауда айналымы 55 миллион долларға жетті.
Бұрынғы жылдары экспортымыздың динамикасы түсіп, импортымыздың динамикасы өсіп отырса, осы 8 айда біз экспортымызды арттырып, импортымызды 8 пайызға түсіріп отырмыз. Ол да осы облыс кәсіпкерлерінің әлеуетінің жоғарылап келе жатқанының дәлелі.
О баста кәсіп бастауға жүрексінген Қасым аға мен Арманның шаруалары бүгінде ширай бастады. Еңбек ширатады, өмір үйретеді деген осы.
Мейіржан ӘЛІБЕК