Қазақ елі индустрияға екпін берген 5 жылды қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елі индустрияға екпін берген 5 жылды қорытындылады

28.12.2014
Қазақ елі индустрияға екпін берген 5 жылды қорытындылады

Көрші елдер қызыға да, қызғана да қарауы мүмкін, өйткені, соңғы екі жылда Қазақ мемлекеті әлемдегі 50 елдің қатарына кірді. Қамшы салдырмадық, ендігі шаруа- алдыңғы отыздықпен үзеңгі қағыстыру. Бірақ, жаһандық нарықты ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстап отырған бұл отыздықтың екпіні қатты екенін ескерейік.

Оларды құйғытып қуып жеткенмен, ащы тері алынбаған жүйріктей алқынып қалуымыз мүмкін, егер бабымыз мықты болмаса. Бұрынғыдай шикізат секторымызбен, қара алтынымызбен, көгілдір отынымызбен мақтанып отыра берсек, ұтылатынымз анық. Сондықтан, қазір қазақтың басты «көзірі» - индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы.

Қазақ елі индустрияға екпін берген 5 жылды қорытындылап, келесі кезеңді бастады. Осы бейсенбіде ел бойынша жалпыұлттық телекөпір өтіп, тағы да 15 кәсіпорын іске қосылды. 

«Қазақстанды жаңаша индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың нәтижелері» аталған телекөпірге Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.  Әрі отандық экономикаға ерекше еңбек сіңіріп жүрген мекемелер мен тұлғаларға «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарын тапсырды.

Дегенмен, бұл сыйлықтарды марапат деп қана қабылдауға болмас, соңында зілдей салмағы бар. Яғни, марапатпен бірге жауапкершіліктің де жүгі ауырлай түседі.

Индустриялық бағдарламаның негізгі 4 пайдасын бөліп атауға болады. Ұлттық экономиканың қауіпсіздігі, жұмыс орындары, экономиканың бәсекеге қабілеті, өңірлерге берген серпіні. 75 мың жұмыс орыны ашылған. 770 кәсіпорын құрылған. 4 триллион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл жолы тағы да 15 жоба іске қосылды. Мысалы, Ақтөбедегі  рельс зауыты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Рахмет, зауыттарыңызда болғанмын, көргенмін. Бұл – Қазақстандағы тұңғыш рельс шығаратын зауыт болып саналады. Өте қажет, қанша шақырым теміржол салып жатырмыз, өздеріңіз білесіздер. Өндірістің жұмысын бастауына рұқсат беремін.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы біртіндеп  экономиканың негізгі арқасүйеріне айналып келеді. Шындығын айту ләзім, қазақ экономикасы шикізатқа негізделген. Енді-енді, әупірімден өңдеуші салаға мойын бұрды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз әр уақытта Қазақстан бай, жерінің қойнауында темір де бар, көмір де бар, мұнай да бар, газ да бар, алтын, күміс мырыш барлығы бар деп жүрдік. Бірақ, сол байлықтың барлығын шикізат ретінде басқа елдерге тасымалдап, қызығын сол елдер көріп жатты.

Мен оны басынан бастап айтып келе жатырмын, отыз жылдан бері қарай. Мінеки, қазір ғана біздің қолымыз жетіп, мүмкіншілігіміз сол сыртта жасап жатқан байлықты, қосымша табыстарды елімізге әкелуге бет бұрдық.

Бұл Тәуелсіздікті жариялап оны ұстап қалумен бірдей өте қиын шаруа біз үшін. Себебі, бізде өндіріс болған жоқ, басқа мемлекеттерде болды. Кеңес одағының басқа республикаларында болды. Қазір біз соны қайтарайық деп жатырмыз.

Ол өте қиын шаруа, себебі, технологиясын да, қондырғыларын да ең жақсы түрлерін бізге ешкім бере салмайды. Өзіміз жасауымыз керек, табуымыз керек. Мінеки, қиыны сол.

Өзіміз жасап, өзіміз табу үшін еңбек керек. Тағы да бір шындық бар біздің қоғамда, еңбегін сатқан емес, ебін тапқан бай, терін сүрткен емес, тендерден ұтқан бай, ақылы тасқан емес, айласы асқан бай. Еңбек деді, Президент, еңбек – бәрін жеңбек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз еңбектің еліміз. Біздің міндет - барлығына жұмыс беру. Сондықтан, біздің мемлекет, Үкімет, Парламент, бұқаралық ақпарат құралдары еңбек адамын тәрбиелеуі керек.

Сондықтан, мен үш деңгейден тұратын арнайы еңбек даңқы туралы орден тағайындау туралы шешім қабылдадым. Сол деңгейдегі орденді алған адам Еңбек Еріне теңеледі және ол тең қана жұмыскерлерге, тек қана шаруаларға, жұмыскер әулеттерге беріледі.

Президент өз портреттеріне қатысты да ескертті. Қазір кез келген қалаға бара қалсаң Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі мен қанатты сөзі жазылған алып баннерлер мен мұндалап тұрады.

Соның орнына облыстағы кәсіпорындар мен еңбектің нәтиже көрсеткіштері ілініп тұрса игі.  Әкімдер ескерер, өйткені, мұны біз емес, Президенттің өзі айтты. Ал еңбектің қарагерлері мен қара нарларын насихаттау бізге серт.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өнер тапқан, сол өнері жұрттан асқан мықтыларға да мемлекет жүйелі және  қомақты қолдау көрсететінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Инноватор – бүгінгінің жаңа мамандығы. Инноваторсыз инновация да болмайды. Инноваторларды оқыту, үйрету керек, сонда ғана инновация жолға қойылады. Мүмкін оларға арнайы сыйлық тағайындармыз?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бірлігі мықты елдің тірлігі түзу боларын меңзеді. Кедергі де, қиындық та еңсеріледі, тек елдің тыныштығы қымбат.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тұрақты даму деген бізге жоғарыдан біреу салып берген бұдырсыз даңғыл жол емес, ешкімнің бізге сыйлығы емес. Әртүрлі кедергілер мен қиындықтар кездесіп отыруы заңдылық.

Өмір солай, өмір оңай емес. Өмір күрес, өмір бәсеке, әркімге, әр адамға, әр елге, әр мемлекетке. Жеңу үшін сол күрестерде жеңіп шығу керек. Тек қана жақсыға кенеліп үйренген жан ол жақсылықты бағаламайды.

Анда-санда табанға тас батпаса даңғыл жолдың қадірі де білінбейді. Сондықтан, қазіргі қиындықтарды сол табанға батқан кішкентай қиыршық тастар деп санайық. Ең бастысы, бірлігімізге бекем болуы, татулықты ту ете білейік.   

Жыл аяғында Президенттің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарын тапсыру дәстүр, бұл жолы да бұзылған жоқ. «Алтын сапаның» бас жүлдесін «Ақтөбе рельс зауыты» жеңіп алды.

Андрей Кузьмин, «Ақтөбе рельс арқалығы» зауытының бас директоры:

Бәрінен де ерекше әсер еткені, Елбасының қолымды қысып тұрып, арқамнан қаққаны. Алақанының ыстығын әлі сезініп тұрғандаймын. Бұл жылу тек маған емес, зауыттың бүкіл жұмысшыларына қуат береді деп ойлаймын.

Ал, бизнестің әлеумет алдындағы жауапкершілігі жақсы екенін білдіретін «Парыз» сыйлығынан 600 кәсіпорын үміт етіпті. Жүлде тек 24-не ғана бұйырды. Бас жүлдені  қызылордалық «ҚазГерМұнай» серіктестігінің еншісіне тиді.

Медет Кәрім, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бас директоры:

«ҚазГерМұнай» 2010 жылдан бері қатысып келеміз. 2010 жылы «Үздік әлеуметтік мекеме», 2011 жылы «Үздік ұжымдық шарт», 2012 жылы «Экологияға қосқан үлесі үшін» марапат алған болатынбыз. Бүгін өздеріңіз куә болып отырсыздар, бізге үлкен қуаныш.

Әлемде сапаға берілетін 70-тей сыйлық түрі бар. Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы 2006 жылдан, «Парыз»  2008 жылдан бері беріліп келеді.

 Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу