Президент сайлауы 26 сәуірде өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сайлауы 26 сәуірде өтеді

01.03.2015
Президент сайлауы 26 сәуірде өтеді

Сәуір болмай, тәуір болмайын деп тұр. 8 аптадан соң, 26 сәуірде елімізде Президент сайлауы өтетін болды. Қоғамда ақпанның 14-нен бері қызу талқыға түскен «сайлау өткізу» мәселесіне қатысты осы сәрсенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы байламын айтты.

Парламент Сенаты мен Мәжілісі басшылығымен, Премьер-Министрмен және Конституциялық Кеңес Төрағасымен ақылдасқан Президент қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдайлар мен жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде халықтың алаңдаушылығын сейілтіп, ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайту үшін сайлау өткізу туралы шешім қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы лауазымындағы конституциялық өкілеттілігінің мерзімі келер жылы аяқталады. Осыған байланысты біздің қоғамда екі ұсыныс айтылды.

Біріншісі – ел Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу. Екіншісі – Мемлекет басшысының өкілеттілігін ұзарту туралы референдум өткізу. Алайда Елбасы ұйғара келе, «көңілге қонымдысы, Конституция талаптарына жауап беретіні сайлау өткізу», деп шешкен.  Сайлауға қатысатынын, я қатыспайтынын Нұрсұлтан Назарбаев кейінірек айтатын болды.

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасына қатысты Парламенттің ұстанымы қандай? Бұл бастаманы еңбек ұжымдары мен қоғамдық  бірлестіктер, зиялы қауым өкілдері, аға буын, жастар да қолдап – қызу талқылап жатыр. 

Сондықтан, осы аптада Елбасы Парламент Сенатының төрағасы  Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыповпен   консультация өткізді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бастаманы Парламент палаталары да қарап, қолдау білдірді және маған тиісінше Үндеу жолдады. Парламент Сенатының сұрауы бойынша Конституциялық Кеңес осы мәселе жөнінде нормативтік Қаулы қабылдады.

Сенат спикері Президент сайлауын өткізу – Конституция ережелеріне сай келеді, деді. Жаһанды  тұрақсыздық жайлаған кезде – елге Мемлекет басшысының беделі қажет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Конституциялық Кеңес тиісті шешім қабылдады. Егер біз президент сайлауын өткізсек, Конституциямызға сәйкес келеді.

Мәжіліс төрағасы да,  депутаттардың, Қазақстан қоғамының түрлі топтары елдің жетістіктері  мен әлемдегі ахуалды ескере келіп, сайлау өткізуді қолдап отырғанын айтты. 

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 

Қазіргі таңда Қазақстан қандай жетістікке жетті, айналамызда не болып жатыр, солардың бәрін ойлап отырмыз. Бізге алдымен керегі – тыныштық.

Осы күні Мемлекет басшысы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен де  консультация өткізді.  Үкімет басшысы да Президент сайлауын өткізу –Қазақстанның  тұрақты дамуы үшін қажет, дер кезінде көтерілген бастама деп  отыр.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халық мемлекет жүзеге асырып жатқан бағдарламалар жалғастырылып, өз мәресіне жеткізіледі, ал олардың нәтижелері жұрттың өмірін жақсартуға мүмкіндік береді деп күтіп отыр. Бұл мәселе инвесторлар үшін сенімділік беріп, жаңа перспективаларға жол ашатындықтан маңызды мәнге ие.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-Министрі:

Үкімет сайлау өткізу үшін заңдық тұрғыдан кедергі көріп тұрған жоқ. Іс жүзіндегі қисындылық жөнінен, Сіздің «Нұрлы жол» Жолдауыңыз дер кезінде жасалып, ел ішінде және сыртында жоғары бағаланды.

Сондай-ақ, Сіз «Қазақстан-2050» Стратегиясында ұзақмерзімді іс-қимыл жоспарын ұсындыңыз. Осыған байланысты сайлау өткізу мәселесі дер кезінде көтерілді, өйткені, ол аталған шаралардың бәрін жүзеге асыру үшін қосымша мандат береді. Жалпы алғанда, сайлау Қазақстанның тұрақты дамуы үшін қажетті сенімді еселей түседі.

Елбасы Конституциялық Кеңес төрағасымен де кездесті. Игорь Рогов Негізгі Заңның  41-бабының   3,1-тармағына сәйкес, кезектен  тыс президенттік сайлауды белгілеу тек Қазақстан Президентінің құзыретіне жататынын айтты.

Бұл Конституциялық құзырет ешқандай шартқа және шектеуге байлаулы емес, Мемлекет басшысы оны дербес жүзеге асырады. Конституциялық Кеңес төрағасы кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге қандайда бір конституциялық құқықтық кедергінің жоқ екенін айтты. 

Елбасына хат жолдаған азаматтар  көп. Кәсіпорындардың еңбек ұжымдарынан,  ардагерлерден, студенттерден, жасы және кәсібі әртүрлі адамдардан  жеделхаттар келіп түсті.  Көпті  үш  мәселе алаңдатады.

Ел тұрғындары  Президентке жіберген  үндеулерде ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдар елге кесірін тигізбесе екен деген  алаңдаушылық  жатыр.  Екіншіден,  жаһанда дағдарыс белең ала түскен кезде ертеңгі күнге деген сенімділік керек.

Үшіншіден, геосаяси қарама-қайшылықтар ушыға түскен жағдайда көпті Ұлттық қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрбір хат иесінің бүгінгі Қазақстанды мақтан етіп, марқаятынын көремін. Біз өресі биік, рухы берік, отаншыл елміз. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан қасиетті жер жоқ, бір түп жусанынан жұпар иіс жоқ.

Елдің бірлігін нығайтып, Отанымызды көркейтуге бағытталған кез келген ұсыныс мен үшін құнды. Қоғамда талқыланып жатқан кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жайын мен осы тұрғыдан сараладым.

Осы аптада Елбасы Қазақстан халқына Үндеу жариялады. Кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге  қатысты өз байлауын  жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Президент және Парламент сайлауларын өткізудің күнтізбелік мерзімі 2016 жылға дөп келіп, іс жүзінде қосақталып тұр. Конституция бұған жол бермейді. Менің Мемлекет басшысы лауазымындағы конституциялық өкілеттілігімнің мерзімі 2016 жылы аяқталады.

Осыған байланысты екі ұсыныс айтылуда. Бірінші – ел Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу. Екінші – Мемлекет басшысының өкілеттілігін ұзарту туралы референдум өткізу.

Екі ұсынысты да жүзеге асыруға болады. Көңілге қонымдысы, Конституция талаптарына жауап беретіні – сайлау өткізу.

Сайлау сәуір айында өтеді. Елбасы бұл шараның маңызды конституциялық әрі  патриоттық акт екенін айтты. Сайлауды Заң аясында, ашық, жариялы, отандық және халықаралық байқаушыларды кеңінен қатыстыра отырып өткізу қажет, деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықтың мүддесіне орай, оның өтінішін, жалпыға ортақ ерік-жігерін есепке ала отырып, Негізгі Заңды бұлжытпай сақтау үшін мен Конституцияның 41-бабының 3.1 тармағына сәйкес шешім қабылдап, 2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс Президент сайлауын белгілеу туралы Жарлыққа қол қойдым.

Қазақстан үшін сайлау қашанда қоғамдағы бірлік пен келісімнің жоғары тетігі болды. Қазір де және әрқашанда солай болатынына сенімдімін.

Ал, Мемлекет басшысы сайлауға қатысу туралы шешімді кейінірек, еліміздің Конституциясы мен Заңдарына сәйкес  қабылдайтын болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен сайлауға қатысты «иә» мен «жоқты» мұқият ой таразысына салдым. Сөйтіп, «кезектен тыс Президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін.

Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, бел шеше қатысуға шақырамын.  

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу