Қадан Бекенұлы – аштықты да, қуғын-сүргінді де көрген жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қадан Бекенұлы – аштықты да, қуғын-сүргінді де көрген жан

25.01.2015
Қадан Бекенұлы – аштықты да, қуғын-сүргінді де көрген жан

Күнтізбеде қызылмен белгіленген мереке-мейрам көп. Дегенмен, биылғы іркес-тіркес келетін атаулы күндердің орны ерек, жөні бөлек. Сүбелінің бірі – Жеңістің 70 жылдығы.

1945 жыл. Бұл – жер-жаһанға уын шашқан фашизмді талқандап, күллі адамзатты озбырлықтан аман сақтап қалған жыл. Бұл – миллиондар жан берген, миллиондардың қаны, тері, жасы төгілген сұм соғыстың тоқтаған жылы.

Биылғы жыл – қатарлары сиреген ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің, әкенің аялы алақанын көре алмаған жетімдердің, жарларын құшып, бақытты өмір сүре алмаған жесірлердің, әкелерін майданнан күткен балалардың мерекесі.

Ерлік дастандар, елдік ұрандар тек 9-шы мамырда айтылмасы анық. Біз ұрпаққа ұлағат қылып, әр жауынгердің өмір жолын баяндап отыруға борыштымыз. Бүгінгі кейіпкер -  Ресей, Украина, Молдова, Беларусь, Польша жерін жаудан азат етуге атсалысқан – Қадан Бекенов.

Артта қалған асыл ғұмыр, ғасыр ғұмыр. Тарих безбеніне салсақ, 90 жылда жұмыр басты пенде түгілі алып мемлекеттер де аласапыран күй кешіп жатады. Біздің кейіпкер бір ғасырдың тірі куәсі, соғыс ардагері. 

Қадан Бекенов – 1924 жылы, Ақмола губерниясы, Жарсуат ауылында туған. 1942 жылы соғысқа аттанады. 1943 жылы жаяу әскер училищесін бітіріп, Батыс майданға жіберіледі.

Қолбасшы маршал Жуковтың қарамағындағы 30-дивизия құрамында жаумен шайқасады. Ресей, Украина, Молдова, Беларусь, Польша жерін жаудан азат етеді. 1945 жылы Берлинді алу операциясына қатысады.

Қағазға түсіп, ресми құжатқа айналған афтобиография осы. Ал одан терең үңілсеңіз,  Қадан Бекенұлы 1932-нің аштығын да, 1937-нің қуғын-сүргінін де көрген жан.

Тіпті, ашаршылық жылдарында ата-анасына масыл болмасын деп интернатқа өткізіліпті. Халық қиындықтан көз ашып, ес жинағанда мені әкем интернаттан алып кетті деп еске алады, ақсақал. Бірақ, әкесімен бірге болуды жазбапты тағдыр. Үйіндегі ер-азаматтар соғысқа аттанады. Көп ұзамай Қадан Бекенов те әскер қатарына қосылды.

Қадан Бекенов, соғыс ардагері:

Сол жылы шахтаға барасың, мына Макин ауданы, Каззолото, Бестөбе. Кешке бізді алып келді де айтты: «1925-ші жылғылар шахтаға барады, 1924-ші жылғылар әскерге деп. Менің жанымда бір орыс жігіті болған, сол айтты: «Екеуміз 24-ші жылғымыз ғой, бірге кеттік», деп. Менің әкемді сәуірде алып кеткен. Ал, ағам одан бұрын кеткен. Мен шахтаға барып өліп қаламын ғой. Ағам мен әкемді қуып жетемін, деп ойладым.  Содан  екеуміз бірге кеттік соғысқа.

Осылайша, әкем мен ағамды көремін деген арманмен 42-ші жылы майданға аттанады. Алматыдағы училищеде оқуын бастағанымен, аяқтамаған күйі соғысқа араласты.

Қадан Бекенов, соғыс ардагері:

Мичуринскіге алып келді. Ресей жеріне. Сол Мичуринскіге тауарлы станциямен 14 күн сонда тұрдық. Бізге не берді? Бара жатқанда польминский вагон 90 адам. Ортада бір темір пеш бар. Біз 3 қабатты нардта жатамыз. Құрғақ ұн береді. Кезекке  тұрып, ұнды суға езіп, темірге қарып нан қыламыз ғой. Соны жейміз.

Ұрыс даласы кино кадрларындай емес. Атып жатады, атылып жатады. «Алғашқы кезде біз оқтың өзін үнемдедік», деп еске алады Қадан Бекенов.

Қадан Бекенов, соғыс ардагері:

Бізде артық патрон жоқ. Өлшеп 2-3-тен ғана жібереміз. Сосын су құю керек. Көп атса оқпан ысып кетеді де, оқ ұшпайды. Төмен түседі.

Майдангерлер 1943 жылдың 17 қаңтарында Варшаваны жау қолынан азат етеді. Қадан Бекеновке сол жерде снаряд жарықшағы тиіп, ауыр жараланады. Бірақ, 25 күнде емделіп шығып, қайта соғысқа аттанады.

Қазір міне, кеудесі сыңғырлап орден-медальге толған. Көзге түсетіні, соғыстан құр қайтпады деген белгісі осы. Алайда, «денемнің әр тұсында снарядтан қалған қалдықтар әлі бар», дейді. Тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмайды. 

Ұрыс даласында қайтыс болған талай қазақ баласын көрді. Талайының үйіне ұлының ерлікпен қаза тапқанын хабарлап қара қағаз жіберді. 91-ден асты, қай күні, қай жерде соғысқанын ардагер ұмытпақ емес.

Қадан Бекенов, соғыс ардагері:

Мен 6 мемлекетті, Ресей, Молдавия, Украина, Беларусь, Польшаның астанасын азат етуге қатыстым. 25 сәуірде Берлинге кірдік.

Қадан Бекенов 48-ші жылға дейін Берлинде әскери қызметте болды. Елге келіп, үй болып отау құрды. Бір өкініштісі, соғысқа өзінен бұрын аттанған әкесін де, ағасын да көре алмады. Олардан қара қағаз келген екен. Соғыстан кейін 24 жыл Ақмола облысы Астрахань ауданында учаскелік милиция инспекторы болып қызмет атқарған.

Қазір отставкадағы милиция майоры, зейнеткер. Астанада өтетін патриоттық тәрбие сағаттарына белсенді қатысады. Салауатты өмір салтын да насихаттап келеді.

90-нан асса да тың. 7 бала тәрбиелеп өсірді. Немере, шөберелерге кенде емес. Қазиза әжемен 66 жыл өмірін бірге өткізіп келеді. «Күш-қайратымыз әлі қайтқан жоқ, Сондықтан бөлек тұрамыз», дейді ақсақал.

Қадан Бекенов, соғыс ардагері:

Маған нанбайды біреулер. 90-нан астым мен. «Жассың әлі, өтірік», дейді. Мен айтамын:«Кемпірім бар, мені күтеді, тамағымды береді», деп.

Әкімдік ардагерге жаңа үй берген. Пәтері жайлы, коммуналдық төлем, медициналық көмек, дәрі-дәрмек тегін. Отағасының өмірі қазіргі көптеген азаматтарға үлгі. 80-нен асқан жары Қазиза ақсақалға әлі күнге дейін сіз деп сөйлейді.

Бір нақылда айтатын еді, «нағыз еркек үй салып, ұл өсіріп, тал егеді», деп. Сол өлшеммен қарасақ, Қадан Бекенов нағыз азамат, ұрпағының баянды ғұмыры үшін отқа түсті, өмір сыйлады, өзгеге өнеге көрсетті.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу