Сан-түрлі салада қызмет еткенімен, олардың Отаны – ортақ, мүддесі – бір - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сан-түрлі салада қызмет еткенімен, олардың Отаны – ортақ, мүддесі – бір

22.02.2015
Сан-түрлі салада қызмет еткенімен, олардың Отаны – ортақ, мүддесі – бір

Президент сайлауын өткізу туралы бастамаға орай, «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы сауалнама жүргізіпті. Сарапшылардың 97 пайызы сайлау - елдің бірлігі мен ынтымағына жаңа серпін береді деген ойда. Мынадай жаһандық дағдарыс жағдайында бұл сайлау - елдің саяси стратегиялары мен мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімді күшейтпек.

Ал, «Ассамблеяның бастамасын тұрғындар бірауыздан қолдайды», деген сарапшылар қатары 98 пайыз. Сұралғандардың 96 пайызы сайлауды «дер кезінде қолға алынған саяси қадам», деп пікір айтқан. Сондай-ақ, сарапшылар сайлау өткізудің басты себептерін де тізбектепті.

92 пайыз респондент сайлау өткізуге әлемдегі тұрақсыздық себеп десе, 91 пайызы ұзақмерзімді ұлттық мүддені алға тартқан. Сарапшылардың 94 пайызы «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы мен «Қазақстан 2050» стратегиясының жүзеге асуы үшін қорды мобилизациялау қажет дейді.

97 пайыз қатысушылар әлемдік дағдарыстан жасалған қадам, десе, 95 пайыз респондент «Парламент пен Президент сайлауын бір уақытта өткізу тиімсіз» екенін айтқан. 96 пайызы болса, сайлау арқылы қоғамды жаңа саяси стратегияларға жұмылдыра аламыз, деген пікірде.

Сарапшылар сайлаудан кейін әлемдік дағдарыстың Қазақстанға әсері бәсеңдейді деп үміттенеді. Сондай-ақ, Қазақстан имиджі әлемде сенімді серіктес ретінде қалыптаспақ. Әлеуметтік міндеттер орындалып, ел бірлігі сақталады. «Қазақстан-2050» стратегиясы бойынша алға қойылған мақсаттар жүзеге асады.

Өз елінің болашағына үлкен қызметтегі шенеуніктен бастап, қарапайым жұмысшыға дейін бей-жай қарамайтыны анық. Себебі, сан-түрлі салада қызмет еткенімен, олардың Отаны – ортақ, мүддесі – бір. Сондықтан болар,  түрлі мамандық иелері Президент сайлауын биыл өткізуге ықыласты болып отыр. 

Әлеуеті мығым елдің экономикасы мықты. Ал, ел экономикасын көтеріп отырған алып кәсіпорын қызметкерлері Ассамблея бастамасын құптап отыр. 

Семейдегі Цемент зауыты еліміздегі құрылыс қоспаларын шығаратын ең ірі өндіріс. Қазір мұнда 1250 адам жұмыс істейді. Президент сайлауын өткізу туралы Ассамблея бастамасын кәсіпорын ұжымы бірауыздан қолдайды.

Талғат Пенденов, цех басшысы:

Қазіргі заманда біздің елімізде бәрі тыныш. Зауытта жұмысымыз бар, жалақымыз жылдың басынан 10 пайызға өсіп, уақытында төлеп отыр. Дағдарыс біздің елімізге әлі келген жоқ. Сондықтан, Президент сайлауын өткізу осы уақытта біз үшін қажет, әрі тиімді.

Сайлау өткізу туралы бастаманы Шығыс Қазақстандағы металлургтер де қолдап отыр.  «Қазмырыш» зауытындағы жұмысшылардың пікірінше, бұл орынды,  әрі дер кезінде жасалған ұсыныс.

Сергей Серов, жұмысшы:

Қазір әлемнің көптеген елінде экономикалық құлдыраулар байқалуда, ал мұндайда біздің мемлекетке тұрақтылық керек. Біз осының алдында, яғни 2007-2009 жылдардағы жағдайдан қалай өттік, бүгін-ертең де солай еңсереміз, деп сенемін. Біз, Қазақстанның азаматы ретінде бүгінгідей тұрақтылықтың ертең де болуын қалаймыз.

Сайлау – ел дамуының қарқынын еселейді. 2000 жылдары Арал теңізінен жылына небәрі 500 тонна су маржаны сүзілсе,  қазір 8 мың тонна балық ауланып жатыр. Бұл әрине, теңіз тіршілігін қайта жандандыру тұрғысындағы үлкен еңбектің нәтижесі.  Егер «САРАТС» жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылса, өнімділік тағы 4 есеге артады.  Сондықтан да,  балықшылар Президент сайлауының биыл өткендігін қалайды.

Әділбек Әйімбетов, балық шаруашылығын дамыту консорциумының төрағасы:

Әр Президент өзінің бағдарламасында осы алдағы 5-6 жылдың жұмысын айтады. Осы халықты алға тарту мақсатында Президентті ертерек сайлап, өзінің жұмысын айтып, мына халықпен бірігіп жұмыс жасаса.

Бұл бастаманы  «Родина» агрофирмасының ұжымы қолдайды. Шаруашылық жетекшісі Иван Сауэр бұл ұсынысты ел жұртшылығы ықыласпен қабыл алатынына сенімді. Бұл бастама уақыт талабына сай келіп тұр,-дейді Иван Сауэр.  

Иван Сауэр, «Родина» ЖШС директоры:

Меніңше, бұл өте орынды ұсыныс. Себебі, біздің ел алдына өте үлкен міндеттер қойған. «Қазақстан - 2050 стратегиясы», «Нұрлы жол» бағдарламарының маңызы өте зор.

Әлемді әлсіреткен бүгінгідей ауыр күндерде осы межеленген мақсаттарды жүзеге асыру үшін біздің саясаттан гөрі экономикамен шұғылданғанымыз жөн.

Қарағандыда 8 көмір шахтасы бар. Онда еңбек ететін 16 мыңнан астам кенші Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты бір ауыздан қолдап отыр.  Қазыналы өлкедегі көмірдің басым бөлігі «Костенко» шахтасында өндіріледі. Осы бір ғана кеніштен жылына 1,5 миллион тоннаға жуық қара алтын шығарылады.

Мейрам Бейсенов,  шахтер:

Шахтерлер көмір өндіріп, Қазақстанның экономикасына үлкен үлес қосып жатыр. Ұйымшылдық бар елімізде. Ұйымшылдық болған жерде ырыс-береке де болады. Осы жағдайды ұстап қалу үшін Президент сайлауының болуына біздер тегіс қосыламыз.

Ассамблеяның бастамасын Ақтөбе облысындағы «Дөң» кен байыту комбинатының шахтерлары да бірауыздан қолдайды. Комбинатта жылына 2 жарым миллион тонна хром өндіріледі. Кеншілердің айтуынша, Президент сайлауын биыл өткізу – елді әлемдік дағдарыстың салқынынан алып шығады.

Нағашыбай Өмірзақов, кен байыту фабрикасының шебері:

Біз ҚХА қарастырылған сайлау мәселесін қолдаймыз. Өйткені, қазіргі таңда біздің экономикамыз, жағдайымыз, тиімділігіміз жоспарымыз және де ел тыныштығы өте жоғары деңгейде.

Қазіргі таңда жаңа экономиканы іске қосып, жұмыс орындарын енгізу және алға қойған мақсатымыз - әрқашанда еліміз, жеріміз тыныш болсын.

Елімізге қажетті энергияның 40 пайыздан астамын Екібастұздағы станциялар беріп отыр. Ал, ондағы энергетиктер қуат өндіретін саланың өркендей беруіне мүдделі. Себебі, өндірісте ондаған мың адам еңбек тауып, елдің дамуына үлес қосуда. Мұндағы мамандар да игі бастамаға оң ниетте.

Қайрат Дәулетов, «Екібастұз ГРЭС-2» станциясының маманы:

Жағдайымыз жақсы. Еңбегіміз уақытында беріледі. Балаларымызды оқытып жатырмыз. Бірақ басқа елдерде соғыс, қиыншылық болып жатқанда біздің еліміз жақсы. Осы тыныш заманда мына еліміздегі Президент сайлауы осы биыл өтуін мына энергетиктер барлығы бірауыздан қолдаймыз. 

Президент сайлауын биыл өткізуге халықтың басым көпшілігі ынталы. Олар әртүрлі, олардың қызметтері де, мамандықтары да бір-біріне ұқсамайды. Олар ел мойындаған ғалым, не жұртты мойындатқан жұлдыз емес.

Бірақ, олар өз саласының мықты мамандары. Біз біле бермегенмен, осы қарапайым жұмысшы жандар көпшіліктің жайлы тұрмысы үшін қызмет қылып жүр. Бастысы, олар – елдің ертеңі тыныш болу үшін, бүгін бірігіп күш болу керектігін біледі.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу