«Тәуелсіздік толғауында» ел Президенті Үкімет алдында ең бір маңызды міндет қойды. Ол міндет – экономиканы долларсыздандыру. Бұл - «көк қағазға» жіпсіз байланған жаһан елдері үшін «бас ауыртар» мәселеге айналғаны анық. Жалпы, долларсыздандыру деген не? Қарапайым тілмен айтсақ, экономиканы доллардан тазалап, Ұлттық валютаға басымдық беру.
Жаһанды 70 жыл бойы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келе жатқан доллардың үстемдігіне қарсы Қазақ Президентінің бастама көтеруі бірінші емес. Биылғы Астана экономикалық форумында да жиһанды доллардың жетегінде кетпей, әділ валютаға көшуді ұсынған.
Ол рас, барлық ел мен жерді доллар жаулап алды. Осы ақша бүкіл АҚШ экономикасын «асырап» отыр. Барлық қаржылық операциялар Нью-Йорк арқылы жүргізіледі. Біздің елдің де сол валютаға басы байлаулы.
Елдегі ірі қаржылық операциялар доллар валютасымен жүзеге асады. Қазақтың мұнайы да осы долларға сатылады. Экономикамыздың 40 пайызы долларға тәуелді екендігі де осыдан. Әрі сарапшылар қазақстандықтардың түсінігі «долларланып» кеткенін айтады.
Зерттеулер бойынша банктегі салымшылардың 45 пайызы қаражатын долларда ұстайды екен. Пәтер сатылса да, көлік сатылса да, тек доллармен. Сондықтан, Үкіметті үлкен шаруа күтіп тұр.
Жаһан жанталасқан заман қазір. Біреуге жан қымбат, біреуге нан қымбат. Қысқасы, саясаттың әлемдік саханасы аласапыран күй кешіп жатыр. Әсіресе, әлемдік экономиканың дамуы әлсіреп, қысқа күнде мұнайдың бағасы қырық құбылып тұр.
Соның салдарынан күндері осы көмірсутегіне қараған елдердің күмілжіп отырғаны да содан. Оның үстіне әлемдік экономикаға бір ғана валютаның үстемдік етуі үмітті ақтап, күдікті сейілтіп отырған жоқ.
Мұны Мемлекет басшысы 2008 жылы басталған халықаралық қаржы дағдарысы кезінде бірнеше мәрте айтқан. Айтып келеді. «Тәуелсіздік толғауында» да айтты. Сондықтан, Үкімет пен Ұлттық банк отандық экономиканы долларсыздандыруға мейлінше ықпал етуі керек.
Себебі, Қазақстан экономикасының 30-дан 80 пайызға дейін долларға тәуелді. Ал, депозиттердің 70 пайызы басқа валютамен сақталса, 30 пайызы ғана төл теңгеге тиесілі.
Ерлан Әбіл, экономика ғылымдарының кандидаты:
Бұл дегеніміз – біздің теңгемізді әлсірету, келешекте теңгенің маңыздылығын азайту деген сөз. Оны болдырмау үшін мемлекет тарапынан, банк тарапынан долларсыздандыру әрекеті жасалады.
Мұның жасалуы теңгемен несие беруді жеңілдету, несие саясатын жүргізгенде теңгеге көп мән беру және экспорт-импорт операцияларын доллардан тыс басқа да валюталармен жүргізу болып саналады. Долларсыздандыру бұл бір жылдың ішінде шешілетін мәселе емес. Бұл 5-7 жылдың ішінде қойлатын талап.
Әрине, экономиканы долларсыздандыру оңай шаруа емес. Бірақ, оның айналымын азайтуға болады. Экономистер доллардың айналымдағы ықпалын 40 пайызға дейін түсірсе, нарықта тепе-теңдік орнайтынын айтады. Бірақ, бұл уақыт еншісіндегі шаруа. Ал, Президент дағдарысты еңсерудің ең төте жолдарын «Нұрлы жол» Жолдауында жіпке тізіп берген.
Бауыржан Исабеков, экономика ғылымдарының докторы:
Дағдарыстан қиналмай шығу үшін оның инфрақұрылымына, соның ішінде әсіресе, көлікке, мына энергетикаға көңіл аударуы, күйзеліске қарамай әлеуметтік мәселелерге соның ішінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтың мәселелеріне үлкен көңіл аударуы еліміздің дағдарыстан шығуға алдын ала жасалып жатқан үлкен қадамдардың бірі болады ғой, деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы дағдарысты тереңдетпеу үшін инфляцияны шектеуді тапсырды. Бұл басқа валютадан бұрын төл теңгеге құрмет пен сенім болса, іске асатын шаруа. Әрі Үкімет ақша-несие саясатында төл теңгенің төлем қабілетін арттыру үшін теңгемен берілетін несиелерге жеңілдіктер жасап, есеп айырысудың басқа да валюталармен ара-қатынасын реттеуі тиіс.
Ерлан Әбіл, экономика ғылымдарының кандидаты:
Инфляцияны ұстап тұру тек қана Ұлттық банктің құзырында болмайды. Бұл мемлекеттің де құзырында. Ол жаңа жұмыс орындарын ашу, жаңа жобаларға инвестиция тарту. Олар өңірлерді дамыту арқылы жұмыссыздықты азайту және жұмыссыздықты азайту арқылы инфляцияны да тежеп отыру.
Қытайлар дағдарыс сөзін халыққа «қауіп-қатер әрі мүмкіндік», деп түсіндіретін көрінеді. Ал, дағдарыстың мәңгілік емес екенін ұдайы ескертетін Елбасы уақытша болатын қиындықтардан сабақ ала отырып, дамуға бастайтын даңғылды іздеу керектігін айтудан жалыққан емес.
Бауыржан Исабеков, экономика ғылымдарының докторы:
Енді осыдан шығатын екі тетік бар. Оның біріншісі - инновация да, екіншісі адами ресурс. Кеше Елбасы осы инновацияға өте үлкен көңіл аударды. Алматыдағы кездесуде де экономикамызды дамытуда осы инновацияға иек арту керектігіне үлкен көңіл бөлді.
Халықаралық қоғамдастықтағы ахуалға байланысты келер жылғы бюджеттің шығысы қайта қаралуы мүмкін. Әлбетте, Президент әлеуметтік шығындардың әсте қысқармайтынын қадап айтты. Ал, депутаттар болса, шығынның қысқаруы мүмкін емес, тек оны өсірмеу керек, дейді.
Құттықожа Ыдырысов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Елбасының 3 миллиард ақша бөліп отыруы жыл сайын, міне, әлеуметтік салаға бағытталған ақша.
Қазақ тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды айтпағанда, 2008-2010 жылдары болған халықаралық дағдарыстан еңсесін тік ұстап шыққан ел. Сондықтан, сарапшылар «біздің тәжірибеміз бар, тек Ұлттық қордан бөлінетін ақшаны дұрыс ұқсатсақ болды, ұтылмаймыз, алға ұмтыла түсеріміз сөзсіз», деп отыр.
Айбек ҚОБДАБАЙ