Облыс әкімдері есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Облыс әкімдері есеп берді

22.02.2015
Облыс әкімдері есеп берді

Әкімнің де әкімі бар. Шаруаға ширақ, сөзіне берік, ісіне мығым басшылар бізде жетерлік. Олардың рейтингіне қарамай-ақ, беделді әкімдердің бес-алтауын санамалап шығуға болады.

Керісінше, ер-тоқымы мойнына кетіп жүретін, белбеуі бос шенеуніктер де жоқ емес. Қамшысүйер шабан аттай ілініп-салынып жүретіндері бар. Сылбырлаулары Елбасының сынынан соң қазір жинақыланып, озаттардың қатарынан көрінуге тырысқан оқушылардай талпынып жүр.

Осы аптада сол әкімдер өз облыстарында жұртшылық алдында тұтас есеп беріп шықты. Бұрынғыдай емес, өз өңірінің әкімімен кездесуді күтетін ел қарасы да көп, сұрақтар да сан алуан. Тұрғындарды өзі тұратын көшеден бастап, жаһандық дағдарыс жағдайы да қызықтырады, дейді.

Алдымен, еліміздің бас қаласы, Астанадан бастайық. Әділбек Жақсыбеков әкім болғалы Елорда жұртына алғаш рет есеп берді. Әкімнің айтуынша, бас қала 7 бағыт бойынша дамиды.

Әуелі, әлеумет үшін 2015 жылы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша мың жарымға жуық баспана берілмек. Ал, жаңадан салынған тұрғын үйлердің паркингі болмаса, басшылық қабылдамайды.

Әдетте, көпқабатты үйлердің айналасында ине шаншар жер болмайды. «Жедел жәрдем» көліктері де осының кесірінен аулаға кіріп шыға алмайды, сондықтан, құрылыс компанияларына паркинг салу міндеттелген.

Алдағы уақытта Астанадағы екі жылу электр орталығы модернизацияланады. Сондай-ақ, қаладағы жолаушылар көлігі де түгел жаңартылмақ.

Ірі мегаполис Алматының да әкімі халықпен кездесті. Алып қалада биыл тағы да 21  базар сүріліп, орнына заманауи сауда кешендері салынады. Метро құрылысы жеделдетіліп, қосымша 3 айналма жол іске қосылмақ.

Халық арасында метроның жұмысы тоқтайды деген қауесет бар. Бірақ, әкім жерасты жолының әлі де жалғаса беретінін, оған бюджеттен 8 миллирад теңге қарастырылып отырғанын айтты.

Ал, Алматы облысының әкімі Амандық Батталов  «Нұрлы жол – болашаққа бастар» жол атты Елбасы Жолдауының басым бағыттары Алматы облысымен тығыз байланысты, деді халықпен кездесуінде.

Қорғас шығыс қақпасындағы «құрғақ порт», Алматы-Өскемен тас жолы, Семей-Өскемен-Ақтоғай-Талдықорған жоғары вольтты электр желілері сынды жобалар өңірдің өркендеуі үшін жасалып жатқан игі бастамалар. Талдықорғанға газ магистралі тартылуда. Өңірдегі өзекті апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін табады.

Әрбір алтыншы атыраулық кәсіпкерлікпен айналасып отыр. Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің саны  жүз мыңға жетті. Өндіріс орындарының көптеп ашылуына байланысты өткен жылы 17 мың адам жұмыспен қамтылды. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да түзелген. 

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов халық алдында өңірде 2014 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап есеп берді. Соңғы бір жылда өңірде  өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 триллион 896 миллиард теңгені құрады.

Өткен жылы жалпы құны 10,8 миллиард теңгеге болатын 13 инвестициялық жоба іске қосылды. Облыс әкімі ағымдағы жылы да өңірдің даму қарқыны төмендемейтінін жеткізді.

Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы өңiрлiк өнiм 200 миллиард теңгеге артып, жылдың қорытындысымен 2 триллион теңгеден асқан. Бұл туралы  атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген облыс әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді. 

Соңғы бір жылда облыс кәсіпорындарында 649 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Индустрияландыру картасы бағытында  223 жоба қолға алынып, 33 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл көрсеткіш  облысты республикада бірінші орынға шығарды.

Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Шымкенттегі бес индустриалдық аймақ пен Еркін экономикалық аймақта 140-қа жуық жоба іске қосылып, 22 мың жұмыс орны ашылатын болады. Сонда кезінде фосфор, қорғасын, шина зауыттарында болған 20 мың жұмыс орындарынан асқалы отыр.

Ал, Қостанай халқын әлемдік нарықтағы қазба өнімдеріне сұраныстың азаюуы алаңдатады. Бұл аймақтағы өндірістің дамуына кері әсер тигізбей қоймайды. Былтыр аймақта тау-кен өндірісі 7 пайызға төмендеген.

Есесіне өңдеу саласында ілгерілеушілік бар. Оның өсімі 9 пайыздан асады. Мемлекеттің қолдауының арқасында аграрлық сала да өркендеп келеді. 2014 жылы осы бағытқа тек субсидия түрінде 16 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Бұл қаржы негізінен алқаптарды әртараптандырып, мал тұқымын асылдандыруға және техника паркін жаңартауға жұмсалды.

Нұрәлі Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі:

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы шараламен толықтыра отырып, әр саланы мемлекеттік қолдау жалғасатынын айтты. Бұл отандық машина жасау, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, ішкі нарықты қорғау және басқалары. 

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те халық алдында есеп берді.   Өңірдегі өндірілген жалпы ішкі өнім  2 триллион 72 миллиард теңгеге жетсе, өнеркәсіптік өнім  көлемі бір жарым триллионнан асқан.

«Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолының іске қосылуы шалғайда жатқан мысты өңірдің өркендеуіне жол ашты. Сонымен қатар, өткен жылы аймақта индустрияландыру картасы бойынша құны 44 миллиард теңге болатын 10 жоба жүзеге асты.

Өткен жылы Ақмола облысындағы аймақтық өнімнің жалпы өсімі 105, 5 пайызды құрап, бірінші рет бір триллион теңгеден асты. Бұл туралы халық алдында есеп берген облыс әкімі Сергей Кулагин мәлімдеді.

Үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде он жоба іске асып, 700-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. Биыл 121 миллиард теңгенің 25 жобасын аяқтау жоспарлануда.

Өткен жылы облыста 268 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Осы жылы ол көрсеткіш алты пайызға артпақ. Ал, Астана нарығын азық-түлікпен қамтамасыз ету міндетін Ақмола облысы жоспарлы түрде орындап келеді.

Сергей Кулагин, Ақмола облысының әкімі:

Экономикаға 181 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Оның жетпіс пайызы өзіміздің капитал есебінен, шетелдік инвестиция тоғыз миллиардты құрады.

Бұл экономикалық өсімге жол ашты. Сәйкесінше, әлеуметтік салаға да оң әсер етті. Өткен жылы облыс бойынша 11 мың адам жұмыспен қамтылды. Орташа жалақы жеті пайызға өсті.

Біз тізіп шыққан өңірлердегі көрсеткіштер осындай.  Бір байқағанымыз қай жерде болмасын халық белсенді, әкімдер жұмысқа кіріскен. Бір сөзбен айтқанда, өткен жылға өкпе жоқ, келер жылға жұмыс та, міндет те, жоспар да көп.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу