Мына саф алтындай бағалы кітаптарды бүгінгі буын білмегенмен, алдыңғы буын жата-жастана оқыды. Менің қолымдағы – санаулы-ақ кітап, кітапханаларда қаншасы бар. «Мұндайлар болған», «Алғы шепте», «Өсиет», «Арна». Авторын бірден аңғарған боларсыз. Қалмұқан Исабай.
Соғыста қарумен, бейбіт күнде қаламмен қызмет еткен ардагер-жазушы Қалмұқан Исабай биыл 90 жасқа толады. Қырыққа тарта кітап жазған қаламгер ескі дүниеге қарсы күрескен қарапайым қазақ әйелі Айқыз Көшімбаева, Екібастұз көмірін ашқан халық геологы Қосым Пішенбаев, әділдігімен аты шыққан Шоң би Едігеұлы есімдерін тарихта қалдырды.
1979 жылы Абайдың Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін мәрмәр тасқа қашатып, Германияда өзі комендант болған Ильменау қаласының Гете музейіне қойғызды.
Тіпті, 2000 жылы Берлинге Абай көшесін бергізді. 2010 жылы Италияның Триест қаласында 104 Кеңес жауынгерiне, оның ішінде 36 қазаққа ескерткiш орнатқызды.
Қалмұқан Исабай - Баянауылдың тумасы. «27 академик шыққан киелі өңірде 1925 жылдың тамызында бір жылауық бала дүниеге келіпті, сол мен екенмін» деп әзілдейтіні бар.
Жылауық қара бала бүгінде жұдырықтай қара шал. Бірақ, сол жұдырықтай қара шал қазақ дегенде – қайыспас қара нардай. Ұлттық арна майдангер жазушыны Жеңістің 70 жылдығымен және биылғы мерейтойымен құттықтады.
Қалмұқан Исабай – жаны жібектей есілген, кез-келген нәрсеге балаша қуана білетін ғажап жан. Ол соғысқа мектеп партасынан аттанды. Салмағы небәрі 42 келіге жетер-жетпес қағылез ұлдың майдан даласында буыны бекіп, бұғанасы қатайды. Қол батыры да, сөз батыры да болған ардагер әлі де тың, қуаты қайтпаған. Қолтоқпақтай ғана Қалағаңның құлағы ауыр естігенмен, көз жанарында кінәрат жоқ. Көзілдіріксіз қалам тербейді, кітап оқиды.
Қалмұқан Исабай, жазушы, соғыс ардагері:
Қырық шақты кітап жазыппын. Жаман емес. Ақшасын беріп тұрды. Көмек осы. Ешкімге алақан жайған жоқпын. Еңбегім арқылы жақсы өмір сүрдім.
Халық жазушысының сурет салатын өнерін біреу білсе, біреу білмейді. Ол көзкөрген жазушылардың шарж бейнелерін салып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жиі жариялайтын.
Қан майданда сурет салудың пайдасын көп көріпті. «Сарбаздар қара терге түсіп тактикадан өтіп жатқанда, мен көлеңкеде қабырғаға тарихи картиналар бедерлейтінмін», - деп жымия еске алатыны бар. Айқыз бен Шоң бидің бейнелерін ел аузынан естіген және мұрағат деректеріндегі суреттеулерге сүйеніп кескіндеді.
Қалмұқан Исабай, жазушы, соғыс ардагері:
Менің салған суретім Шәкен Аймановтан аумай қалыпты. «Ойбой. Мен лағып кеттім-ау» деп отырм. Осы суретті алдыма салып қойып, неге басқа біреуге ұқсап кетеді деп. Сұрастырсам, Шәкен Айманов Шоңның алтыншы ұрпағы екен. Содан қуанғаным-ай.
Шарт мінезді ардагердің бабын тауып, бағып-күту оңай шаруа емес. Бұл міндет Құдай қосқан қосағы Зәбира Әлиқызының мойнында. Отасқандарына 58 жыл болған жұп бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Соғыстан кейін Германияның Ильменау қаласында 9 жыл комендант болған Қалмұқан атамыз жұбайына еуропаша талап қояды.
Зәбира Әлиқызы, жары:
Далада жүрсең де, әдемі болып жүр, дейді. Шаруа көп бір күні шашымды жөндемей әрі-бері жүріп қалып едім. Көзіне түсіп қалған болуым керек, «шаш қою үлгің ұнамайды», - деді. Жүгіріп барып жасатып келдім.
Қалмұқан Исабай, жазушы, соғыс ардагері:
Соғыстан кейін соңыма түскен бикештер болды. Осы шалмен біраз жерге жетермін деп. Әдетте, қыздар бәлсінгіш келеді ғой. Бұл кісі сөзімді екі еткен жоқ.
Зәбира Әлиқызы, жары:
Сыйладым ғой сізді.
Ерлі-зайыпты жандардың бір-бірін құрметтеп, алпыс жылға жуық мағыналы ғұмыр кешуі - әркімнің пешенесіне жазыла бермеc cый. Қалағамыз көңілді отырып, біраз сырын ақтарды. Бірде Чехославакия жеріндегі қиян-кескі соғыста жау тылына өтіп бара жатқан көлікті байқайды.
«Жаудікі болса тұтқынға, өзіміздікі болса тірі қалады деп» минометпен атқылап, жолын бөгейді. Кінәлі - кіші лейтенант Исабаев. Сол оқиғадан кейін көлікте болған Кеңес генералы батальон командиріне мынадай бұйрық береді:
Қалмұқан Исабай, жазушы, соғыс ардагері:
«Әй, сен анау ақымағыңды орденге ұсын», деді. Мені айтып отыр. Қалайда ол генералды пленнен құтқарып қалды ғой. Біз тура қалаға кіріп бара жатыр едік. Сол жерде атты. Аман қалдық.
Қалмұқан Исабай - майданға қатардағы жауынгер болып кіріп, офицер дәрежесіне жеткен қазақ. Елге оралған соң қаруды қаламға айырбастап, қара сөздің сардары атанды.
Ол қасиетті Баянауыл жерінің тумасы. «27 академик шыққан киелі өңірде 1925 жылдың тамызында бір жылауық бала дүниеге келіпті. Сол мен екенмін», - деп қалжыңдайтыны бар ара-тұра.
Қалмұқан Исабай, жазушы, соғыс ардагері:
Мен түннен қорқамын. Түн кәдімгі. Неше түрлі пәлекет адамға осы түнде жабысады. Ештеңеден қорықпаймын деп батыр болу ол өтірік. Адам болғаннан кейін ол қорқады. Әсіресе, түннен қорқады. Орыстың бір ғалымы өлімнің есебін шығарыпты. Сондай фактіні оқығаннан кейін мен тіпті ойламайтын болдым. Солардың бірі сияқты мен де өлермін. Осы-ақ.
Ұлттың сөзұстары, қабырғалы қаламгер, соғыс ардагері Қалмұқан Исабай бүгінде 90 жаста. Соңғы жазған кітабын «Өсиет» деп атады. «Азаттық үшін күрес - бізге тиген үлес. Ендігі ұрпақ осы азаттықты қорғау жолында күрессін», - дейді. Ардагердің бар мұраты осы.
Қалмұқан Исабай, жазушы, соғыс ардагері:
Оңай тиген жоқ азаттық. Соғыс болды. Осының бәрі айналып келгенде азаттық үшін күрес. 90-ға келіппін ғой. Мен сендерге айтар едім, халқыңды сақта, атақ-даңқыңды қорға, осы ұрпақтан ұрпаққа сәлем!
Дәурен ДАРИЯБЕК