Осы аптада Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесін Ақордаға жиды. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іркіліссіз іске асыру, Қарулы Күштердің қарым-қауқарын күшейту – негізгі талқыланған мәселелер.
Қазір діни-экстремистік, террористік, жаһандық және өңірлік жағдайлардан туындаған экономикалық сипаттағы қатерлер барын ешкім жасырып-жаба алмайды.
Сондықтан, мемлекет лаңкестікке қарсы қолда бар инфрақұрылымды, терроризм мен экстремизмге қарсы құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіре бермек.
Ел азаматтарының экстремистік идеологиямен уланбасы үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. «Қабылданатын құқықтық және алдын алу шаралары радикалды идеяны ұстанатындардың санын қысқартуға мүмкіндік береді» деді Президент.
Ол сондай-ақ, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар өз еліміздегі және біздің негізгі сауда серіктестеріміздің нарықтарындағы экономикалық ахуалды үнемі талдап отыруды, қажет болса шара қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік және еңбек қақтығыстарына әкелетін себептерді жоюға мұқият назар аудару қажеттігін айтты. Кеңес соңында Президент Үкіметке осы бағытта нақты тапсырма берді. Олардың орындалуын Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығы бақылайды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жағдай оңай емес. Қазақстанның экономикасына ықпал ететін мәселелер біздің төңірегімізде бар, Ресей мен Батыстың арасындағы келіспеушілік, экстремистік, террористік мәселелер тағы бар.