2015 – Жеңістің 70 жылдығы және ТМД елдеріндегі Ардагерлер жылы болмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2015 – Жеңістің 70 жылдығы және ТМД елдеріндегі Ардагерлер жылы болмақ

28.12.2014
2015 – Жеңістің 70 жылдығы және ТМД елдеріндегі Ардагерлер жылы болмақ

Алдағы 2015 – Жеңістің 70 жылдығы және ТМД елдеріндегі Ардагерлер жылы болмақ. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Жаңа жыл қарсаңында, 26-30 желтоқсан аралығында еліміз бойынша II Дүниежүзілік соғыс ардагерлерін қолдау жөніндегі жалпыұлттық акция өтіп жатыр. Акция болғанда, бұл ТМД-да ең алғаш болып қолға алынған бірегей шара.

Кейінге шегінсек, сонау ашаршылықта 4 миллион қазақ қынадай қырылса, 1,5 миллиондай қандас шетел асты. Сол зор зобалаңнан аман қалған 2,5 миллион қазақты қатыгез тағдыр тағы бір сілкілеп алған еді.

Ашаршылық пен репрессиядан ел есін енді жиғанда 41-де соғыс басталды. Қазақстаннан майданға - 1 миллион 366 мың адам қатысса, 410 мыңы майдан даласында опат болды.

Қазір елімізде тек 5115 соғыс ардагері ғана қалды. Олардың әрқайсысын облыс әкімдерінен тартып, қала және аудан басшылары арнайы барып құттықтап, Президенттің атынан жаңажылдық сыйлықтар тапсырып жатыр.

Отты жылдар, оқты жылдар. Барлыбай Тәбешов 18 жасында майдан шебіне аттанады. Белград –Орел далалық майданында автоматшы, Курск шайқасында  артдивизия наводчигі, 1943 жылы Воронеж майданында минометші болған жауынгер 1945 жылдағы Жеңісті көктемді Германия жерінде қарсы алады.

Бұл - Барлыбай Табешұлының соғыс кезінде жүріп өткен жолы. Бәрін ұқыптап қағазға түсірген. Осы уақытқа дейін екі кітап жазыпты. Ал, мына маржандай жазумен тізілген қолжазбада қарт майдангердің өмір туралы естеліктері бар. Айтуынша, адамзат қолынан бәрі келеді, бейбіт күнде соғыс ашу да, қиян-кескі ұрысты тоқтатып, мамыражай күн кешу де.

Барлыбай Тәбешов, соғыс  ардагері:

Мәскеудің түбіне дейін барғанда біз жеңеміз. Біздің ісіміз әділ, біз жеңеміз дедік. Халықтың, жастардың барлығы патриоттық сезімде болды. Жеңістің ең негізгі себебі де сол, патриоттық сезімде болғандықтан.

Барлыбай ақсақал мен Рысжан әже 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. 90-нан асса да күш-қайратымыз барда балаларға масыл болмаймыз, деп бөлек тұрады. Ардагерлерге көрсетілетін құрмет-ізетке разы.  Орден-медальдан кенде емес, ең бастысы үнемі назардамыз, дейді. Тіпті, Елбасының өзі құттықтап, бізбен әңгімелесіп тұрады, дейді.

Барлыбай Тәбешов, соғыс ардагері:

Ардагерлерді керемет құрметтейтін адам. Бізбен сұхбат жүргізеді. Сұрақтар қойғанда, біздің жағдайымызды ойлайды ғой. Қалай жүріп жатырсыздар, содан мынау елдің жағдайы қазіргі. Қалай қалайсыздар, пікірлеріңіз қандай, жастарға қандай пікір айтасыздар деп.

2015 жыл – Жеңістің 70 жылдығы және ТМД елдеріндегі Ардагерлер жылы болмақ. Мемлекет басшысының майдангерлерді қолдау жөніндегі жалпыұлттық бірегей акциясы басталып кетті.

Соғыс ардагерінің әрқайсысына облыс, қала және аудан әкімдері арнайы барып құттықтап, Мемлекет басшысы атынан жаңажылдық сыйлықтар жиынтығын тапсыруда.

Бейсен Боқаев  90-ның екеуінде. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып Украина майданында кескілескен соғыстың ортасынан бірақ шықты.  Карпат тауындағы шайқастарда ерлігімен көзге түсіп Румынияны азат етуге қатысты.  

Елбасының өзіне арнайы жіберген сыйлығы мен жаңажылдық құттықтауын ерекше ілтипатпен қабыл алды. Қарт майдангер зайыбымен 9 перзент тәрбиелеп өсірді. Барлығы да бейбітшілігі баянды Тәуелсіз елде, бақытты да шаттықты өмір сүруде.  Осының бәрі Елбасының салиқалы саясатының жемісі,- дейді ардагер.

Бейсен Боқаев, соғыс ардагері:

Қазір біз тыныштықта, тұрмысымыз жақсы, бала-шаға оқыды, күйіміз өте жақсы. Шетелдерде дағдарыс қой. Бізде ол жоқ. Бас аман болсын, соғыс көрмесін. Бәледен-жаладан, әсіресе, соғыстан аман болайық! Шын жүректен алғыс айтамыз. Қазақстанның сондай дәрежеге жеткені Елбасының арқасы.

Қостанайлық соғыс ардагерлері Елбасының құттықтауын қабыл алып мәре-сәре болды. 91 жастағы Бертран Рубинштейн Президент құттықтауын зор қуанышпен қабыл алды.

Соғыс оты тұтанған жылы, 18 жасында әскер қатарына қабылданған ол, жаяу әскер құрамында шайқасты. Батыс Еуропаның бірнеше қаласын жаудан азат етуге қатысып, Жеңісті Германия жерінде қарсы алды.

Майданнан оралған соң ұзақ жыл теміржол саласында еңбек етті. Қарт сарбаз еліміздегі тыныштық пен тұрақты даму - тікелей Мемлекет басшысының еңбегі деп біледі. 

Бертран Рубинштейн, соғыс ардагері:

Назарбаев тәрізді сындарлы саясаткер басшымыздың болуы үлкен бақыт. Ол әрқашан тек халықтың қамын ойлайды. Оған мықты денсаулық, зор бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін.

Мемлекет басшысының құттықтауын алған ардагерлердің көңілдері бір марқайып қалды. Кейбірінің көңілдері толқып көздеріне жас алды. Қуаныштың жасы.

Абылай Қазыбаев, соғыс ардагері:

Бізді сыйлаған Президентке рахмет. Екінші мынау заман тыныштықтың арқасы. Басшының арқасы. Жақсы басқарып жатқанының арқасында біз осылай өмір сүріп жатырмыз.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында 288 соғыс ардагері тұрады.  Оларға да  Елбасының құттықтау хаты мен арнайы сыйлығы табысталды.  

Анна Васянова 1943 жылы Томск медицина институтын аяқтаған соң бірден Курск доғасындағы қан майданға  аттанған. Ұрыс даласында жүріп талай сарбаздың өміріне араша түсті. Соғыс аяқталған соң да еңбектен қалыс қалған жоқ.

Тың игеру жылдары Қазақстанға өзі сұранып келген. Бүгін Елбасының құттықтауы мен сыйлығын алған кейуана мәз-мейрам болды.

Анна Васянова, соғыс ардагері:

Президентіміз соғыс ардагерлерін ешқашан да ұмытпайды. Қазір бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Өткен қиындықтарды еске де алғым келмейді. Ол қайталанбасын деп тілеймін. Еліміз дами берсін.

«Қазақ Президентінің ардагерлерге құрметі әлемге үлгі болса игі еді»,-дейді бельгиялық ақсақал Владимир Семич. 90-нан асқан қария кезінде 3-ші Украин әскерінің құрамында болып, Балқанды азат етуге қатысыпты.

Жеңістен кейін әскери академияда білім алып, кейіннен Югославияға жер аударылған. Сол жақтан 1957 жылы Брюссельге көшкен. Қазір жалғыз тұрады. Үкіметтен ешқандай көмек алмайтынын айтқан қария Қазақстандағы қаруластарына қызығатынын жасырмайды.

Владимир Семич, соғыс ардагері:

Ардагерлерге құрмет көрсету – ардың ісі. Бірақ, көп елдер соғысқа қатысқандарды естен шығарды, елемейді де. Менің де мына жейдем тозып, жаңасын сұрап едім, неше жылдан бері ол да жоқ.

Ал, сіздердің ардагерлеріңіз бақытты ғой. Не ішемін, не киемін, деп уайымдамайды. Президенттеріңіз өзі қамқорлық көрсетіп, жас ұрпаққа ардагерлерді, қарттарды сыйлауды дәріптеп жүр.

Өткенге құрметпен қарау әр қазақта бар қасиет. Ардагерлер мен олардың соғыста қаза болған майдандастарының  ерен ерліктері шет жұртта да дәріптеліп жатыр. Мәселен, Беларусьтегі Брест қамалында 500-ге жуық қазақстандық қиян-кескі ұрысқа қатысқан. Көпшілігінің аты-жөні әлі де белгісіз. Бұл қамалда Қазақстан үкіметінің бастамасымен бой көтерген ескерткіш бар.

Дәл осындай ескерткіш Италияның Триест қаласында да тұр.  II Дүниежүзілік соғыс кезінде Италияда қаза болған 104 жауынгерге арнап салдырған. Қызыл әскер құрамында болып, тұтқынға түскен 104 жауынгер сол кезде Югославия  арқылы қашады. 

Осылайша, құрамында 38 қазақ азаматы бар «Орыс батальоны» құрылады. Ескерткішті ашуға жазушы-майдангер Қалмұқан Исабаев себепкер болады.

Тарихтың қиян-кескі бетін қайта ашып іздер болсақ әлі де талай батырымыз шығары сөзсіз. Көбі шет жұртта із-түзсіз жоғалғандар қатарына қосылып қала берді.

Елге аман-есен оралғандары өмірдің қызығын көре алмай қыршын кеткен майдандастарын ұмытпайды. Біздің  бейбіт заманды көріп, ұзақ жасауымыздың себебі де замандастарымыздың ақ тілеуі шығар, дейді.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу